Электр энергиясының бағасы өседі

Жарияланды
Электр энергиясы тарифі 7 жылға белгіленеді

Қазақстанда электр энергиясын өндірудің шекті тарифтері қайта қаралады. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерінің орташа өсуі 10-12 пайыз деңгейінде болжанып отыр.

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовтың айтуынша, энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерінің қазіргі деңгейі өндірушілер шығынын толық көлемде жаппайды. Бұл факт электр қуаттарының авариялық істен шығуының, тұтынушыларды электрмен жабдықтау сапасының төмендеуінің және Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің көрші елдерге тәуелділік тәуекелдерінің ұлғаюының жиілеп кеткен жағдайларымен расталады. Мысалы, 2021 жылы Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде технологиялық бұзушылықтар саны 20 пайызға артып, жылыту кезеңінде 47,1 пайызға ұлғайған.

«Электр энергетикасы туралы» ҚР Заңына сәйкес электр энергиясына арналған тарифтер 7 жылға белгіленеді. Бұл ретте энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге жұмсаған шығындары іс жүзінде ұлғайған жағдайда, энергия өндіруші ұйымдар шекті тарифтерді түзетуге уәкілетті органға өтінім беруге құқылы.

Оның айтуынша, 2022 жыл ішінде энергия өндіруші ұйымдарға тәуелсіз шығындардың ұлғаюы болжанып отыр.

Сондай-ақ станция персоналының жалақысын көтеру мәселесі қарастырылған. Осыған байланысты топтар бойынша шекті тарифтерді түзету жүзеге асырылды. Энергия өндіруші 47 ұйымның 26-сы өтінім берген.

Еске салайық, шекті тарифтерді көтеру туралы бұйрықтың жобасы Ашық НҚА сайтында биыл 9 маусымда жарияланды. «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен және Энергетика министрлігінде аккредиттелген сараптамалық ұйымдармен талқылау жүргізілді. Тарифтерді түзету 2022 жылғы 30 маусымда жүргізілді.

«Осы бұйрық 2022 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілді. Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерінің орташа өсуі 10-12 пайыз деңгейінде болжануда. Бұл ретте Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің батыс аймағынан басқа Қазақстанның барлық өңірлері бойынша электр энергиясын өткізетін Екібастұз ГРЭС-1-нің шекті тарифі өзгеріссіз қалды. Екібастұз ГРЭС-1-нің шекті тарифін ұйымдардың басқа станциялары тарифтерінің 4-тен 12 пайыз ға дейінгі диапазонда ұлғаюы аясында сақтау түпкілікті тарифтерге ең аз әсер етеді. 47  энергия өндіруші ұйымның 21-і бойынша тариф бұрынғы деңгейде сақталды. Шекті тарифтерді қайта қарау станция қызметкерлерінің әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді, себебі соңғы уақытта жалақының төмен болуына, қымбатшылыққа қатысты шағымдар көп болды. Біз осының бәрін түсінеміз, сондықтан тарифтерді түзету энергетикалық сектордың ахуалына оң әсер етеді деп үміттенеміз», деді министрдің орынбасары.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің басшысы Тимур Қосымбаевтың айтуынша, коммуналдық қызметтерге жарияланған мораторий аясында 840 млн теңге үнемделген.

«Энергетика министрлігі биыл 1 шілдеден бастап 26 энергия өндіруші ұйым үшін шекті бағаларды орта есеппен 10-12 пайызға арттыру туралы бұйрықты бекітті. Халық үшін электр энергиясы бағасының өзгеруі субъектілерден өтінімдердің түсуіне қарай қалыптастырылады. Әрбір өңір бойынша әлеуметтік-экономикалық жай-күйге мұқият талдау және халық үшін тарифтерді өзгеруінің әрбір жағдайы бойынша жеке тәсіл жүргізіледі. Бұл ретте уәкілетті орган қандай да бір елеулі арттыруға жол бермейді», деді спикер.

Ол тариф белгілеуді қалыптастыру мәселесі ашық екенін атап өтіп, электр энергиясының бағасын қарау барысында халықты қоғамдық бірлестіктерді, журналистерді және басқа да мүдделі тұлғаларды тарта отырып, жария тыңдаулар өткізілетінін айтты.

Айтпақшы, Энергетика вице-министрі қолданыстағы қуат көздері өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары салынғандықтан активтерді жаңарту қажеттілігі туындап тұрғанын да жеткізді. 

«2021 жылдың қорытындысы бойынша электр станцияларының қолда бар электр қуаты 19,1 ГВт, 2021-2022 жылдары күзгі-қысқы кезеңде жұмыс электр қуаты 15,5 ГВт құрады. 2021 жылдың 7 айында электр энергиясын өндіру – 64,993 млрд кВтсағ. 2022 жылдың 7 айында электр энергиясын тұтыну – 64,790 млрд кВтсағ. Электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Энергетика министрлігі бірқатар шаралар қабылдады, оның ішінде «Жамбыл ГРЭС» АҚ 2 энергоблогы пайдалануға берілді және тапшылық кезінде майнинг фермаларына шектеу тетігі енгізілді», деді ведомство өкілі.

Электр станцияларындағы жөндеу кестесіне сәйкес 2022 жылы 9 энергоблокты, 60 қазандық және 42 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінде 2 энергоблокта, 14 қазандық пен 11 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, әр түрлі кезеңдерде 4 энергоблокта, 38 қазандықта және 18 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. 

Сондай-ақ оқыңыз