Ресурстар

Қазақстанда биыл астық тапшылығы бола ма?

Министр жағдайды баяндады

Үкімет отырысы кезінде премьер-министр Әлихан Смайылов жем-шөппен қамтамасыз ету және егін орағы науқанына дайындық туралы тапсырмалар берді. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, ауыл шаруашылығы жануарларын азықпен қамтамасыз ету жұмыстары аясында жем-шөп дақылдарының егіс алаңдары 448,1 мың гектарға ұлғайды. Жем-шөп сатып алуды субсидиялауға қаражат бөлінді, жем-шөп астығын сатып алу үшін Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталы артты.

Сондай-ақ 1 қазанға дейін Қазақстан Республикасы аумағынан бидай шығаруға квоталардың қолданысы ұзартылған. Бұдан басқа, әрбір өңір бойынша жүйелі шараларды қамтитын Азық өндірісі саласын дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы әзірленіп, бекітілді.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, 2022 жылғы 31 қаңтарда ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басын күтіп-бағу шығындарын ішінара өтеу үшін Үкіметтің резервінен Маңғыстау облысына 663,9 млн теңге бөлінді. 2022 жылға облыс әкімдіктері мал азығын сатып алу құнын арзандатуды субсидиялауға 11,5 млрд теңге бөлген.

Сонымен бірге министр республиканың барлық өңірінде жаппай егін жинау басталғанын айтты. Бүгінде барлығы 2,2 млн га дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар (13,9 пайыз) жиналды, орташа өнімділік 14,6 ц/га жағдайында 3,3 млн тонна астық бастырылған. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жиналған алаң 23,4 млн гектарды құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 387,1 мың гектарға артық.

Ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, жалпы астық жинаудан күтілетін көлем республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ету, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспортқа өткізу және дәстүрлі нарықтардағы сауда позицияларын сақтау үшін жеткілікті дейді ведомство басшысы.

Егер дақылдар, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар дақылдар бойынша бидай жинау алаңы 12,9 млн гектарды құрайды, оның 1 054,3 мың гектары немесе 10,1 пайызы 14,4 центнер өнімділікпен жиналды, 1,5 млн тонна бастырылды.

Майлы дақылдардан 3 463,4 мың гектардың егіні жиналуы тиіс, бүгінде гектарына 7,0 центнер өнімділікпен 16,6 мың га жиналған. Картопты 198,9 мың га алаңнан жинау қажет, 675,7 мың тонна өнім жиналды, өнімділігі – гектарына 203,3 центнер. Көкөністерді жинау алаңы 169,7 мың га құрайды, 253,0 ц/га түсімділігімен 1,9 млн тонна жиналыпты.

«Егіс науқаны сапалы тұқымдарды қолдана отырып, оңтайлы мерзімде жүргізілді. Фермерлер тыңайтқыштарды уақытында енгізді, дақылдарды арамшөптер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеуді уақытылы жүргізді. Биылғы қолайлы жағдайлар егістіктердің жай-күйіне де оң әсерін тигізді», деді министр.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліметінше, биыл күзгі дала жұмыстарына 423,5 мың тонна дизель отыны бөлінді. Шілдеде 106,6 мың тонна тиелді, тамызда 148,2 мың тоннаға төленіп, 87,4 мың тонна тиелді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жеткізу басым негізде жүзеге асырылады. Олардың бағалары өңірге байланысты бөлшек сауда бағасынан 15-25 пайыз төмен болмақ.

Баяндамашыларды тыңдап болған премьер-министр жалпы биыл мал азығын дайындау жұмыстары үшін ауа райының қолайлы болып тұрғанын айтты. Дегенмен Маңғыстау және Атырау облыстары графиктен кешігіп келеді. «Бұл өңірлер жұмыс қарқынын күшейтуі керек», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр Үкіметтің егін орағын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдағанын айтып өтті.

«Биылғы болжам бойынша, астықтың түсімі орташа жылдық көрсеткіштен жоғары болуы керек. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің басты міндеті – егін орағын уақытында және сапалы өткізу», деді Әлихан Смайылов. Сондай-ақ Үкімет басшысы элеваторлардың астықты қабылдауға және сақтауға дайын болуын қамтамасыз ету керектігін айтты.

Әлихан Смайылов дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Осы жұмыс аясында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жанар-жағармайдың бағаларын бақылау және тапшылығына жол бермеу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссия құру тапсырылды.

Жалпы егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін республикада 147,7 мың трактор, 38,1 мың астық жинайтын комбайн, 13,3 мың дестелегіш, 73,4 мың трактор тіркемесі бар. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен кредит беру пысықталғанын атап өту қажет.

Биыл Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, соның арқасында Азық-түлік корпорациясының ресурстарына 1 137,3 мың тонна көлемінде астық жеткізуге келісімшарт жасалды, ол үшін 80 млрд теңге бөлінді. Бұл ретте Азық-түлік корпорациясында 362,8 мың тонна көлемінде резервтік астық қоры бар.

Аталған астық көлемі қажет болған жағдайда ішкі нарықты тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа жіберілетін болады. Мысалы, биыл Азық-түлік корпорациясының ресурстары әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыруды жүзеге асырды. Ұн тарту кәсіпорындарына өңірлердің өтінімдері бойынша жоспарланған көлем 256,8 мың тонна болса, 204,9 мың тонна тиеп-жөнелтілді. Бидай бағасының өсуі әлеуметтік нан бағасына әсер еткен жоқ.

Қазіргі уақытта бірінші кезектегі міндет – өсірілген өнімді ысырапсыз жинап алу, бұл ретте ескерер жайт, Қазгидрометтің болжамына сәйкес күзде республиканың басым бөлігінде жауын-шашын норма шегінде, солтүстік-шығыста нормадан артық болады деп күтіледі.