Жаңалықтар

Қазақстан гендерлік теңдіктің жаһандық рейтингінде 65-орынға ие болды

Теңдіктің жиынтық көрсеткіші бойынша ТОП-5 елге Исландия, Финляндия, Норвегия, Жаңа Зеландия және Швеция кіреді

Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жаһандық гендерлік алшақтық 2022» баяндамасының деректері бойынша Қазақстан гендерлік теңсіздік бойынша өз көрсеткіштерін жақсартты және жаһандық рейтингте 80-орыннан 65-орынға дейін көтерілді. Бұл туралы ҚР Еңбекмин баспасөз қызметі хабарлады.

Гендерлік теңсіздікті төмендетудің қазіргі қарқынында бүкіл әлем толық тепе-теңдікке жету үшін 132 жыл қажет болады. Теңдіктің жиынтық көрсеткіші бойынша ТОП-5 елге Исландия, Финляндия, Норвегия, Жаңа Зеландия және Швеция кіреді.

Қазақстан гендерлік теңсіздіктің жаһандық индексі бойынша «көршілес» және рейтингте Италия, Израиль, Грузия және Сингапур сияқты елдерден сәл төмен, бірақ бұл ретте Словакия, Моңғолия, Чехия, Польша немесе Армениядан алда тұр. Орталық Азия елдерінде Қазақстан 4 орында.

«Сарапшылар қарастырылып отырған критерийлер аясында Қазақстанның ең үлкен жетістігі әйелдер мен ерлер үшін мектептегі және кәсіптік білімге қолжетімділік бойынша толық теңдік болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ, денсаулық сақтау және өмір сүру критерийі бойынша жоғары бағалар алынды, онда салауатты өмірдің орташа ұзақтығы және туу кезіндегі жыныстық теңдік ескеріледі. Осы көрсеткіштер бойынша бізді тиісінше 27 және 44 орынға орналастырды», – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Басқарушы директоры Александра Молчановская.

Еңбек нарығындағы мүмкіндіктерге қатысты Қазақстан бір жұмыс үшін жалақының теңдігі өлшемі бойынша 46-шы орынды, жұмыс күшіне қатысу деңгейі бойынша 51-ші орынды және біліктілігі жоғары және орта білікті қызметкерлер арасында әйелдердің тең өкілдігі бойынша 1-ші орынды алады.

«Саяси құқықтар мен мүмкіндіктерге тең қол жеткізу өлшемі бойынша еліміз 146 елдің ішінде 103-орында екенін атап өткен жөн. Мұндай төмен көрсеткіштер Орталық Азияның барлық елдеріне тән. Бұл әйелдерді жоғары саяси өкілетті және атқарушы органдарға көбірек тарту қажеттігін білдіреді», – деп атап өтті Александра Молчановская.

Сонымен қатар, қолданыстағы электронды еңбек келісімшарттары бойынша жүргізілген талдауға сәйкес, әйелдер Қазақстандағы жоғары білікті мамандардың негізін құрайды. Алайда, басшылық лауазымдардағы әйелдердің ерлерге қатынасы айтарлықтай төмен. Сондай-ақ, біліктілігі төмен еңбекпен айналысатын әйелдердің саны ерлерге қарағанда едәуір көп. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында, құрылыста, өнеркәсіпте және көлікте ерлердің айтарлықтай үстемдігі байқалады.

Қызметкерлердің кірістерін ескере отырып, ерлердің орташа жалақысы негізгі жұмыс топтарындағы әйелдерге қарағанда едәуір жоғары. Мысалы, ер басшылар әйел менеджерлеріне қарағанда орта есеппен 12,4% жоғары жалақы алады. «Кәсіби мамандар» тобындағы әйелдердің көп болуына қарамастан, олардың жалақысы ерлерге қарағанда 29,0%-ға аз. Ең үлкен алшақтық «өнеркәсіп, құрылыс, көлік жұмысшылары» тобына тиесілі, мұнда ерлердің орташа жалақысы әйелдермен салыстырғанда 69% – ға жоғары.

«Өңірлер бөлінісінде мұнай және өнеркәсіптік өңірлерде еңбекақы төлеудің айтарлықтай гендерлік алшақтығы байқалады, ал оңтүстік және аграрлық өңірлерде айырмашылық аз. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында ерлердің орташа жалақысы әйелдерге қарағанда 86%-ға көп, және еңбекақы төлеу бойынша алшақтыққа негізгі үлес «өнеркәсіп, құрылыс, көлік жұмысшылары» және «кәсіби мамандар»  санаттарына тиесілі», – деп хабарлады Александра Молчановская.

Мегаполистерде еңбекке ақы төлеудегі гендерлік алшақтық 16% – 19% диапазонында болады және еңбекке ақы төлеу бойынша алшақтыққа негізгі үлес «кәсіби мамандар» және «өнеркәсіп, құрылыс, көлік жұмысшылары» топтарына тиесілі. Сонымен қатар, Алматы облысы мен Шымкент қаласында кәсіптердің барлық негізгі топтары бойынша еңбекақы төлеудің салыстырмалы теңдігі байқалады.