Еліміздің өңірлерінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы енгізіліп жатыр

Енді әр аймақтың өз өкілі болады, олардан балалар да, ата-аналар да көмек сұрай алады

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өтініштерді, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың әрекеттеріне немесе бейәрекетіне қатысты шағымдарды қарайды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сондай-ақ олар балаларды қорғау саласындағы мәселелерді шешуге арналған заң жобаларын дамытуға, ілгерілетуге қатысады.

Сонымен қатар бала құқықтары жөніндегі омбудсмендердің мемлекеттік органдар мен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарына кедергісіз қол жеткізуі қамтамасыз етіледі. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер қоғамдық негізде жұмыс істейтінін айта кетейік.

«Үкіметтің қаулысына сәйкес, қазір бұл лауазым барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалада енгізіліп жатыр. Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық уәкілдерді облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері тағайындайды. Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдерді іріктеудің негізгі критерийлері – үміткердің балалармен жұмыс істеу тәжірибесі, үкіметтік емес ұйымдардағы тәжірибесі немесе қоғамдық қызметі, сондай-ақ тағайындау кезінде балалардың құқықтарын қорғауда үміткердің қандай үлес қосқаны ескеріледі. Бұл балалардың құқықтарын қорғау саласында тәжірибесі және өз ұстанымы бар ел құрметтейтін адамдар болуы тиіс», – деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.

Қазірдің өзінде жеті облыста бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалып үлгерді. Олардың арасында үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері мен заңгерлер бар.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар