Жаңалықтар

Елімізде адал кәсіпкерлерді негізсіз қудалауға жол бермеу жұмыстары жүргізілуде

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кәсіпкерлік субъектілерін қорғау жөніндегі жұмыс тобының кеңейтілген отырысын өткізді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Отырысқа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық жедел-тергеу құрамы, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Үстеміров және өңірлік палаталардың өкілдері қатысты.

Адал кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тартуға жол бермеу, тергеу әрекеттерімен шамадан тыс қысым көрсету бойынша оң жұмыс нәтижелері талқыланды.

Атап айтқанда, тергеуге нұқсан келтірмей, қылмыстық процесті оңтайландыру арқылы кәсіпкерлерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қылмыстық істері бойынша 900-ге жуық тергеу әрекетінен қорғады.

Бизнесмендерді, коммерциялық фирмалардың қызметкерлерін шақыру екі есе қысқарды.

Бұл жұмыс Агенттік Төрағасының а.ж. 13 шілдедегі бұйрығына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық арқылы жүргізіледі.

Ведомстволық құжат сотқа дейінгі тергеп-тексеру қағидаларымен қатар кәсіпкерлік субъектілерін қорғауға арналған арнайы тарауды қамтиды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Ұлттық палатаның бизнеске құқықтық көмек көрсету бойынша бірлескен жұмысы таныстырылды.

Кеңесте кәсіпкерлердің неғұрлым проблемалық өтініштері бойынша кейстік міндеттер қаралды. Бірқатар аумақтық департаменттердің басшыларына олар бойынша нақты, жан-жақты шаралар қабылдау тапсырылды.

Кәсіпкерлердің өтініштерін уақытылы қарау үшін мемлекеттік органдар тарапынан олардың қызметіне заңсыз араласуға байланысты өтініштерді қарау бойынша бизнеспен онлайн кездесулерді Ұлттық палатамен бірлесіп жүйелі негізде өткізу туралы шешім қабылданды.

Отырыс қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектілерін қорғау жөніндегі жұмысты одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді.