Қазақстанда екі аптаға жететін бензин мен дизель қалған

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
Шаруаларға жеңілдетілген бағамен дизель отыны бөлінді

22 тамыздағы жағдай бойынша, елімізде 14 күнге жететін АИ-92 бензині, 13 күнге жететін дизель отыны қалған. Бұл туралы 23 тамызда үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, шаруаларға күзгі дала жұмыстары үшін жеңілдетілген бағамен 423,5 мың тонна дизель отыны бөлінген. Шілде айында 106,6 мың тонна жөнелтілсе, тамызда 148,2 мың тонна бөлінген. Министр елдегі МӨЗ-дер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін дизельмен қамтамасыз етуге басымдық беріп жатқанын айтты.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 1 тонна жанар-жағармай бағасы 222 мың теңге немесе 1 литрге 184 теңге деп белгіленді. Жеткізу мен сақтауды ескере отырып, шаруаларға бекітілген баға бөлшек сауда бағасынан 15-25 пайызға төмен болмақ.

«22 тамызынағы жағдай бойынша мұнай базалары мен жолдағы АЗС-тердегі АИ-92 маркалы бензиннің жалпы қоры 180 мың тоннаны құрайды, бұл 14 күнге жетеді. Дизель отыны қоры 220,8 мың тонна, ол 13 күнге жетеді. Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарындағы қор АИ-92 – 71 мың тонна, дизель отыны – 53,4 мың тонна», деді министр.

Ақшолақовтың айтуынша, АИ-92 маркалы бензинге қатысты жағдай тұрақты, магистральдық жанар-жағармай құю станциялары желілерінде шектеу жоқ. Ал дизель отынын сатуға бірақ шектеу бар, отынды талон мен карта бойынша сатуға көшіп, лимит белгіленген.

«Қазіргі таңда мұнай өңдеу зауыттары жеткілікті мөлшерде жанармай өндіреді, атап өткендей, зауыттардағы қор шамамен 50 мың тоннаны құрайды. Алайда зауыттардан мұнай өнімдерін жөнелту тұрақсыз болып тұр. Қажетті бос вагон-цистерналар дер уақытында жеткізілмейді. Осыған байланысты бүкіл жеткізу тізбегі буындары – мұнай өңдеу зауыттарының, ҚМГ, ҚТЖ, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жақсы үйлестірілген жұмысы қажет», – деді ол.

Айта кетейік, 22 тамыз күні Энергетика министрінің бұйрығы күшіне еніп, соған сәйкес, 1 литр дизель отынына 230-дан 450 теңгеге дейін сараланған тариф белгіленді.

Сондай-ақ оқыңыз