Аз қамтылған оқушылардың мектеп жабдығын алуына қаржылай қалай көмектесуге болады?

Ал «всеобуч» бойынша берілетін көмек кімдерге тиесілі?

Биыл жыл сайынғы республикалық акция «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық» ұранымен өтіп жатыр. Науқан жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасады. 10 жыл ішінде осы шара аясында 2 миллионнан астам балаға көмек берілген.

Қайырымдылық акциясына кез келген адам қатыса алады: волонтерлар, бизнесмендер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар және тағы басқалары. Қатысушылар мұқтаж отбасылар мен балаларға қолдау көрсете алады, ал мұқтаж азаматтар көмек сұрай алады.

Акцияның мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажет көмек беру. Еліміздегі әр мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың атаулы, жеке тізімдері жасалған. Білім беру ұйымдарында «жедел желі» үздіксіз жұмысы ұйымдастырылған. Қиын жағдайға тап болған барлық бала мен ата-ана көмек сұрай алады.

Көмек алу үшін немесе көмектесу үшін не істеу керек?

Тұрмысы төмен отбасы оқушысына көмектесу үшін немесе көмек алу үшін білім басқармалары мен ұйымдарына хабарласу қажет.

  • Нұр-Сұлтан қаласы: 8 7172 55 69 60, 8 775 46 35 046
  • Алматы қаласы: 8 776 243 03 59
  • Шымкент қаласы: 8 7252 39 49 26, 8 707 904 04 95, 8 702 955 51 73.

Облыстар мен өңірлер бойынша сенім телефондарының толық тізімін мына сілтемеге өтіп көре аласыз.

Әрбір өтінішті мектептің алқалы органы 15 күн ішінде қарайды.

Көмекті кез келген уақытта алуға болады. Қалай?

Негізі «Мектепке жол» акциясы жыл бойы жүргізіледі. Нақты мерзімдер жоқ. Жалпы, бұл науқан 31 тамызға дейін жалғасады. Бірақ биылдан бастап демеушілік есебінен бағдарлама жыл бойы жұмыс істейді. Көмекке мұқтаж отбасы тіпті желтоқсанда немесе қаңтарда да көмек ала алады. Егер отбасы шынымен мұқтаж болса және ата-ана тіпті тамыз айының соңында немесе бір жыл ішінде көмек алған болса, тексеріс жүргізілгеннен кейін ол балаға көмек беріледі. Өйткені отбасы мұндай көмекке әртүрлі себеппен мұқтаж болуы мүмкін. Мысалы, табиғи апат, келеңсіз өмірлік, тұрмыстық жағдай және тағы басқалары.

Науқанға қатысу үшін мұқтаж ата-аналар жедел желі қызметінен бөлек, өз мектебінің әлеуметтік сала мұғалімдеріне хабарласа алады. Әрі қарай тізімдер аудан әкімдігіне жолданады.

«Мектепке жол» акциясын ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті іске қосып отыр. Ұйымдастырушылар қатарында аталған комитет, сондай-ақ:

  • облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктері;
  • білім басқармалары;
  • бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер;
  • орта білім беру сапасын қамтамасыз ету саласындағы департаменттер;
  • кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық комиссиялардың хатшылары, басқа да мүдделі тараптар кіреді.

Акциядан бұрын «Жалпыға міндетті білім беру» қоры аясында да оқушыларға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға қаржылай көмек беріледі. Биылдан бастап Оқу-ағарту министрлігі бұл көмекті беруге қатысты ережелерге өзгерістер енгізді. Бұрын «Жалпыға міндетті білім беру» қоры аясында өңірлерде бөлінген сома 17 мыңнан 40 мыңға дейін болса, биыл бұл сома ұлғайтылып, кемінде 37 389 теңге болды. Кейбір әкімдік бұл сомадан артық қаржы бөліп жатыр. Мысалы, Алматы 43 мың теңгеден қарастырды. Ведомство мәліметінше, осы көмекті республика бойынша 300 мыңнан астам оқушы алып үлгерді. Қаржылай көмек жалпы 475 мың балаға беріледі.

Сондай-ақ көмек беру тетігі де өзгерді. Биыл ата-аналарға қаржы балаларымен бірге мектеп формасын, аяқкиімін, кеңсе тауарларын және тағы басқаларын өз бетінше таңдай алуы үшін банктегі шотына аударылады. Бұған дейін мұның барлығын әкімдіктер сатып алатын және тауардың өлшеміне, сапасына, тағы басқаларына қатысты мәселелер туындайтын.

«Жалпыға міндетті білім беру» қоры аясында қаржылай көмек мына санаттағы балаларға тиесілі:

  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы отбасының балаларына;
  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы табыс көлемі күнкөріс деңгейінен аз отбасының балаларына;
  • жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасыларда тұратын балаларға;
  • төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға;
  • білім беру ұйымының алқалы органы белгілейтін білім алушыларға. 
Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар