Әлем елдерінің азық-түлік қауіпсіздігі рейтингінде Қазақстан 113 елдің ішінде 41-орында

Азық-түлік қауіпсіздігінде Қазақстан Ресей мен Беларусьтен айтарлықтай төмен

2021 жылғы әлем елдерінің азық-түлік қауіпсіздігі рейтингінде Қазақстан 113 елдің ішінде 41-орынға тұрақтады. Елдің индексі 69,2.

Азық-түлік қауіпсіздігі индексі 34 бірегей көрсеткіш негізінде құрылады және баға мен азаматтардың кірістерінің арақатынасын ғана емес, сонымен қатар нарықта қажетті өнімдер санының болуын, олардың сапасы мен ассортиментін де ескереді. ҚР қолжетімділік индексі — 83, ассортимент — 58,5, сапа мен қауіпсіздік — 81, табиғи ресурстар мен тұрақтылық — 51,9 болды.

Үздік бес елдің қатарына Ирландия, Аустрия, Ұлыбритания, Финляндия және Швейцария кірді. Рейтингтің соңында Бурунди. ТМД елдерінің ішінде Қазақстанға қарағанда Ресей мен Беларусь жоғары көрсеткішке ие болса, Әзербайжан, Украина, Өзбекстан және Тәжікстан керісінше төмен.

Биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында тамақ өнеркәсібі секторында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 53,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда құндық мәнде 24,3% көбейді.

Өңірлер бойынша Шығыс Қазақстан облысына ең көп инвестиция құйылды: 18,7 млрд теңге, былтырғыдан 78,4% көп. Үздік үштікке Ақмола (11,4 млрд теңге, жылдық өсім 3,2 есе) және Алматы (5,1 млрд теңге, 41,5% азайды) облыстары да кірді.

Салаға ең аз инвестиция Қызылорда облысында құйылды: 10,7 млн теңге.

Салаға салынған барлық күрделі салымдардың жартысынан астамы бизнестің меншікті қаражаты: 29,5 млрд теңге, былтырғыдан 8,4% көп.

Банк несиелері арқылы секторға тағы 21,3 млрд теңге инвестиция тартылды, көрсеткіш былтырғыдан 2,4 есе өскен. Банктік емес қарыз қаражаты есебінен инвестиция небәрі 3,1 млрд теңгені құрады.

Осы маңызды салаға республикалық бюджеттен де, жергілікті бюджеттен де қаржы құйылмады.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар