Мерфи заңы: қырсық неге бір айналдырса, шыр айналады?

Жарияланды
Бұл заңдылықтан өзімізді сақтай аламыз ба?

Қазақта «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген бар. Шынында, жағымсыз жайт болуы керек, ақыры болады. Немесе кейде «осылай болып қалмаса екен» деп тілегенде дәл солай болып шығатыны бар. Мұндай принципті «Мерфи заңы» деп атайды. Ол күнделікті өмірде әрқайсымыздың басымыздан өтіп көрген. Кейбірі мұны «зұлымдық заңы» не «сэндвич заңы» дейді. Бүгінгі материалымыз Мерфи заңы туралы. Бірнеше мысалын да қарастырып көрелік. Бәлкім, біразы сіздің өміріңізде де болған шығар.

  • Жөндеу кезінде болатын заңдылық: қолыңызды майласаңыз, міндетті түрде мұрныңыз қышиды;
  • Кездейсоқ сандар заңдылығы: егер нөмірді қате теріп қойсаңыз, тұтқаның ар жағында желі бос емес болып тұрмайды. Міндетті түрде біреу тұтқаны көтереді;
  • Алиби заңдылығы: егер жұмыстан кешіккеніңізге сылтау ретінде «машинамның дөңгелегі жарылып қалды» деп өтірік айтсаңыз, ертең дөңгелек шынымен жарылып қалады;
  • Кезек заңдылығы: сіздің кезегіңіз үнемі ақырын жылжиды. Тіпті басқа жаққа ауысып кетсеңіз де жылжып болмайды;
  • Ванна заңдылығы: бүкіл шаруаңызды реттеп, енді бір жақсылап ваннаға түсіп жатқанда біреу қоңырау шалады не есік қағып тұрады;
  • Кездесу заңдылығы: көшеде біреуден келе жатқанда «осы кісімен жүргенімді таныстарым көріп қалмаса екен» десеңіз, міндетті түрде дәл сол адам алдыңыздан шығады;
  • Шаш жуу заңдылығы: бұл әсіресе, қыздарға тән. Далаға үй киіммен, май-май шашпен шыға салғанда «тез барып келем, ешкім кезіге қоймас» деп ойлайсыз. Бірақ міндетті түрде таныстарыңызбен жолыңыз түйіседі;
  • Кеңсе заңдылығы: компьютеріңіз істен шығып қалып, әріптесіңізден көмек сұрайсыз. Бағанадан бері істемей тұрған компьютер жаныңызға адам келгенде істеп кетеді;
  • Биомеханика заңдылығы: бір жеріңіз қышыса, ол міндетті түрде қасылуы қиын бір жер болады;
  • Театр заңдылығы: орны кіреберістен алыс адамдар көбіне кешігеді. Сөйтіп басталып кеткенде бәрінің назарына ілігеді; 
  • Аяқ-киім заңдылығы: сізге қатты ұнаған аяқ-киімнің өлшемі сәйкес келмей қалады;
  • Дәрігер заңдылығы: ауырып, дәрігердің қабылдауына жазылсаңыз, ауырғаны басылады. Ал енді басылады деген үмітпен үйде жата берсеңіз, ауырғаныңыз қоймайды;
  • Уилл мен Гай заңдылығы: әлдебір файлды сақтап қоймасаңыз, компьютерге бірдеңе болып, дәл сол керек файл өшіп кетеді;
  • Тітіркену заңдылығы: бір зат ұзақ уақыт бойы үстел үстінде керексіз болып тұрып қалған соң алып тастасаңыз, дереу керек болып қалады;
  • Банк заңдылығы: сізге керек емес кезде банктер кредит бергіш болып кетеді;
  • Кайо заңдылығы: дәл сіз кешіккен күні іс-шара дер кезінде басталады;
  • Хеопс заңдылығы: ештеңе ешқашан жоспарға сай салынбайды, ойыңыздағы бюджет те жетпей қалады;
  • Тайм-менеджмент заңдылығы: жобаның алғашқы 80 пайызы уақытыңыздың 20 пайызын ғана алады. Ал енді қалған 20 пайызы уақытыңыздың 80 пайызын алады;
  • Жұма жақындаған сайын уақыт өтпей, жұмыс күні ұзарып кетеді әрі жұмыстың бітуіне 10 минут қалғанда тығыз шаруа шығып қалады;
  • Нағыз керек кезде принтердің қағазы бітіп қалады не істен шығады;
  • Беріліп істеген жұмысыңызды бастығыңыз оқымайды. Ал енді жүрдім-бардым істей салсаңыз, кемшіліктерді көріп қояды;
  • Кешіккен кезде автобус асықпай жүріп, әр аялдамада ұзақ тұрып алады;
  • Аялдамаға ерте барған кезде автобус келіп болмайды. Ал асыққанда қуып жетіп үлгермей қаласыз;
  • Не іздесеңіз, сол жоқ. Ал енді қажеті жоқ болған кезде әлгі жоғалған зат аяқ астынан табыла келеді;
  • Чек керек емес деп тастап кеткенде бір затты өткізу керек болып қалады;

Бизнес және психология

Бизнесте. Әдетте бұл заңдылық әдетке өмірде болса, әрі кетсе ашулануыңыз мүмкін. Ал енді бизнесте бола қалса, мұның соңы қиындау болуы ғажап емес. Сол себепті Мерфи заңынан әр кәсіпкер барынша қорғанып жүреді. Әрине, барлығын дерлік реттеп қою мүмкін емес. Дегенмен кейбірінен сақтануға әбден болады. Мысалы, маңызды жиналыстың алдында көйлегіңізге кофе төгіп алудан қашып құтылмасаңыз да, кеңсеге тағы біреуін қойып қойсаңыз ыңғайсыз жағдайдан шығып кетесіз. Бұл енді ұсақ-түйек. Ал бизнесте көлем үлкенірек. Егер компанияның желілік қауіпсіздігіне қандай да бір қауіп төнетін болса, онда Б планын жасап қоюыңыз керек. Түрлі форс-мажор кезінде өзіңізді қалаай ұстайсыз, соны да анықтап алыңыз. Деректердің резервтік көшірмесін ұстау, апат жағдайында жарық өшіп қалса оны тез қалыпқа келтіру жүйесін реттеу дегендер маңызды. Яғни шамалы ғана ашуландырғанымен, түбегейлі сізге соққы бермейтіндей жоспар болғаны жақсы. Барлығының алдын алу әсте мүмкін емесі белгілі. Бірақ кейде ерінгеннің салдарынан қиындыққа ұшырап қалып жатамыз.

  • Сату маманы экономикалық ахуал төмендегенде өзінің ірі клиенттерінен айырылып қалмаудың жолын ойластыруы керек. Және ондай сәттің жақындағанын алдын-ала біліп отыруға тиіс;
  • Маркетолог белгілі бір өнімнің кемшін тұсы анықталса, оны жарыққа шығару стратегиясы бұзылуы мүмкін екенін біліп отыруы керек;
  • Менеджер болса, мықты маманның басқа жерден жақсырақ ұсыныс түскен жағдайда оп-оңай жұмыстан шығып кетуі мүмкін екенін біліп отыруы қажет; Болдырмаудың амалын жасауға тиіс;

Жалпы алғанда адам басқалардың әрекетін бақылауда ұстай алмайды. Өйткені адамдардың іс-әрекетіне білім деңгейі, эмоциялық жай-күйі, күйзеліс немесе физикалық шаршау сынды түрлі факторлар себеп болады. Яғни күнде бір нәрсе істеп, қалауы бірдей болып жүрген адамның өзі бір күні, бір сәтте басқа әрекет істеуі мүмкін. Uptime Institute зерттеуіне сүйенсек, жұмыс орындарындағы инциденттердің 70 пайызы адами қателіктің салдарынан болады екен. Жалпы алғанда адамды адам болғаны, қателесетін пенде болғаны үшін түсіне білген жөн. Қызметкеріңіз хатты қателесіп басқа біреуге жолдап қойса, бір сымды басқаша жалғап қойса — ондай жағдайларға алдын-ала әзір болуыңыз керек. 

Психологияда. Негізі Мерфи заңы болып қалуы мүмкін деген оймен үнемі қысылып жүру адамды параноик етіп жіберуі мүмкін. Яғни ол адам өмірдегі әр жағдайдың тек жаман жағын көретін болып кетеді. Психологияда қалай әрекет еткен дұрыс деп саналады? Осыған тоқталсақ. Сонымен дұрыс ойлап тұрсыз ба, әлде қате ме — қалай ажыратамыз?

  • Егер өмірдегі белгілі бір жағдайға қатысты Мерфи заңы болып кетеді деп ойлап, ол кезде өзіңізді қалай ұстайтыныңызға іштей дайындалып жүрсеңіз — ойыңыз дұрыс;
  • Егер сіз жаман нәрсе болады деп ойлап, бірақ ол қауіп-қатерге дайындалмасаңыз, Б планын құрмасаңыз — мұныңыз қате;

Яғни адам проблеманы шешу туралы ойланғаны жөн. Ал енді жай ғана ойлап, оны қалай шешетінін білмей мазасызданып, уайымдай берсе, одан келер пайда жоқ. Мұндайда сіздің ішкі күйзелісіңіз ештеңе өзгерте алмайды. Егер «былай болып қалса, осылай істеймін» деп дайындалған болсаңыз, онда қатерді түбегейлі болдырмай қала алмасаңыз да, жеңілірек қабылдайсыз. Психологтар қиын жағдайға дайындық жасау күйзелісті азайтады дейді. Яғни адам бірдеңені қалай істейтінін ойлап, елестетсе, жеңілдейді. Сондықтан болашақта болуы мүмкін жағдайлар туралы негатив ойласаңыз, оның дұрыс не бұрыс ой екенін бағамдап алыңыз. Өзіңізге дұрыс сұрақ қойыңыз. Мысалы мынадай:

  • Жеке өмірімде немесе қызметімде қандай 5 жаман жағдай болуы мүмкін?
  • Ол мәселелер қалай болуы мүмкін?
  • Оған не себеп болуы мүмкін?
  • Оларға қайтсем дұрыс реакция білдіре аламын?
  • Келеңсіз жағдай болған кезде өзімді қалай сезінемін?
  • Күйзелісті басу үшін қандай стратегиялар қолдануым керек?
  • Форс-мажор бола қалса, не нәрсе көңілімдегдей болмай қалуы мүмкін?

 Осы сауалдарды жазыңыз да, жауабын барынша байыпты және эмоция қоспай әзірлеуге тырысыңыз. Неғұрлым көп жауап берген сайын, өзіңізге жақсы. Басқалардан осы жайлы сұрап көріңіз. Не ойлайды екен? Жоспарлаудың кез келген түрі секілді бұл да қиын процесс екені белгілі. Бірақ осындай стратегияның арқасында келешекте туындауы мүмкін мәселелердің сізді сындырып тастамауына сеп болады. Негатив жайлы айтқанда позитив туралы да айта кету керек. Жақсы ой өте маңызды. Сондықтан Б жоспарын құрып жатқанда келеңсіз жайттарға дайындық екенін түсініп, жақсы нәрсе істеп жатқаныңызды ойлаңыз. Осы жағынан алғанда Мерфи заңы тек жаман жайттан тұрмайтынын білуге болады. Ебін тауып, есебіңізді түгендеп ала аласыз. Ал енді елемей, ескермей жүрсеңіз, оңдырмай соққы беруі де мүмкін.

 Сонымен бірге адамның қабылдауына қатысты да мынадай нәрсені ескеру керек. Біз тым қатты беріліп кетеміз: не күніміз өте керемет өтеді, не өте ауыр болады. Күн ғана емес, кез келген дүниеде солай қарастырамыз. Жұмыс, зат, ойын, тәжірибе, адам — бәрі солай. Ал негізі мұнымыз дұрыс емес. Барлығы түгелдей жаман сипат алмайды. Адамның көңіл-күйі жоқ кезде барлығын ақ-қара деп қана қарастырады. Сол себепті ішіңізден мына сауалға жауап алыңыз: дәл қазір болған жағдай қырсық шалған Мерфи заңы ма, әлде мен жай ғана бәрінен негатив көргім келіп тұр ма? Жауабын ойланыңыз да, соған байланысты әрекет етіңіз. 

Сондай-ақ оқыңыз