Адамды ортасына қарап оңай тануға болады. Сондықтан кіммен араласатыныңызға назар салып қойғаныңыз жөн. Әсіресе, айналаңызда жағымсыз энергия таратып, үнемі негатив арқалап жүретіндерден барынша алшақтаған дұрыс. Ақпарат ағыны көп, әлеуметтік мәселе аз емес заманда өмір сүруді жеңілдетуге тырысқаныңыз өзіңізге жақсы. Сондықтан жан-жағыңызды жағымсыз адамдардан тазартып, фильтрлеген сайын өзіңізге көмектескен боласыз. Ал енді негатив энергетикасы бар адамдар деп кімдерді айтады? Назарыңызға жеті түрлі типажды ұсынамыз. Ондай таныс әркімде бар деп ойлаймыз.
Әр нәрсеге көңілі толмайтын, өмірі қабағы қатулы жүретін дос сізде де бар шығар?! Олар көбіне жақсылықты көрмейді, жамандықты еселеп айтып үйреніп қалған. Жанында жүрген жарты сағаттың өзінде миыңыз ашып, еңсеңіз түсіп қайтасыз. Тіпті жиі жанында табыла берсеңіз, сіз де сол «жағымсыз ойлаушылар» қатарынан табылып кетуіңіз де ғажап емес. Аталған кеселді жұқтырсаңыз, бақыттың кілтін теңізге өзіңіз лақтырдым дей беріңіз. Мұндай жағдайда не істемек керек? Дұрысы — ол адамдардан «құтылу» керек. Құтылу дегенді өмір-бақи араласпай кетіп, не оларды жек көріп кету деп қабылдап қалмаңыз. Шекара сақтаңыз. Ойыңызды үнемі іске қосып жүрсеңіз, ненің дұрыс, ненің бұрысын ажыратып үйренесіз. Сонымен мына жеті адаммен жолдас болғанда барынша абай болған жөн. Кесірі тиіп кетуі әбден мүмкін.
- Даукес адамдар. Кейбір адамдар себепсізден себепсіз әр нәрсеге шу шығара бергенді жақсы көреді. Бұл нәрсе жынысқа бөлінбейді. Өзіңізге қатысы жоқ дауға тұмсығыңызды тықпаңыз. Сізге жағымсыз сөз айтқан адамға солай жауап бермеңіз. Мұхтар Әуезовтың мына сөзін есіңізге сала кетейік: «Ит мені қапты екен деп, мен оны қапсам, адамдық аузымда не қалады» — деген. Барынша сабыр сақтаңыз, әдеп танытыңыз. Қарсы тарап неғұрлым қатты жекірген сайын, оның көзін шел басып, дауды одан әрмен ушықтырғысы келіп тұрады. Ал сіз жауап ретінде неғұрлым сабырлы болуға тырысыңыз. Сабыр түбі — сары алтын. Айналаға мейірім төгетін, асқан төзім иесі болуға ұмтылыңыз. Сонда сізді сыйлайтын, тыңдайтын адамдар қатары көбейеді. Ал, даукес адамдардан бәрі қашық жүруге тырысады. Ойланыңыз! Қанша үндемей, сабыр сақтағанның өзінде негативін шашып қоймай қоймай жатса, кері бұрылып кетіп қалыңыз. Ең абзалы — осы.
- Сізді жақтырмайтындар. Кей адамдарға не істесең де, жақпайсың. Қанша жерден жақсы болайын десеңіз де, оның көңілінен шығу мүмкін емес. Мұндайда не істеу керек? Өмір жолыңызда кезіккендердің ішінде сізді төмендетіп, менсінбей жүретін болады. Олардың көңілін табамын деп бекер әуре болмаңыз. Олай ету арқылы өзіңіздің қадіріңіз кетеді. Бұл жағдайда да ондай адамдарды «сызып тастау» керек. Жадыңыздан алып тастаңыз. Тағдыр талқысына қоя салғаныңыз жөн. Бекер кетірген уақыттың сұрауы болады. Ал жүрекке өшпенділік пен кектің кіргені, сізге жақсылық әкелмейді.
- Кедергі болып жүретін адамдар. Жаныңызда сізбен тілеулес адамдар жүрсе, жолыңыз ашық болады. Ал, керісінше арман-мақсаттарыңызға күле қарап, жолыңызға бөгет болатындар ашық тұрған жолды жауып тастауы мүмкін. Достарыңыз потенциалыңызды төмендете берсе, алаулап жанып тұрған сіз ақырын сөне бересіз. Мұны көре алмаушылық деп те айтса болады. Адам өз қолынан келмейтін істі басқаның қолынан да келмейді деп есептеп үйренген. Мұндай кезде ұлы Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзі мотивация болсын! Қанатыңызды кесіп, сізді әлсіз адам деп сендіретіндерден алыс жүргейсіз. Еш әрекет етпей, сол ортада қала берсеңіз өзіңізді жоғалтып, солар жасаған образға қалай кіріп кеткеніңізді сезбей қаласыз. Өзіндік «МЕН» жоғалса, өмірдің құрығаны. Оған жол бермеңіз! Сіздің мүмкіндіктеріңіз өзгелердің пікіріне байланысты анықталмайды. Үнемі жақсы ойлауға әдеттеніңіз. Қайта мүмкін еместі орындауға талпыныңыз. Өз өміріңіздің өзіңіздің қолыңызда! 1% талант пен 99% еңбек дегенді осыған дейін де естіген боларсыз? Ендеше, жолыңызда бөгет болатындарды ысырып тастаңыз.
- Билік соққыш адамдар. Сіздің үстіңізден билігін жүргізгісі келетін топтар да бар. Олар үнемі өз пікірлерін тықпалайды, сізге еркіңізден тыс мойындатуға тырысып бағады. Олардың жетегінде кетіп қалмаңыз. Манипулятор адамдар — бас пайдасы үшін жүретіндер. Жеке пікірі, жағдайы, қалауы — олар үшін бірінші кезекте тұрады. Өзімшілдіктің алысқа апармайтынын білетін боларсыз?! Ендеше, көпшіл болыңыз. Біз айтып отырған төртінші типтегі жандар өзінің мақсатына жету үшін сіздің есіңізді шығарады. Ал қолы жеткен бойда жақсылығыңызды ұмытып шыға келуі мүмкін. Және бір қызығы — сіз көмекке мұқтаж болғанда «қазір уақытымның болмай тұрғаны» деген желеу айта салады. Дос ретінде қол ұшын беруден тайынбаңыз. Бірақ шеттен асырмау керегін еске саламыз. Барлық жерде шек пен шекара болғаны абзал. Достықтың да адал, амал түрлері бар. Сізге қандай достық керек? Өзіңіз таңдаңыз!
- Қыңыр, қисық адамдар. Жоғарыда өзіндік «МЕН» деген дүниені сақтау туралы айттық. Әркім өз биігінде қалуға тиіс. Сол секілді ешкім сізді «қолдан» жасап алмасын. Уақыт өте келе көп нәрсе өзгереді. Өскен сайын сіз де өзгересіз. Бірақ көп жағдайда айналаңыздағылар бұрынғыны еске салуға құмар ма? Қыңыр адамдар бір нәрсені қайталай береді. Бір кездегі жағдайды үнемі айта береді. Сол арқылы жанды жеріңізге тие береді. Түптеп келгенде сіздің жан-дүниеңізді сізден өзге ешкім толық танып біле алмайды. Сөздерге мән бермей үйренсеңіз, жүрегіңізде мейірім сынды жақсы сезімдерге орын ашылады. Асылы, жолдастық — бар кемшіліктерімен қабылдай отырып дос болу. Өзі ойдан жасап алуға тырысса, ондай адамның сізге қажеті қанша?
- Қателікті бетке баса беретіндер. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Нағыз намыстың адамы қандай болады? Сірә, қателігін мойындап, сабақ алатын адам намысты шығар. Егер жаза басып, одан артынша соның орнын толтыруға тырысқанда, сол нәрсені қайта-қайта бетіңізге баса беретін адамнан алыстауға тырысыңыз. Өткенді еске сала бергеннен пайда жоқ. Болары болды, бояуы сіңді. Енді тек жөндеу жұмыстарын жасау ғана қалды. Егер біреу сізге үнемі сол қателіктер туралы айта берсе, оны жөніне қалдыра салыңыз. Өткен қателіктермен қатар сол адамды да өткеннің елесінде қалдырғайсыз.
- Іштегі сыншы. Сіздің ішіңіздегі сыншы ол да — адам. Осыдан құтылыңыз. Үнемі көңіліңіз толмай, өзіңізді оңдырмай сынай бересіз бе? Сыни көзқарас сырттан болса, оның қаншалықты рас екенін сараптайсыз. Ал іштегі сыншы сізді құртып жіберуі мүмкін. Салмақты ойлаңыз. Әйтпесе тұңғиыққа батып, шыға алмай қалуыңыз мүмкін. Бойыңыздан кемшілік іздегеніңіз жөн нәрсе. Бірақ өте жиі «кемшін» тұстар байқай берсеңіз, ойлану керек. Басқа адамға ұқсауға тырыспаңыз. Сіз — ерекшесіз. Басқада табылмайтын ерекшелік сізде бар. Тек көңіл көзі соқыр болмасын. Үнемі басқамен салыстырып, салыңызды суға кетіре бермеңіз. Әр нәрсенің шегі бар. Өзіңе есеп беру басқа, көңіл толмау — басқа. Әр атқан таңда жолыңыз болған, жеңісті сәттерді еске алып ояныңыз. Ұйқыға кетерде қуаныш сыйлаған кездер үшін шүкіршілік етіңіз. Сонда күніңіз жақсы басталып, жақсы аяқталады. Негативке орын болмайды. Сонда ішкі сыншыныңыз күнде «бес» қоятын болады.