Инвестиция

Қазақстан ет экспортын Өзбекстан нарығына бағыттап жатыр

Ресейге  ет экспорты көлемі бес есе қысқарды

 2022 жылдың 6 айында Қазақстаннан шетелге салқындатылған және мұздатылған ет жеткізу көлемі 15%-ға қысқарды. Ет және ет өнімдері бағасының қымбаттауы себебінен, бұл өнімдердің экспорттық құны 35%-ға өскен. Осы ретте фермерлер өз табысын арттырып қана қоймай, жеткізу аймағын да өзгерткен. Қазақстанда өсірілген  мал мен құс еті Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктеріне көптеп сатыла бастады. Ал Ресейге  кететін экспорт көлемі бес есеге жуық қысқарды.

Солтүстік көршінің нарығына ірі қара мал етін жекізудің төмендеуіне Россельхознадзордың 12 қаңтарда Қазақстаннан келетін экспортқа тыйым салуы себеп болған.  Шектеу енгізу себебі «аусылға қатысты эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты» деп түсіндірілген. Қарағанды облысының шаруашылықтарынан аусыл шыққаны 14 қаңтар күні ресми расталды.

Нәтижесінде, былтыр  алты айда қазақстандық шаруалар ресейліктерге 13,5 мың тонна ет (құс етін қосқанда) сатса, биыл оның көлемі төрт есе – 3,3 мың тоннаға дейін төмендеді. Сәйесінше, одан түсетін табыс та 4 есе азайды. Бұған дейін фермерлер Ресей Федерация нарығына экспорттан шамамен 25 миллион доллар табыс тауып жүрсе, биыл бар-жоғы 5,47 миллион доллар кіріс кірген.

 Ресей нарығына жол жабылған соң, қазақстандық фермелер өнімдерін Өзбекстан нарығына бағытттап, осы елге экспорт көлемі артты. Алты ай ішінде Өзбекстанға кеткен ет пен ет өнімдері 4,5 есе көбейіп,  2,5 мың тоннадан 10 мың тоннаға жеткен.  Өзбекстандық сатып алушылардың есебінен отандық фермерлер 40 миллион доллардан астам табыс тапты. Қазақстаннан Өзбекстанға жөнелтілген өнім жалпы ет экспорты көлемінің 31 пайызын құрады. Өзбекстан статистика комитетінің мәліметі бойынша, биыл алты айда осы елге  келген ет импорты129 миллион долларды құраған.

Өзбекстанға ет  экспорттауға рұқсат алған қазақстандық фермелер саны артып келе жатқандықтан, жыл соңына дейін  Қазақстаннан Өзбекстанға экспорт көлемі біраз өсуі мүмкін. Өзбекстан Республикасы Ветеринария және мал шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік комитетінің мәліметі бойынша, қазір импорт жеткізушілері тізіліміне Қазақстанның 57 компаниясы (осы жылдың маусым айымен салыстырғанда 19-ға көп) кіреді. Олардың қатарында «Макинск құс фабрикасы», «Астана агропродукт», «Ақтөбе ет кластері» сияқты ірі кәсіпорындар да, жеке кәсіпкерлерге тіркелген шағын шаруа қожалықтары да бар.

Сонымен қатар, соңғы жарты жылда ет өнімдерін экспорттау құрылымында Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізілім екі есеге өскен. Алты ай ішінде фермерлер арабтарға 5,6 миллион долларға ет сатыпты, бұл қазір Ресей мен Қырғызстанға кететін экспорт көлемімен бірдей дерлік.