Бізді байытпай, етектен тартатын сөздер

Бұл сөздерді ойыңыздан шығарып тастағаныңыз дұрыс

1. «500 теңге ғана екен. Ала салайын». Расында 500 теңге — елеусіз ғана сома. Сондықтан арагідік әлденені көре қалып, ала салғанда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ азғантай сома екен деп күнде бірдеңе ала беретін болсаңыз, ай сайынғы басқа шығындарды қоспағанда «ала салайынға» салып 15 мың теңгені қырт-шыртқа жұмсайсыз деген сөз. Кейбірі тіпті 500 теңгені бір күнде бірнеше рет құртуы мүмкін. Айлық ақыңыз 150 мың теңге десек, демек ойланбай, аса қажет болмаса да жұмсайтын жаман әдетіңіз үшін табысыңыздың 10 пайызын беріп отырғаныңыз. Осыны ұмытпағайсыз! Ойланып қарасақ, сол ақшаға бір аптаға азық-түлік алуға не коммуналдық төлемге жұмсауға болады. Бірақ оған айлықтан басқа қаражат қарастырамыз да, әлгі «500 теңге» синдромын керексіз шығындарға кетіреміз. Дұрыстап ойланып қарасақ, ол қаншалықты қажет? «Бар болғаны мынанша ғана» деген сөзді жиі қолданбауға тырысыңыз. Әлбетте, табысыңыз өте жоғары болса, әңгіме басқа. Ал енді орташа айлық алатындарға бұл жаман әдет деп айта аламыз.

2. «Өзімнен аяғанды ит жесін», «Өмірге бір-ақ рет келеміз». Мысалы алдыңғы кеңесімізді оқыған кейбір оқырман «Осылар-ақ үнемдеу туралы айта береді. Адам өмірге қайталап келмейді. Бір сүргенде қалағаныңды істеу керек» деуі мүмкін. Ал ондай адамдардың шын бейнесі қандай? Көбіне әлгі сөзді көп қолданатындар кредитке той жасайды, қымбат көлікті де кредитке алады. Иә, кез келген адам өмірге бір-ақ рет келеді. Бірақ солай екен деп қарызға кіру, ақшаны оңды-солды жұмсау жөн емес. Адамның қаржылық сауатына қарай оның болашақтағы өмірін шамамен елестетуге болады. Егер қаржысын басқара алатын болса, бірнеше жылдан кейін өзіне керекті алып, қалағанынша өмір сүретін адамға айналады.

3. «Тиын тұратын нәрсе. Бағасын қарап жүрудің қажеті де жоқ». Мұндай жағдай кез келген адаммен болуы мүмкін. Айталық, гипермаркетке кірдіңіз де, су алдыңыз. «Әрі кетсе 150 теңге тұрады» деген оймен алғансыз. Бағасын қарауға еріндіңіз де, кассаға жылжыдыңыз. Сөйтсе, ол премиум сападағы таза артезиан суы екен. Бағасы — 1000 теңге. Бірнеше зат алсаңыз, қайсысының құны қанша тұратынына тіпті мән бермеуіңіз мүмкін. Бірақ кейін түбіртекке қарасаңыз, қара судың өзін мың теңгеге алған болып шығасыз. Сондықтан бағасын қарап алу маңызды.

4. «Ойбай, қымбат екен. Ала берейін, ақшасы жоқ деп ойлап қалар». Бұл алдыңғы жағдайдан кейін жиі айтылатын сөз. Кассаға барғанда судың қымбат екенін көрдіңіз. «Алмаймын» деп кетіп қалайын десеңіз, қысылып тұрсыз. Өйткені бейшара көрініп қалудан қорқасыз. Сөйтіп қипақтап қалатын кез болған ба еді? Негізі осы әдіс арқылы «алдап» түсіретіндер де бар. Саудада мұны арнайы техника ретінде қолданылуы ғажап емес. Айталық, кеңесші бір тауар туралы ұзақ әңгімелеп, мақтап жатыр делік. Сізге әлгі тауар қатты ұнап қалды. Содан алуға оқталасыз. Ал енді бағасын білгенде қалтаңызға ауыр екенін білсеңіз де, кеңесшіден ұялып, сатып аласыз. Кейбірі кредитке алып тастап жатады. Негізі өзі үшін жауапкершілік алып, «алмаймын, рақмет» деуі керек еді. Болмаса, «сусынды тегін береміз. Дәмін татып көріңіз» деп промоутерлер қақпанға түсіреді. Шай шынымен тегін. Бірақ есесіне қасына десерт алуға көндіріп, ол тіскебасары 10 шайдың бағасын сұрайды.  Дер кезінде «жоқ» дей алмаған адам осылай «алданып» жүре береді. Сөйтіп ақшасы пайдасыз нәрселерге кетеді. Сондықтан қалтаңыз көтермей тұрса, шынын айтудан қысылмаңыз. «Алмаймын» десеңіз, сізді ешкім қинамайды. «Не ойлап қалады?» деп те бас қатырмаңыз.   

5. «Акциямен сатып жатқанды алмаймын. Өйткені мен кедей емеспін». Мұндай ой мазалайтын болса, түбінде балалық травма бар болуы мүмкін. Көбіне кедей отбасыда, жоқшылықты көп көріп, тек жеңілдігі бар тауарларды алып өскен адамдар осындай ойда болады. Мұны жаман әдет деуге келмейді. Кейде шынымен акция дегені қақпан болып шығады. Бірақ сау ақылға салып шешім қабылдай білген одан да жақсы. Айталық, сізге қажет, ұзақ қолданатын бір тауар қазір жарты бағасына сатылып жатса, алыңыз. Ақыры алынатын нәрсе үшін жеңілдікті неге пайдаланбасқа? «Акция аңдымаймын» деген позицияңыз мұндайда кедергі болады. Сол ойға салып, үнемдейтін жерде құр қалып қоймаңыз.

6. «Бәлен жерде акция болып жатыр. Бітіп кетпей тұрғанда бару керек». Бұл алдыңғыға қарама-қарсы позиция десек болады. Өйткені мұндай түсініктегі адамдар жеңілдік көрсе, жүгіреді. Ол зат қаншалықты керек, қаншалықты тиімді — бас қатырып жатпайды. Мақсаты — акцияда «асап» қалу. Акциялардың дені сауданы көбейту мақсатында жасалады. Тіпті бәрі сондай десек, артық емес. Арасында шынында тиімділері де болады. Бірақ есіңізден шығармаңыз: акция бірінші кезекте сатушыға тиімді. Өзіне пайдасы болмаса, ұйымдастырмас еді. Ойламаған жерден акциямен сатып жатқан тауарды іліп әкету — жақсы әдет емес. Үнемдеймін деп ойлауыңыз мүмкін. Ал шын мәнінде ақшаңызды желге кетірген болып шықсаңыз, ғажап емес.  

7. «Үйге тегін алдыру үшін соманы жеткізіп тастайын». Кез келген дүкенде жеткізу қызметінің өз шарты болады. Көпшілігінде «10 мың теңгеден асса, тегін апарып тастаймыз» дегендей ұсыныстар беріледі. Содан сол сомаға жеткізу үшін керегі бар, керек емесі бар — бәрін ала бересіз. Тіпті «тегін жеткізу қызметімен алдырдым» деп мәзсіз. Мұндайда математикаға салып, есептеп көрген жақсы. Айталық, жеткізу құны 1000 теңге болсын. Осы үшін 10 мың теңгеге зат алуыңыз керек. Нақты керек тауар 3000 теңгеге шықты. Тегінді пайдаланамын деп тағы 7000 теңгеге әлденелер алдыңыз. Ішіндегі кейбірі кәдеге де жарамайтын заттар. Ал енді қараңыз: егер керек нәрсені алып, ақылы жеткізумен алдырғанда 4000 теңге жұмсар едіңіз. Тегінге жүгіріп, үстіне 6000 теңге қоса шығындалдыңыз. Сонда кім ұтты, кім ұтылды?

8. «Қымбаттау екен. Кредитке алу керек». Кей заттарды кредитке алудан өзге амал болмауы мүмкін. Әрі ол үйге не өзіңізге аса керек болса, бәлкім дұрыс та сболар. Дегенмен онша қажеті болмаса да, көзі қызығып қарызға алатындар бар. Негізі кредитке алғаныңыз ол затты алуға шамаңыздың келмейтінін білдіреді. Солай ма? Өмір сапасын арттыратын маңызды заттарды бөліп төлеуге, кредит ретінде рәсімдеуді түсінуге болады. Ал енді қыдырыс үшін не ойланбаған сауда үшін қарызға кіру жақсы шешім емес. Он ойланып барып алуға кеңес береміз. 

9. «Төрт затты екі заттың бағасына алуға болады екен. Алып алайын. Тиімді ғой». Бір қарағанда супер тиімді ұсынысқа ұқсайды. Бірақ аларда ойланыңыз. Екеуі жеткілікті ме, әлде төртеуі қажет пе? Сауданы сау ақылмен жасаған жөн. Үйде қоятын жер таба алмай, қолданылмай қалуы мүмкін болса, онда аларда ойланыңыз. Жалпы үйде артық заттың көп болуы миға салмақ түсіреді. Осындай ойланбай алған саудадан кейін үйіңіз ыбырсып, қоқысқа толып кетуі мүмкін. Сол себепті акцияларға үйір болсаңыз, бағамдауды үйреніңіз.

10. «Еріншектігім ұстап тұр. Такси шақырайық та, үйге барып тамақты тапсырыс беріп алдырайық». Мұндай жалқаулық басатын кез барлық адамда болады. Дегенмен мұнда да шек болуы керек. Қалтаңызға салмақ болса да, артын ойламай осылай ақша құрта берген жөн емес. Бүгінде мобайл қолданбаға банк картасын байлап қоятын ыңғайлы қызмет көп. Кейде солардың кесірі тиеді. Демде шотыңнан ақша шешіп, дереу қалауыңды әкеп беретін, апарып тастайтыны қолайлы болғанымен, миымызды «өшіріп» тастап, ойлануға мұрша бермей қояды.

11. «Мына категориядағы заттарға кэшбек көп береді. Аламын». Банктер не дүкендер арагідік клиенттеріне жоғарылатылған кэшбек беретін категориялар ұсынады. Мысалы зергерлік бұйымнан 15 пайыз дегендей. Мұны естіген клиент өзіне керек болмаса да, бір бұйым алуы мүмкін. Ар жағында өзіне тиімді болғандай, қайтқан кэшбекті ойлап мәз болады. Дегенмен ақша үнемдеуден бұрын ақша шығармауды үйренген жақсырақ. Кез келген сауда жасарда жоспар болғаны жақсы. Белгілі бір бөлігі қайтады екен деп белгілі бір соманы шығындау жақсы идея деп айта алмаймыз.

12. «Былай, болатын сияқты. Әйтеуір бірдеңе алып шығайын». Кейде адам қалаған затын іздеп көп сандалып жүріп қалады. Ешқайсысы көңілінен шықпайды. Сөйтіп соңында қатты шаршап, кеткен уақыты құр болмасын деп 100 пайыз ұнамаса да, «былай болатын сияқты» деп бірдеңе ала салады. Мұндайда адамды екі түрлі ой мазалайды: мынаны қазір алса, қатты ұнап тұрмағандықтан кейін қолданбауы мүмкін. Екінші жағынан сонша уақыты шопиңге кетті, үйге құр қол барса, шаршап, көңілі түседі. Содан ойлана келе, әйтеуір біреуін ала салайын деп шешеді. Дұрыстап қарасақ, алмай кеткенде, дүкеннен құр қол шыққанда тұрған ештеңе жоқ.

13. «Оңай келген ақша оңай кетеді». Кейде ойламаған жерден жақсы табыс табуыңыз мүмкін. Бірақ оған көп күш салмағансыз. Мұндайда көпшілігі «оңай келген ақша оңай кетеді» деп демде жұмсап тастайды. Егер сау ақылмен ойланғанда ол ақшаны босқа шашпас еді. Ойланып, өзі үшін тиімді шешім қабылдар еді. Кредитінің айлық төлемін жасай ма, қорға салып қоя ма — әйтеуір бос шығындамайды.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар