Желідегі әдеп ережелері

Жарияланды
Цифрлық этикетті сақтайсыз ба?

Көп уақытын интернетте өткізетін адам цифрлық этикет яки дижитал әдеп туралы жақсы білуі керек. Өйткені білместікпен өзгелерге қолайсыздық тудырып, араларыңызға сызат түсіріп алуыңыз мүмкін. Жай күні көзбе-көз көргенде қалай әдеп сақтау керек болса, виртуал әлемде де өзіндік ережелері бар. Цифрлық этикеттің басты шарт-талаптарын осы материалымыздан біле аласыздар.

Алдымен дижитал әдеп деген не? Содан бастасақ. Бұл әлемнің де жазылмаған заңдылықтары бар. Яғни онлайн-кеңістікте өзіңізге де, өзгелерге де зиян тимейтіндей араласу ережелерін сақтау керек. Бекітілмеген демесеңіз, бірқатар ережені қарай келе, оның ойға қонымды екеніне көз жеткізесіз. Президент жарлығы секілді бұлжытпай орындалу керек деп айта алмаспыз. Дегенмен қарым-қатынас орнатқанда ұстанған пайдасын тигізбесе, зияны болмасы анық. Жалпы шынайы өмірде де токсик адам жетерлік. Желіде тіпті одан кда көп. Сол тұрғыдан алғанда нетикет қажет-ақ. Байқасаңыз, виртуал іс-шаралар ұйымдастыратындар кейінгі кездері байланыстың басты ережелерін басында-ақ бекітіп қоятын болып жүр. Мысалы, бір марафонға қатысып жатсаңыз, ортақ чатқа қосылғанда ең алдымен ережелерді таныстырады. Оның ішінде бір-біріне құрметпен қарау, негатив жазбау, ұрсыспау, боқтық сөздер айтпау дегендей шарттар қойылады. Ережені бұзған адамдарға жаза да тағайындалады. Ендеше, жалпыға ортақ, көпшіліктің ұстануына ұсынылатын ережелерді бірсыпыра тізіп шығайық.

Басты 10 ереже

Цифрлық этикет деген кезде ең бірінші Вирджиния Шидің 10 өсиеті еске оралады. Сонау 1994 жылы жарыққа шыққан кітаптың ішінде айтылған ережелер әлі күнге дейін өзекті.

  • Виртуал әңгіме барысында тірі адаммен сөйлесіп тұрғаныңызды ұмытпаңыз. Әдеп сақтау керек.
  • Күнделікті өмірде этикетті қаншалықты ұстанатын болсаңыз, цифрлық әлемде де сондай болыңыз.
  • Чат, форум, онлайн-қауымдастыққа қосылған кезде бірінші сөзді жазып, жолдамас бұрын ережелермен танысып алыңыз.
  • Өзіңіздің де, өзгелердің де уақытына құрметпен қараңыз. Егер адамның сізбен сөйлескісі келмесе, ығырын шығармаңыз.
  • Сыпайы болыңыз. Қатесіз жазыңыз. Беделіңізді түсірмеуге тырысыңыз.
  • Қауымдастық қатысушыларына керек болатын ғана білім мен тәжірибені бөлісіңіз.
  • Дауласудан барынша аулақ болыңыз. Эмоцияңызды ұстай біліңіз.
  • Біреулерге қатысты жеке ақпаратты таратпаңыз. Өзгелердің жеке өміріне, өмірлік кеңістігіне құрметпен қараңыз.
  • Интернетте анонимдік бар екен деп ойыңызға келгенді жасамаңыз. Жаман оймен пайдаланбаңыз.
  • Мейірімді болыңыз, өзгелердің қателігіне кешірімді болыңыз.

Офлайн әңгіме және гаджеттер

РАНХиГС қоғамдық ғылымдар институтының оқытушысы Ольга Лукинованың «Цифровой этикет. Как не бесить друг друга в интернете» деген кітабы бар. Сол жерден бірнеше құнды кеңес келтіре кетейік. Әсіресе, офлайндағы цифрлық этикет жайлы.

  • Бір адаммен кездесіп отырған кезде гаджетті оңды-солды қолға ала бермеңіз. Керек кезде ғана қолданған абзал.
  • Егер қажет болып қалса, жаныңыздағы адамға міндетті түрде бұл туралы айтып, түсіндіріңіз.
  • Егер аудио не видео түсірілім болатын болса, сұхбаттасушының келісімін алуыңыз керек. Жазып алған әлгі материалдардың алдағы уақытта қолданылатынын ескертіп, рұқсатын сұраңыз.
  • Кез келген қоғамдық орында, мейлі жұмыста, концертте, кинотеатрда, театрда, кездесу кезінде телефон хабарламасының дыбысын да, пернетактаның тырсылын өшіріп қойыңыз. Бұл басқаларға кедергі болуы мүмкін.
  • Қоңырау шалған кезде ар жақтағы адамның уақыты бар ма, қолайлы ма — сұрап алу керек.
  • Егер әңгіме ұзаруы мүмкін болса, алдын-ала ескертіңіз. Мүмкін болса, ертерек жоспарлап қойған абзал.
  • Қоңырауыңызды бір рет көтермесе, қайта-қайта звондай бермеңіз.
  • Басқалардың телефонына үңілмеңіз.
  • Жеке суреттер мен интим видеоларды көпшілік жерде қарамаңыз. Өйткені бәрі бірдей «басқаның телефонының экранына қарамау керек» деген ережені ұстанбауы мүмкін.
  • Аса қатты керек болмаса, біреудің телефонын сұрап алмаңыз.

Іскерлік дижитал этикет

Бұл тақырыпты да айналып өте алмаймыз. Егер сіз іскерлік әңгімені енді бастап жатқан болсаңыз, онда мынадай маңызды үш нәрсені әу бастан келісіп алыңыз:

  • Қолайлы байланыс арнасы (электрон пошта, мессенджер);
  • Байланыста болатын уақытыңыз. Сізге қай кезде жазуға болады, қай уақытта жауап беруге мүмкіндігіңіз бар? Ал қай кезде мазаламаған жөн? Осыны анықтап алыңыз.
  • Егер таңдалған байланыс арнасында мәселе туса, басқа қандай балама бар? Айталық, «әдетте Whats App арқылы сөйлесіп жүрдіңіз, желі бұғатталып қалса, Telegram-ға көшеміз» дегендей келісім болсын.

Егер байланыстың осындай ортақ ережелерін басынан бекітетін болсаңыз, өзіңізге жеңіл. Қоңырау шалсам ба, жазсам ба, ыңғайлы ма, ыңғайсыз ба деп бас қатырмайсыз. Көбіне басшылық пен қызметкер арасында болса, көбіне басшыға ыңғайлы тұсы бекітіледі. Ал енді статусы тең қызметкерлер арасында болса, екеуіне де қолайлы шешім шығарылады. Осы ретте іскерлік әңгіме барысындағы цифрлық әдеп ережелеріне тоқталайық.

  • Чатты бастаған кезде міндетті түрде амандасыңыз. Әңгіме аяқталғанда қоштасу керек. Жұмыс поштасының соңындағы сөзге «Құрметпен, Бәленше Түгенше» деп қойған жөн. 
  • Хаттың тақырыбын қоярда анық әрі қысқа етіңіз. Сонда табу да оңай болады.
  • Неге хат жазып отырғаныңызды да қысқа әрі ұғынықты тілде жеткізіңіз.
  • Конфиденциал ақпараты бар құжаттарды баршаға ортақ пошта не мессенджер сервистері арқылы жібермеген абзал.
  • Мессенджермен хат жолдағанда аудио емес, мәтін түрінде жазыңыз. Өйткені алатын адамға аудиоңызды тыңдау қолайсыз болуы мүмкін. Әрі ондағы ақпарат мәтінге қарағанда есте жақсы қалмайды. Кейін қайта қарап, тауып алуға да ыңғайсыз. Сіз жіберген хатты тыңдау үшін басқа жаққа барып не құлаққап іздеп жүрмесін.
  • Салмағы ауыр файлдарды поштаға жіберуге құмар болмаңыз. Дұрысы файлтасымалдағыштарды қолдану. Сол жерге жүктеп, поштағы соның сілтемесін ғана жіберіңіз.
  • Егер компанияда жұмыс поштасын қолдану керек болса, жұмыс мәселесін шешу үшін жеке поштаңызда қолданбаңыз.
  • Ал енді жұмыс поштасы жоқ, әркім жеке поштасын қолдануға рұқсат етілсе, барынша салмақты логин дұрыс. Айталық, supergirl, king, sexyboy дегендей мекенжай болмағаны жөн. Ең дұрысы — аты-жөніңізбен бірдей логин.
  • Хатты алушының адресін ең соңында жазыңыз. Өйткені қателесіп әлі толық бітпеген хатты жіберіп қоюыңыз мүмкін.
  • Біреу қателесіп хат жіберіп қойса, міндетті түрде жауап беріңіз. Өйткені ол керек адамға жібердім деп ойлап жүре беруі мүмкін.
  • Хатты біреуден біреуге сол күйі жіберер кезде мұқият оқып шығыңыз. Біреу көріп қалмауы керек ақпарат жолданып кетпесін. Ең абзалы — қажет деген жерін ғана көшіріп, жіберу.
  • Егер біреудікін екінші біреуге жіберетін болсаңыз, бастапқы жолдаушыға бұл жайлы ескертіп айтуыңыз керек. Неге жіберуіңіз керегін түсіндіріңіз.

Бұл ережелерді ұстану негізі аса қиын емес. Сондай-ақ, көбіне қоңырау шалғаннан гөрі хат жіберген жақсырақ. Атап айтқанда мынадай жайдайларда:

  • Қарсы тарапты шаруасынан қалдыруыңыз мүмкін болса. Немесе ол жиналыста, сабақта болса.
  • Ол адамның сағат белдеуі басқа болса, ол жұмысын аяқтап, ұйықтап жатқан болуы мүмкін болса.
  • Өзіңізге керек ақпаратты келесі тарапқа қолайлы форматта алу керек.
  • Арадағы келісім бойынша хабарласу керек.

Жоғарыда атап өткеніміздей, іскерлік байланыс кезінде белгілі бір ережеле шегеленуі керек. Егер сол ережелерді ұстанатын болсаңыз, дұрыс түсінбей қала ма деп қорықпайтын боласыз. Қалай десек те, желідегі әдепті бәрі білгені жөн. 

Сондай-ақ оқыңыз