«Елордада №2 Көпсалалы қалалық балалар ауруханасының базасында кохлеарлық имплантация бойынша бірегей ота жасалды. Құны 6,6 млн.теңге болатын бұл ота МӘМС жүйесінде жасалды, жоғары технологиялық медициналық қызметтерге жатады», – деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.
Кохлеарлық имплантация (егер есту қабілетін басқа әдістермен қалпына келтіру мүмкін болмаса) әсіресе балалар үшін өте маңызды, өйткені ол балаларға анасының және айналасындағы әлемнің дауысын естуге ғана емес, сонымен қатар сөйлеуді үйренуге мүмкіндік береді.
Балаларға мұндай отаны жасау жолдары қандай? Бұл МӘМС арқылы жүзеге асырылады. Бірінші кезекте, бала алдымен диагностикадан өтеді – аудиологиялық скрининг. Көптеген перзентханаларда бұл тексеру туғаннан бастап жасалады. Бұл қарапайым құрылғылар, олардың көмегімен ауруханадан шығар алдында сәбидің есту қабілетіне бастапқы сынақ жүргізіледі. Сондай-ақ, балаларға арналған аудиологиялық скрининг қазір көптеген емханаларда жүргізіледі және ол белгілі бір уақыт аралығында қайталанады.
Егер анасы баласының дыбыстарға жауап бермейтінін байқаса және аудиологиялық скрининг осы проблемаларды нақтыласа, онда мұндай балаға кохлеарлық имплантация орнатылуы керек.
Бұл балаларға тіпті алты айлығынан бастап есту аппараттарын кию ұсынылады. Өйткені, көп жағдайда есту аппараттары тиісті нәтиже береді. Нәтиже байқалса, онда бала әлі де сурдолог бақылауында болады және педагог айналысады. Егер анасы, педагог пен сурдолог жұмысынан нәтиже жоғына көзі жетсе, онда имплантация туралы мәселе көтеріледі.
«Ұлымның сырқатымен 4 жыл бойы күресіп келемін. Ұлыма 1 жас 8 ай кезінде суық тиіп, ЖРВИ-дан кейін «есту қабілетінің 4-дәрежелі төмендеуі» диагнозы қойылды. Бертін келе пайда болған сырқат туралы ғаламтордан ақпараттар қараймын, сұрастырамын, басқа елдегі аналармен сөйлесемін. Баласының сырқаты туралы айтпайтын, жасыратын аналар бар. Олар қателеседі. Мәселені бөлісу керек, айту керек. Бізге енді сіздерге кеш деді, бірақ мен қол қусырып отырмадым.
Балалар ауруханасына портал арқылы келдік. Арман Әбілевпен кездескенімде, ол баланың талдауларын қарады, ең бастысы – мидың самай бөлігінің компьютерлік томографиясының қорытындысы екенін айтты. Ол үшін Егордың құлақ іші иірімінің ауытқусыз екеніне көз жеткізу де маңызды болды», – дейді баланың анасы Е.Шлей.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№2 Көпсалалы қалалық балалар ауруханасы» ШЖҚ-ындағы МКК оториноларингология бөлімінің меңгерушісі Арман Әбілевтің жетекшілігімен дәрігерлер бригадасы аймақтан келген 6 жасар балаға МӘМС жүйесінде бірегей ота жасады.
Айта кету керек, аурухананың оториноларингология бөлімі Нұр-Сұлтан қаласының балаларына тәулік бойы жоспарлы және шұғыл көмек көрсетеді және жақын маңдағы аудандарда тұратын балаларға шұғыл көмек көрсетеді. Бөлім медициналық аппараттармен және медициналық құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған. Ауруханада ЛОР аурулары кезіндегі шұғыл және жоспарлы оталардың негізгі түрлері, соның ішінде мұрынмаңы қуыстарына аз инвазивті оталар (FESS хирургиясы), кеңсіріктің қисаюын эндоскопиялық хирургиялық жолмен түзету, кеңсірік ісігін (полип), мұрын өзегінің жылауығы (киста) мен тамақ-көмей ісігін (аденоид) алу, тонзиллэктомия, есту қабілетін жақсарту оталары: барлық түрдегі тимпанопластика, ортаңғы құлақтың холестатомасына радикалды антромастоидэктомия, сондай-ақ кохлеарлық имплантация сияқты жоғары технологиялық медициналық қызметтер жасалады.
«Жалпы, кохлеарлық имплантацияның өзі – айтарлықтай ауқымды процедура. Біз мұндай оталарды бір жастан асқан балаларға жасаймыз. Мысалы, шетелде кохлеарлы имплант жасататындардың негізгі бөлігін кәрілік салдарынан есту қабілетінен айырылған егде жастағы науқастар құрайды. Бірақ Қазақстанда кохлеарлық имплантацияның негізгі контингенті – балалар. Ересектерге өте аз квота беріледі. Ең бастысы, балаға жас кезінде ота жасау. Неге? Себебі, бала дыбыс арқылы ақпараттарды неғұрлым ертерек қабылдаса, соғұрлым жақсы. Шетелде, кейбір клиникаларда мұндай отаны сәбилерге алты айынан бастап жасайды. Ал, біз бала жастан асқаннан кейін жасауға тырысамыз. Өйткені, дәл осы кезде бас сүйегі қалыптасады. Туған кезде бас сүйегі «қозғалып» тұратындықтан, бас тігістері әлі кірікпеген болады. Ал имплант бас сүйегіне салынады. Бас сүйегінде кішкене кереует секілді орын ашып, сол жерге имплант салынады. Ал бас сүйегінің тігістері әлі қосылмаған-қабыспаған кезде, бұл процесте қиындықтар болуы мүмкін. Сондықтан мұндай оталарды бір жастан екі жасқа дейін жасауға тырысамыз. Бұл кезең өте маңызды, осы уақытта балада сөйлеу процесі басталады. Біз аналарға мұндай отаны балаға бір жастан екі жасқа дейін жасаған жөн екенін айтамыз», – деп түсіндірді «№2 Көпсалалы қалалық балалар ауруханасының отоларингология бөлімінің меңгерушісі Арман Амангелдіұлы Әбілев.
Тиісті оңалтудан дұрыс өтіп, балада қосымша неврологиялық проблемалар болмаса, пациентпен үйде және мектепте мамандар жүйелі түрде жұмыс жүргізсе, әдетте, балалар даму жағынан есту қабілеті қалыпты қатарластарын қуып жетеді. Егер бала саңырау болса, бірақ басқа жағынан бәрі сау болса, балаға ертерек имплантация орнатылса, мектепте ол құрдастарынан қалыспайды. Бірақ мұндай баладан мүгедектік алынбайды.
«Операцияның өзі ғана маңызды емес, операциядан кейінгі оңалту маңыздырақ. Біздің ауруханада ота да, оңалту да жасаймыз. Сондай-ақ, елордада оңалту шаралары «UMC» корпоративтік қорына жататын Республикалық балаларды оңалту ғылыми орталығында да жүргізіледі. Бұл енді пациенттің қалауына қарай таңдалады. Ал ота елордада №2 Көпсалалы қалалық балалар ауруханасында, сондай-ақ, Ана мен бала орталығында жасалады», – дейді №2 қалалық көпсалалы балалар ауруханасының отоларингология бөлімінің меңгерушісі Арман Амангелдіұлы Әбілев.
Кохлеарлық имплант дыбысты 100% қабылдайды, өңдейді және миға сигнал жібереді. Кохлеарлық импланттың әмбебаптығы осында. Бірде-бір заманауи жоғары арналы құрылғы көмектеспей, мүлдем естімеген жағдайдың өзінде, бірақ имплант көмектесетін кезде, дыбысты естуге имплант көмектеседі.
«Мен өте ризамын! Ұлым дыбыстарды еститін болады! Бізге жаңа әлем сыйлады! Балам ер жеткенде, менің осы ізденген еңбегіме рахметін айтатын болады. Алтын қолды дәрігерлерге алғысым шексіз», – деп ризашылығын білдірді бақытты ана.
Имплант, шын мәнінде, өмір бойына сіңіседі, оның зауыттық кепілдігі 10 жыл. Сыртқы бөлігі – сөйлеу процессоры, әр бес жыл сайын ауыстырылады. Қазақстанда имплант ауыстырудың мұндай жүйесі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы жүргізіледі (ЕХӘҚМ). ЕХӘҚМ балаларға арналған мұндай процессорларды бес жыл сайын сатып алады. Егер бала болашақта қандай да бір ауыр жарақат алмаса, апатқа ұшырамаса, ағзаға сіңіскен имплант өмір бойы жұмыс істейді, оған басқадай электр қуатының қажеті жоқ, жүйе ол баланың құлағына орнатылған сөйлеу процессоры арқылы жұмыс істейді. Өз кезегінде ол аккумулятормен зарядталады.