Биылғы жазда ел ішінде саяхаттайтын жолаушылар саны өсті

Жарияланды
ҚР ИИДМ комитеті теміржол көлігі пайдаланушыларына үндеу жасады

Биылғы жазда Қазақстан ішінде саяхаттайтын жолаушылар санының өсуі байқалады. Сұранысқа байланысты теміржол көлігі саласында көрсетілетін қызметтердің сапасы да өзекті болып отыр. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Жол жүру құжаттарына сұраныстың маусымдық ұлғаюына байланысты теміржол вокзалдарында билеттерді қайта сатуға байланысты шағымдардың көлемі арта түсті. Осыған орай ҚР ИИДМ Көлік комитетінің тапсырмасы бойынша жол жүру құжаттарын сатып алу және қайта сату фактілерінің жолын кесу мақсатында аумақтық бөлімшелер Көлік полициясының және Мемлекеттік кірістер департаменттерінің өкілдерімен бірлесіп теміржол вокзалдарында жұмыс жүргізуде.

2022 жылдың басынан бері «Жолаушылар тасымалы» АҚ 11 миллионнан астам билет сатты, оның ішінде онлайн сату үлесі 70%-ды құрады. Электрондық билеттерді сатудың ұлттық жүйесіне көшумен 15 интернет-сайт, 30 мыңға жуық өзіне-өзі қызмет көрсету автоматтары, пошта бөлімшелері арқылы сатуды ұйымдастыру жолымен өткізу арналары кеңейтілді, сондай-ақ жол жүру құжаттарын (билеттерді) қайта сату бөлігінде олқылықтарды болдырмау мақсатында 2019 жылдан бастап орындарды «ұстап алу» мүмкіндігі жойылып, электрондық «күту парағы» қызметі және орынды брондау фактісін растау бойынша SMS-хабарламалар жүйесі енгізілді. Қайтару кезінде билет жүйеге түсіп, автоматты түрде алдымен күту парағына жіберіледі, яғни тапсырылған билетті бірден сатып алу мүмкін емес. Күту тізіміне кезек адами факторсыз автоматты түрде жасалады. Теміржол билеттерін сатудың заманауи электрондық жүйесі авторизацияланған пайдаланушыларға басқа жолаушыға билеттерді қайта ресімдеуге мүмкіндік бермейді. 2022 жылдың 6 айында күту парағын 196 494 адам (өткен жылы осындай кезеңде – 77 728 адам) пайдаланған.

Бұдан басқа, қажетті жөнелту күніне билет болмаған жағдайда, жолаушылар «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларында қолжетімді «толассыз» билет сату қызметін пайдалана алады. Бұл қызмет клиентке Қазақстан ішінде қозғалыстың бірнеше кезеңдерінен тұратын оңтайлы маршрутты таңдауға мүмкіндік береді.

Осы ретте жолаушыларды билеттерді сатып алу кезінде бөгде адамдардың күмәнді қызметтерін пайдаланбауға, ал билеттерді заңсыз қайта сату фактілері кезінде белсенді азаматтық ұстаным танытуға және құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырамыз. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап билеттерді қайта сату үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді (айыппұл сомасы 100-ден 500 АЕК-ке дейін ұлғайтылды).

Сондай-ақ, Ұлытау облысының көліктік қолжетімділігін дамыту мақсатында биыл қыркүйектен бастап Жезқазған қаласы бағытында Тальго пойыздары келесі бағыттар бойынша № 65/66 «Нұр-Сұлтан – Жезқазған» бағытында күн сайын, № 73/74 «Алматы-2 Жезқазған» бағытында күн сайын мерзімділікпен жүреді.

Жыл басынан бері ҚР ИИДМ Көлік комитетінің аумақтық бөлімшелерімен 300 жолаушылар поезы тексерілді. Нәтижесінде 700-ге жуық бұзушылық анықталып, әкімшілік материалдар жасалды.

Сондай-ақ оқыңыз