Экология проблемасы «Жасыл Қазақстан» арқылы шешіле ме?

2021 жылы ұлттық жобаны іске асыруға 89,3 млрд теңге бөлінген

Былтыр 90 млрд теңгеге жуық қаражатты қажет еткен, биылдың өзінде 161 млрд теңгені жұтып алғалы отырған «Жасыл Қазақстан» дейтін ұлттық жоба аясында экология түйткілі тарқатылып жатыр ма? Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев былтыр алға қойған мақсаттар өз мерзімінде орындалды депті.

«Атмосфералық ауа сапасын жақсарту» шаралары шеңберінде 10 ірі қалада 5 жыл ішінде 16 ірі кәсіпорында шығарынды 20 пайызға қысқарту көзделіп отыр. 2021 жылы 16 кәсіпорын атмосфералық ауаға 655 мың тонна ластаушы заттар шығарды, бұл 803,8 мың тонна лимит кезінде 2020 жылғы деңгейден 3 пайызға төмен. Осы жылдың 6 айында кәсіпорындардың эмиссиялары 293,2 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 6,7 пайызға төмен»,  деді Брекешев.

Кәсіпорындардың 15,4 млрд теңге бөліп, ол қаражаттың модернизацияға жұмсалуы да министр айтып отырған міндеттердің орындалуына елеулі ықпал еткен. Мысалы, «АрселорМиттал Теміртау» қоғамының Болат департаменті агломерат бункерлер корпустары шаң тазалау жабдықтарын жаңартып, қазандық агрегаттарының электр сүзгілеріне жөндеу жүргізген. Бұл ауаға таралатын лас заттарды 1,1 мың тоннаға дейін азайтады. Енді әктасты ұсақтау корпусының шаң тазалайтын жабдықтарын қайта құру және электр сүзгілерін орнату арқылы агломераттарды жентектеу аймағының газ шығару жолын қайта жаңарту бойынша жұмыстар басталған.

Алматыдағы екінші жылу электр ортылығын (ЖЭО-2) газға ауыстыру –2025 жылға қарай ластаушы заттар шығарындыларын 80 пайызға төмендетуге мүмкіндік бермек.

Атырау МӨЗ-інде каталитикалық крекингтің түтін газын тазалау және отын газын амин қышқылымен тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек:

  • Қатты мен өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі бойынша көрсеткіштерге қол жеткізу үшін 3005 полигонның 639-ы экологиялық нормаларға сәйкес келтірілді;
  • Бөлек жинау үшін 3 876 контейнер орнатылды;
  • Жамбыл облысында 870 мың тонна түйіршіктелген шлак өңделді.
  • Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс қалдықтарын жинауға және өңдеуге арналған алаң салынды.
  • Павлодар облысында «Былқылдақ» көлі аумағының ластануын оқшаулауға бағытталған іс-шаралар өткізілуде.
  • Балқаш көлінің бассейнінде реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жүргізілді;
  • Сырдария өзенінің 50 шақырымы тазартылды.

«2021 жылы 22 арнаның су есебі цифрланды. Осы жылы 89 канал цифрландырылады», деді министр.

Ал Аралды сақтау үшін қазіргі уақытта «Арал теңізінің солтүстік бөлігін дамыту және қалпына келтіру» жобасының техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Сонымен қатар, Ақтөбе облысындағы Шалқар көлін тазарту жұмысы жалғасып жатыр екен.

Ведомство басшысы Ұлытау тау-дала массивінің экожүйесін қалпына келтіру және сақтау үшін ауданы 58,9 мың гектар «Ұлытау» ұлттық паркі құрылғанын, Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында облыс әкімдіктері орманды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарларды бекітіп, интерактивті карта дайындалып, керекті техника мен жабдық құралдары сатып алынғанын да айтты.

«2021 жылы жоспарланған 44,3 мың га орнына 66 мың гектар алқабындағы 138 млн-ға жуық ағаш отырғызылды. Биыл көктемдік отырғызылымда жоспарланған 66,9 мың гектардың 39 мың гектарына 106,4 млн ағаш отырғызылды. Орман дақылдарының негізгі жұмыс көлемін аяқтау күз мезгіліне жоспарланған. Сонымен бірге Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында өткен жылы 100 мың га сексеуіл отырғыздық. Биыл 250 мың гектар отырғызу жоспарланған. Осы жылдың көктемінде 12 мың гектар сексеуіл отырғызылды, қалған 238 мың гектар алқабындағы бөлігі күзде отырғызылады. Көрсеткіштер толығымен орындалады», деді Серікқали Брекешев.

2021 жылы республика бойынша орман дақылдарының жерсінуіне инвентаризация жүргізілген. Күзгі инвентаризация қорытындысы бойынша орман дақылдарының жерсінуі шамамен 72 пайызды құрапты.

Сондай-ақ Экология, геология және табиғи ресурстар министрі биыл Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында бекітілген жоспарлы жұмыстарды жүргізуге қаржы бөлінбегенін атап өтті, бұл Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға кедергі келтіруі мүмкін.

«Экология болашағы» бағыты бойынша 2021 жылы жалпы орта мектептің 6-сынып бағдарламасына «Экология» курсы енгізілді. Ең үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, экологиялық-биологиялық факультативтік әдістеме әзірленді. Биыл «Эко-білім берудің үздік ұйымы» жыл сайынғы ұлттық конкурсын өткізу жоспарлануда.

Біріккен Ұлттар Ұйымының PAGE бағдарламасының қолдауымен экологиялық ақпарат көзімен қамтылғандар санын арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру ұлттық медиа-жоспарының тұжырымдамасы дайындалған. Тұжырымдама қоғамдық эко-пікірді қалыптастыру үшін ақпараттық-түсіндіру кампаниясын ұйымдастыру әдісін ұсынады.

Брекешев биыл 1 қаңтардан бастап Бюджет кодексінде экологиялық төлемдердің 100 пайызын табиғатты қорғау іс-шараларына жұмсау туралы норма енгізілгене назар аударды. Дегенмен, бірқатар облыстарда экологиялық шараларды қаржыландыру экологиялық эмиссия төлемдерден түсетін қаражаттан әлдеқайда төмен. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдар, бірінші кезекте, облыстардың қоршаған ортасын қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуі, екіншіден, жергілікті бюджет қаражатын осы жоспарларға сәйкес толық көлемде жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Осы қаражатты ұлттық жобасы іс-шараларын іске асыруға пайдалануға болады.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар