Банктер стрестік активтер нарығын қалай дамытады?

Жарияланды
Агенттік өкілі негізгі алғышарттарды түсіндірді

Сарапшылардың айтуынша, стрестік активтердің деңгейі – банк жүйесінің сенімділігі мен оның экономиканың нақты секторын кредиттеу қабілетінің негізгі индикаторы. Соңғы 5 жыл көлемінде банк жүйесіндегі стрестік активтердің көлемі айтарлықтай қысқарған және қазіргі уақытта сектордың қаржылық тұрақтылығына қауіп төндірмейді. Сол себепті басты міндет – стрестік активтерді өткізудің нарықтық тетіктерін дамыту болып саналады.

Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты  2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында стрестік активтер деңгейін төмендету жөніндегі жұмыстың аса маңыздылығын атап өткен еді. Бұғатталған активтерді экономикалық айналымға қайтару қажет, алайды ол нарықтық негізде ғана жүзеге асырылуға тиіс. Ол үшін тиісті заңнамалық база талап етіледі.

2017 жылдан бастап Қазақстанда стрестік активтерді төмендету бойынша түбегейлі шаралар қабылданды. Нәтижесінде банк секторының стрестік активтерінің мөлшерін айтарлықтай төмендетуге мүмкін болды, бағалау бойынша 2017 жылдан банк жүйесі бойынша стрестік активтердің мөлшері 7,7 трлн теңгеден 2022 жылдың ортасына 2,4 трлн теңгеге  дейін төмендеген.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың сөзінше, стрестік активтер нарығын реттеу бойынша банктер өздерінің бизнес-процестерін жақсарту бойынша түзету шараларының жоспарларын әзірлеп, агенттікпен келіскен.

«Агенттік банктердің өзінің кредиттік портфельдері бойынша провизияларды уақтылы және толық қалыптастыруға бағытталған реттеуші талаптарға өзгерістер қабылдады. Бұл талаптар 2022 жылдан бастап қолданылады. Реттеу шараларына қосымша стрестік активтердің деңгейі жоғары банктермен жұмыс күшейтілді, олармен 2026 жылға қарай стрестік активтерді кезең-кезеңімен 0,9 трлн теңгеге дейін қысқарту жөніндегі шараларды іске асыру ұйғарылатын жеке жоспарлар келісілді. Аталған банктер кепілдерді өтеу, сату, қарыздарды есептен шығару және сапасын жақсарту есебінен, оның ішінде проблемалық қарыздарды 694 млрд теңге сомасына есептен шығару есебінен іс-шаралар жоспарын 1 трлн теңгеге немесе 55%-ға орындады», дейді ол.

Сондай-ақ биыл банктер жеке тұлғалардың проблемалық қарыздарының ағымдағы деңгейін төмендету бойынша жеке жоспарлар жасаған.

«Біздің бағалауымыз бойынша, стрестік активтердің орташа мөлшері 2022 жылы шамамен 2,4 трлн теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6,1%-ын құрайды. Жұмыс істемейтін кредиттердің үлесі банк секторының жиынтық несие портфелінің 3,6%-ын немесе 0,8 трлн теңгені құрады. Осылайша қазіргі уақытта банк жүйесі бойынша стрестік активтердің деңгейі Қазақстанның қаржы секторының қаржылық тұрақтылығы үшін қауіп төндірмейді. Алайда, банктер мен САБҰ-ның баланстарында проблемалық кредиттерді, сондай-ақ экономикалық айналымға тарту қажет жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, өндірістік нысандар мен жабдықтар түріндегі өндіріп алынған мүлік кіретін стрестік активтердің әлі де айтарлықтай көлемі сақталған» дейді Қизатов.

Әзірленген ұсынымдарын ескере отырып, Агенттік Ұлттық Банкпен және Үкіметпен бірлесіп 2021 жылғы қыркүйекте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы әзірледі. Ол қаржы секторын нарықтық қағидаттарда стрестік активтерден тазартудың тұрақты тетіктерін құруға және оларды экономикалық айналымға тартуға бағытталды.

4 шілдеде аталған заңға Мемлекет басшысы қол қойды, оның ережелері 2022 жылғы 4 қыркүйекте қолданысқа енгізілмек.

Заңда жеке инвесторларды қосу арқылы стрестік активтерді уәкілетті сатып алушылардың қолданыстағы тізімін кеңейту көзделген. Бұл ретте қарыз алушы – жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін стрестік активтерді сатып алуға құқығы бар тұлғалардың тізімін кеңейту заңды тұлғаларға берілген проблемалық қарыздарға және проблемалық қарыздарға, кәсіпкерлік қызметті қаржыландыру үшін жеке тұлғаларға ғана қатысты болады, яғни заңда жеке тұлғалардың кредиттерін жеке инвесторларға сату көзделмеген.

Заңда инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерге қызмет көрсету және басқару қызметтерін көрсететін сервистік компаниялар құру көзделеді. Жұмыс істемейтін кредиттерді жеке инвесторларға сату кезінде сервистік компаниялардың қызметін енгізу маңызды, себебі бұл компаниялар проблемалық қарыз алушылармен жұмыс бойынша тиісті жұмыс тәжірибесіне және құзыретке ие болады.

«Сервистік компаниялар активтерді сенімгерлік басқаруды жүзеге асырады, өндіріп алудың дербес бағдарламаларын әзірлейді, іске асырады және стрестік активтердің меншік иелеріне басқа да қызметтер көрсететін болады. Банктердің стрестік активтерді басқаруды жүзеге асыратын еншілес ұйымдарына және тиісті тәжірибе мен құзыретке ие коллекторлық агенттіктерге сервистік компаниялардың функцияларын беру ұсынылады. Сервистік компаниялар үшін заңға тәуелді деңгейде капитал мөлшері, нарықтағы жұмыс тәжірибесі, мінсіз іскерлік беделдің болуы және қадағалау шаралары мен санкцияларының болмауы бойынша жоғары талаптар белгіленетін болады», деп түсіндірді агенттік өкілі.

Оның сөзінше, стрестік активтерді сатып алу және сату жөніндегі бірыңғай платформа нарықтың ашықтығын арттыруға, стрестік активтерді сатып алуға мүдделі инвесторлардың базасын кеңейтуге, сондай-ақ стрестік активтерді сатып алу мен сатудың қайталама нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз