БЖЗҚ зейнетақы калькуляторын жаңартты

Жарияланды
Ресми сайты мен мобильді қосымшасында

БЖЗҚ өзінің ресми сайты мен мобильді қосымшасындағы зейнетақы калькуляторын жаңартты. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Болжамды зейнетақы калькуляторы болашақ зейнетақыны жоспарлау құралы болып табылады және пайдаланушыға барлық зейнетақы төлемдерінің болжалды мөлшерін, соның ішінде:

  • мемлекеттік бюджет (базалық зейнетақы және ортақ (еңбек) зейнетақы);
  • БЖЗҚ-ға жұмыскерлердің табысынан төленетін 10% міндетті зейнетақы жарналары;
  • 5% міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары. Оны жұмыс беруші БЖЗҚ-ға еңбек жағдайы қауіпті, зиянды жұмыспен айналысатын жұмыскерлердің пайдасына аударады; 
  • ерікті зейнетақы жарналарын қоса алғанда есептеуге мүмкіндік береді.

БЖЗҚ зейнетақы калькуляторы салымшылар үшін жаңа функциялармен толықтырылды.

Біріншіден, зейнетақы калькуляторы жинақтарды алу жоспарланған жағдайда зейнетақы төлемдерін есептеуге мүмкіндік береді. Пайдаланушы өздігінен келесі тетіктерді таңдай алады:

– зейнетақы жинақтарын алатын жылы және қалаған сомасы,

– алынған сомадан  жеке табыс салығын (ЖТС) бір рет ұстап қалу (толық көлемде, БЖЗҚ-дан жинақтарды алу кезінде) немесе ай сайын (БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу кезінде тең үлестермен). 

Екіншіден, калькуляторға заңнамада көзделген түзету коэффициентін ескере отырып, қауіпті және зиянды өндірістерде кемінде 60 ай жұмыс істеген қызметкерлер үшін БЖЗҚ-дан төленетін төлемдерді көтермелеу есебі қосылды.

Үшіншіден, калькулятор зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) аударған жағдайда зейнетақы төлемдерінің қозғалысын көруге мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетсек, зейнетақыны есептеу үшін «Негізгі деректер» блогындағы қажетті өрістерді – туған күні, жынысы, еңбек өтілі, жинақ сомасы және т.б. деректерді толтыру қажет. Егер enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте алдын ала тіркелген болсаңыз, калькулятордағы негізгі өрістер автоматты түрде толтырылады.

Нәтижелер «Сіздің зейнетақыңыздың болжамы» блогында көрсетіледі және зейнетке шығу жасы мен күнін, жинақтар таусылғанға дейінгі жылдар санын (БЖЗҚ-дан төлемдер алған жағдайда), зейнетке шығу сәтіндегі жалақының болжамды мөлшерін және табысты болжамды зейнетақыға ауыстыру коэффициентін, сондай-ақ, кесте және таблица түрінде көрсетілген жылдар бойынша болжамды зейнетақының өзгеру үдерісін  қамтиды.

Зиянды және қауіпті кәсіптердің қызметкерлері үшін түзету коэффициентін арттыру ескерілген. Егер зейнет жасына жетуге жинақталған зейнетақы қаражатының болжамды сомасы сақтандыру ұйымында өмір бойғы зейнетақы аннуитетін сатып алуға жеткілікті болса, калькулятор зейнетақымен қамсыздандырудың осындай түрі – аннуитеттік төлемдерді есептеуді ұсынады.

Сондай-ақ оқыңыз