Қазақстан территориясында 5G буыны қашан іске қосылады?

Әлемде 5G-ді алғаш болып Оңтүстік Корея енгізді

Бұған дейін елімізде 5G – ұялы байланыстың бесінші буынын қосу туралы ара-тұра айтылып қалушы еді. Тіпті бірнеше қалада пилоттық жоба ретінде де жұмыс істей бастаған. Енді мемлекет аталған буынды бүкіл ел аумағына таратуға талаптанып отыр. Бірақ ол оңайға түсе қояр іс емес.

Елордада өткен «Цифрлы Қазақстанға бетбұрыс» халықаралық форумында цифрлық даму вице-министрі Асхат Оразбек жағдайдың жай-жапсарымен таныстырды. Жалпы, аталған форумның басты мақсаты – интернетке кеңжолақты қолжетімділікті арттыру жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру шеңберінде үкімет, байланыс операторлары және вендорлар арасындағы диалогты күшейту.

«Кейінгі жылы министрлік байланыс операторларымен бірлесіп, «250+» бағдарламасы бойынша елді мекендерді байланыспен қамтамасыз ету үшін біраз шаруаның басын қайырды, енді байланыс спутниктері арқылы олардың қамту аймағын кеңейтіп, сапасын жақсартқымыз келеді. Сонымен қатар, заңды жетілдіру бойынша нақты жұмыс атқарылды. Мәселен, байланыс операторлары электр бағаналарын пайдаланып, желілер салып жатыр. Бұл арқылы шалғай елді мекендерге интернет жеткізу процесі едәуір жылдам болады. Одан бөлек салыққа қатысты жеңілдіктерді де қарастырдық. Бұдан былай операторлар қаражатты салық төлеуге емес, желіні дамытуға жұмсайтын болады», дейді вице-министр.

Енді 5G буыны Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларын және барлық облыс орталықтарын қамтымақ.

«Биыл біз 5G-дің радиожиілігі бойынша аукцион өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол республикалық маңызы бар үш қалада және барлық облыс орталықтарында өтеді. Аукционға дайындық бойынша барлық оператордың даярлығын пысықтаймыз. Жақын арада бәрімен келісіп, процедураны бастап кетеміз. Біз 5G енгізу трафикті тұтынудың өсуіне де, «4.0 Индустияның», «ақылды үйлердің» дамуына алып келетінін түсінеміз. Бұл іске асуы тиіс үрдіс. Бізде оны қалай жүзеге асыруға қатысты нақты түсінік бар. Жақын екі жылда ел тұрғындары еліміздің бүкіл территориясы бойынша 5G  әсерін сезінеді деп ойлаймын», деді ведомство өкілі.

ТМД бойынша Халықаралық электр байланысы одағының өңірлік директоры Наталья Мочудың сөзінше, 2030 жылға қарай жалпыға бірдей қолжетімді интернетті қамтамасыз ету үшін АКТ саласы үш негізгі міндетті орындауы тиіс: байланысты орнатудағы алшақтықты және пайдаланудағы алшақтықты жою, сондай-ақ толыққанды қосылуды қамтамасыз ету.

«ТМД өңірі байланыс сапасы мен оны қамту бойынша алға жылжып келеді, алайда қала мен ауыл арасындағы цифрлы алшақтық әлі де бар. Бұл ретте гендерлі цифрлы алшақтық ең төменгі деңгейде сақталып тұр. Сонымен қатар, егде жастағы адамдар арасында интернет пайдаланушыларының саны біртіндеп артып келеді», деді Наталья Мочу.

5G – бұл технологиялық дамудың жаңа деңгейі, ол азаматтардың интернетке қолжеткізу мүмкіндігін әлдеқайда арттырады. Ұялы байланыстың бесінші буыны тек жылдамдықты жеделдетіп ғана қоймай, телемедицинаны, өзі басқарылатын транспорт жүйесін, smart city және басқаларды түрлі жобаларды дамытуға мұрындық болмақ. Әлемде 5G-ді алғаш болып Оңтүстік Корея енгізді. Қазір ол елде 200 мың базалық станция орнатылып, бесінші буын жабыны республиканың 85 қаласын қамтыған. Бесінші буынды сәтті енгізген Жапония елі қазір тіпті 6G байланыс буынының алғышарттарын жасай бастапты.

CCS Insight талдау агенттігінің есебіне сүйенсек, биыл 5G буынын қосу бүкіл әлемде ерекше қарқынмен жүргізіле бастайды.

«5G технологиясының алғашқы жылдары COVID-19 пандемиясының және оның әкелген қиындықтарының көлеңкесінде қалғанымен, бүгінде біз 2022 жылдың екінші жартысына аяқ басқан кезде, нарықтың күштірек позицияда екенін байқап отырмыз. 2022 жылы әлем әлі де жеткізілім тізбегіндегі қиындықтармен қоса ауыр макроэкономикалық және геосаяси күйзелістерді бастан кешіруде. Бірақ ұялы байланыс абоненттерінің 5G желісіне көшуі анағұрлым табысты болады, ал 5G қосылымдарының саны биыл екі есе дерлік артып, 1,2 миллиардқа жетеді деп күтілуде», дейді агенттіктің аға аналитигі Джеймс Мэннинг Смит.

CCS Insight болжамы бойынша, 2026 жылға таман бүкіл әлемде 5G мобилді интернетіне қосылу саны 4 миллиардқа жетіп, әлемдегі бүкіл интернет желісінің 45 пайызын құрайды. 

Егер шынымен ұялы байланыстың бесінші буыны енгізілер және ол сәтті жұмыс істеп кетсе, бұл біз үшін үлкен белес болмақ. 5G берілген екен, демек онымен жұмыс атқара алу да маңызды. Өйткені бесінші буынның – берері көп. Ол – үлкен олжа. Олжаны басқара білу, пайдалана білу, қадіріне жете білу, сол буынға лайықты адами буын мен кадр дайындай білу де айырықша маңызды. Қазақстанның инфрақұрылымы, білім жүйесі, экономикасы, геосаяси позициясы бұған дайын ба?

Кәсіпорындарымыз 5G игілігін әрі қарай пайдаланып жүре беруге қаншалықты даяр? Президенттің елімізде IT мамандар санын арттыру туралы тапсырма жүктегенін білеміз. Ол да тегіннен тегін емес. Өйткені қалай болған күнде де бірінен кейін бірі шыға берер технологиялық үдерістердің, сан алуан ғылыми буындардың тілін біліп, жалпы халыққа жол сілтейтін білікті маман керек.

Әлем үлкен өзгерістердің табалдырығында тұр. Оны біздің де игеріп әкетуіміз өте маңызды.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар