Осы жазда Пәкістанда су тасқынынан 900-ден астам адам қаза тапты

Жарияланды
Оның ішінде 326 бала көз жұмды

Осы жазда Пәкістанда муссондық су тасқыны кем дегенде 903 адамның өмірін қиды, оның ішінде 326 бала, деп хабарлады CNN телеарнасына Пәкістанның Климаттың өзгеруі жөніндегі министрі Шерри Рехман.

Оның айтуынша, «мыңдаған адам баспанасыз қалды, тамақсыз қалды, байланыс желілері үзілді».

«Бұл ауыр гуманитарлық апат», – деді министр.

Жергілікті биліктің мәліметінше, 3 мың шақырымға жуық жол мен 129 көпір бүлініп, айтарлықтай шығынға ұшыраған аумақтарға кіруге кедергі келтіріп, 500 мыңнан астам мал қырылған.

БҰҰ-ның гуманитарлық істерді үйлестіру басқармасының мәліметінше, маусым айының ортасынан бері Пәкістанда 2,3 миллион адам су тасқынынан зардап шекті және 95 мыңнан астам үй қирады.

Пәкістан билігі халықаралық гуманитарлық көмек сұрады, деп хабарлайды телеарна.

Сондай-ақ оқыңыз