Отандық еңбек нарығында әйелдердің үлесі қаншалықты жоғары?

Жаһандық гендерлік теңдік рейтингі жарияланды

Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жаһандық гендерлік алшақтық 2022» баяндамасының деректері бойынша Қазақстан гендерлік теңсіздік бойынша өз көрсеткіштерін жақсартты және жаһандық рейтингте 80-орыннан 65-орынға дейін көтерілді. Гендерлік теңсіздікті төмендетудің қазіргі қарқынында бүкіл әлем толық тепе-теңдікке жету үшін 132 жыл қажет болады. Теңдіктің жиынтық көрсеткіші бойынша ТОП-10 елдің қатарына Исландия (91 пайыз), Финляндия, Норвегия, Жаңа Зеландия, Швеция, Руанда, Никарагуа, Намибия, Ирландия және Германия (80 пайыз) кірген.  

Қазақстанды қарастыратын болсақ, еліміз еліміз рейтингіде 80-ші орыннан 65-орынды (72 пайыз) иеленеді. Италиядан, Израильден, Грузиядан немесе Сингапурдан кейінбіз, бірақ бұл ретте Словакия, Моңғолия, Чехия, Польша немесе Армениядан озық тұрмыз. Орталық Азия елдерінде Қазақстан 4-орында. Жалпы, бір жыл ішінде еліміз өз көрсеткіштерін жақсартты.  

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Басқарушы директоры Александра Молчановскаяның айтуынша, қарастырылып отырған критерийлер аясында Қазақстанның ең үлкен жетістігі – әйелдер мен ерлер үшін мектептегі және кәсіптік білімге қолжетімділік бойынша толық теңдік.

«Саяси құқықтар мен мүмкіндіктерге тең қол жеткізу өлшемі бойынша еліміз 146 елдің ішінде 103-орында екенін атап өткен жөн. Мұндай төмен көрсеткіштер Орталық Азияның барлық елдеріне тән. Бұл әйелдерді жоғары саяси өкілетті және атқарушы органдарға көбірек тарту қажеттігін білдіреді» деп атап өтті Молчановская.

Сонымен қатар, қолданыстағы электронды еңбек келісімшарттары бойынша жүргізілген талдауға сәйкес, әйелдер Қазақстандағы жоғары білікті мамандардың негізін құрайды. Алайда, басшылық лауазымдардағы әйелдердің ерлерге қатынасы айтарлықтай төмен. Сондай-ақ, біліктілігі төмен еңбекпен айналысатын әйелдердің саны ерлерге қарағанда едәуір көп. Ауыл шаруашылығында, құрылыста, өнеркәсіпте және көлікте ерлердің айтарлықтай үстемдігі байқалады.

Қызметкерлердің кірістерін ескере отырып, ерлердің орташа жалақысы негізгі жұмыс топтарындағы әйелдерге қарағанда едәуір жоғары. Мысалы, ер басшылар әйел менеджерлеріне қарағанда орта есеппен 12,4 пайыз жоғары жалақы алады. Кәсіби мамандар» тобындағы әйелдердің көп болуына қарамастан, олардың жалақысы ерлерге қарағанда 29,0 пайызға аз.

«Өңірлер бөлінісінде мұнай және өнеркәсіптік өңірлерде еңбекақы төлеудің айтарлықтай гендерлік алшақтығы байқалады, ал оңтүстік және аграрлық өңірлерде айырмашылық аз. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында ерлердің орташа жалақысы әйелдерге қарағанда 86 пайызға көп, және еңбекақы төлеу бойынша алшақтыққа негізгі үлес «өнеркәсіп, құрылыс, көлік жұмысшылары» және «кәсіби мамандар»  санаттарына тиесілі», дейді Александра Молчановская.

Мегаполистерде еңбекке ақы төлеудегі гендерлік алшақтық 16 пайыз – 19 пайыз диапазонында болады және еңбекке ақы төлеу бойынша алшақтыққа негізгі үлес «кәсіби мамандар» және «өнеркәсіп, құрылыс, көлік жұмысшылары» топтарына тиесілі. Сонымен қатар, Алматы облысы мен Шымкент қаласында кәсіптердің барлық негізгі топтары бойынша еңбекақы төлеудің салыстырмалы теңдігі байқалады.

Қазақстан денсаулық сақтау және өмір сүру көрсеткіші бойынша 0,977 жоғары индексімен 44-орынды иеленді.

Рейтингтегі ең қызықты көрсеткіштердің бірі – әйелдердің шешім қабылдау процестеріне қатысу дәрежесі. Осылайша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша бүкіл әлем бойынша мемлекеттік және жеке секторлардағы басшылар арасындағы әйелдердің үлесі небәрі 33 пайызды құрады, олардың ең аз репрезентациясы жеткізу тізбегін ұйымдастыру және көлік, энергетика, өнеркәсіп салаларында болды. Әйелдердің басшылық позицияларға қатысуының салыстырмалы түрде үлкен көрсеткіші (42 пайыздан 47 пайызға дейін) әйелдер басымдығы бар салаларда – білім беру, денсаулық сақтау, өзге де жеке қызметтер көрсету және коммерциялық емес ұйымдар қызметінде байқалады.

Рейтинг 146 елді қамтиды, оның 102-сі 2006 жылдан бері қатысып келеді. Скоринг 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша өлшенеді (мұнда 100 пайыз ең жоғары көрсеткіш) және гендер арасындағы алшақтықты азайту мөлшерін білдіреді және білімге қол жетімділік, денсаулықты қорғау, экономикалық белсенділік және саяси ерік-жігер сияқты көрсеткіштерді қамтиды. Рейтингті қалыптастырудың мақсаты – гендерлік теңдікке қол жеткізу бойынша неғұрлым тиімді стратегияларды бағалау және анықтау. Нәтижелері бойынша, 2022 жылы жаһандық гендерлік алшақтық 68,1 пайызға (2021 жылмен салыстырғанда+0,2 п.т.) жабылған болатын.      

Гендерлік теңдік мәселесі жақында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен БҰҰ құрылымының гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі Атқарушы директорының орынбасары Анита Бхатиа арасындағы кездесуде де әңгіме арқауы болды.

Қуантыров Қазақстанда гендерлік теңдік мәселелеріне көп көңіл бөлінетінін, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның табысты жұмыс істеп отырғанын айтты.

Министр сөзінше, елімізде 22,5 мыңға жуық ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйымдар) бар, олардың 500-ден астамы отбасылық және гендерлік саясатпен айналысып, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге маңызды үлес қосады. Әйелдер қауымы 8 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдарды басқарады.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар