Елімізде тұрғын үй нарығындағы баға қаншалықты өзгерді

Жарияланды

Бір жылда (былтырғы және биылғы шілде айларын салыстырғанда) қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағасы – 26,4%, жаңа тұрғын үйлерді сату 19,6% өсті. Тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2022 жылғы шілдеде 20,8% артты. Бұл туралы Ұлттық Статистика бюросы хабарлады.

Өңірлер бойынша жаңа салынған тұрғын үйлер нарығындағы баспана жылдық мәнде Ақтөбе қаласында – 32,5%, Нұр-Сұлтанда – 27,6%, Өскеменде 26,1% қымбаттады. Қолданыстағы үйлерді қайта сату нарығында баға өсімі бойынша көшбасшылар – Қызылорда (44%), Өскемен (43,7%), Талдықорған (43,4%) және Нұр-Сұлтан қалалары (41,3%), ал тұрғын үйді жалға алу нарығында – Алматы қаласы (47,2%).

Бір айдың ішінде (2022 жылғы шілде мен маусымды салыстырғанда) пәтерлерді қайта сату бағалары – 0,8%, жаңа тұрғын үйді сату 0,5% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі алдыңғы аймен салыстырғанда шілдеде 0,4% жоғарылады.

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктеп байқау деректері негізінде қалыптастырылады.

Сондай-ақ оқыңыз