Робин Шармадан өмірді өзгертуге 10 идея

Жарияланды (жаңартылды )
Бір қарағанда қиын, бірақ жақсы өзгеріске бастайтын әрекеттер

Кітап дүкендерінің сөресінен Робин Шарманың шығармаларын көріп жүрген боларсыз. Оның көшбасшылық, мотивация, жеке даму туралы ондаған кітабы бар. Жазушы болғанға дейін ол мықты компанияда адвокат болып істеген. Бірақ арманы мұндай карьерадан да асқақ екенін түсініп, жазуға бет бұрады. Осылайша «Феррариін» сатқан монах» деген алғашқы кітабын шығарады. Туындылары оқырман көңілінен шығып, одан кейін тағы бірнеше кітап жазады. Осылайша талай оқырманының өміріне жағымды өзгеріс әкелуге, күшін тануына себепкер болған. Ондай оқылымды, танымал автор болуына оның кітаптарындағы идеялары әсер етеді. Яғни дамуға, өзіңді тануға үндейді. Ендеше, автордың он үздік идеясын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Күніңізді көңілді бастаңыз. Таңды дұрыс бастасаңыз, күніңіз жемісті өтеді. Табысты адамдарға тән қасиет — күнін ерте бастап, алғашқы сағаттарында өздеріне ұнайтын іспен айналысатыныны. Бір қарағанда білінбегенімен, айналамыз неше түрлі жағымды сәттерге толы. Айталық, күннің бозарып атқаны, тәтті таңғы ас, сергітетін душ, жақындарыңыздың күлкісі және т.б. Айналысқан нәрсеңізден рақат алыңыз. Егер ерекше мән бере білсеңіз, кез келген істен ләззат алуға болады. Таңды қолда барыңызға шүкір етуден бастаңыз. Өзіңізді позитивке толтыру арқылы күніңіздің сондай жағымды жалғасын табуына әсер етесіз. Ал бұл болса, өнімді жұмыс істеуге, өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.   

Уақытты басқаруды үйреніңіз. Адам баласында бар ең қымбат ресурс — уақыт. Оның орнын толтыру мүмкін. Ол сонысымен құнды. Сол себепті уақытты басқара білу машығы софт-скилз ішіндегі маңыздыларының бірі саналады. Егер уақытты дұрыс пайдалана білмесеңіз, мақсатқа жету жолыңыз ұзарады. Сондықтан уақытты жоспарлау керек. Сонымен бірге тек жұмысты ойламай, сол жоспардың ішіне жақындармен демалысты да міндетті түрде қосу керек.

Өмірдің тәтті дәмін сезіңіз. «Феррариін» сатқан монахтың» негізгі ойы — нағыз трагедия адамның өлімі емес, көзі тірісінде көзіндегі жалынның өшуі деп келтіреді. Автор көбіне рухани, ішкі «Меніңізді» табудың маңызын айтады. Материалдық құндылықтардан бас тартып, одан да маңызды әрі құнды дүниелегер ден қоюға шақырады.

Назарыңызды басты нәрсеге қойып үйреніңіз. Интернет заманында әлеуметтік желілер, әрине, жақсы құрал саналады. Дегенмен уақытыңызды білдіртпей «жеп», өнімділікті азайтатынын да айта кету керек. Қажетсіз ақпараттың бәрі біздің тез шаршап, жұмысқа құлықсыз болуымызға әсер етеді. Сондықтан Робин Шарма ұсақ-түйекке назар аудармай, басты мақсатыңызға ден қоюға шақырады. Концентрация сақтаған сайын шаруаңызды сапалы әрі тез аяқтайсыз.     

Алаған қол — береген. Бизнесін нөлден бастаған танымал кәсіпкердің бәрі ерте ме, кеш пе «алыс-беріс» деген баланс маңызды екенін түсінеді. Адам неғұрлым атақты болып, байи түскен сайын әлемге соншалықты уақыт, энергия бөлуі керек болады. Мысалы, енді бастап жатқан кәсіпкерлерді қолдау, жас әріптесіне ұстаздық ету дегендей. Осындай жақсы істерден құралған шеңбер өсуге әкеледі. Мейлі қандай түрде жасалсын, қайырымдылық — табыс кілті.

Шынайы көшбасшы болыңыз. «Титулсыз көшбасшы» кітабында Робин Шарма еркіндіктің қаншалықты маңызды екенін жазады. Яғни өзіңді шынайы ұстау — еркіндікке апарар жол. Көшбасшы болу үшін дипломның қажеті жоқ. Бастысы, шешім қабылдай алу, жасаған істің бәріне жауапкершілік алу, мәселелерді дереу шеше білу, басқаларға көмектесуге әзір болу — осы нәрселер ғана керек. Ұлы адам ғана ұлы көшбасшы бола алады. 

Тепе-теңдікті жоғалтпаңыз. Кейде адам эмоцияға ерік беріп қояды. Ондайда объективті шешім қабылдай алмай қалуымыз мүмкін. Бұл болса, қате әрекеттерге бастайды. Ол кейін ойланбай қабылданған шешімге, өзгелермен негатив қарым-қатынаста болуға, өмір сапасына әсер етеді. Сондықтан бірден ашуға булықпай, күйзеліске кіріп кетпей тепе-теңдік ұстай білуді үйрену керек. Бұл бір қарағанда қиын сияқты. Дегенмен бір рет жасап көрсеңіз, жағымды әсерін дереу сезесіз. Эмоцияңызды басқарыңыз. Сонда істеген ісіңізге өкінбейсіз.

Бүгін өміріңіздегі ақырғы күн болса, не істер едіңіз? Робин Шарма кітаптарында оқырмандарға осы жайлы ойлануға кеңес береді. Елестетіп көріңіз: бүгін осы ғаламда өмір сүріп жатқан соңғы күніңіз. Ойыңызды, әрекеттеріңізді өзгертер ме едіңіз? Өткерген өміріңізді туралы ойлағанда бойыңызды қандай сезім билейді? Бақытты, көңілді сәттерден тұратын өмір үшін қуанасыз ба? Әлде уақытты құр жібергеніңізге налисыз ба? Өмірге өзгеріс енгізу үшін жас болу міндетті емес. Әлемде қарт кезінде де өмірін өзгерткендердің мысалы жетерлік. Түбін қазып көрсек, ондай адамдардың басым көпшілігі ауыр дертке шалдығып, ішкі терең күйзелісте жүргендер екенін аңғарамыз. Яғни белгілі бір жағдайлар оны толғанып, өмір жайлы көзқарасын түбегейлі өзгертуге әсер еткен. Ұнамайтын жұмысынан шығып, дееструктив әдеттерді қойып, басты арманына қарай жол бастаған. Сондықтан «бір реті келер» деп күтіп жүрмей, қазіргі сәтпен өмір сүру керек. Сонда бос кеткен уақыт үшін өкініш өзекті өртемейтін болады.  

 Өзіңізді таныңыз. Робин Шарманың ойынша, өзін, өмірін өзгерткісі келген адамға ешқашан кеш болмайды. Босқа өткен өмір үшін өкінбес үшін жаныңызды жадыратып, қанат бітіретін істі табу керек. Ештен кеш жақсы.

Ритуалдар жасауға әдеттеніңіз. Күнделікті жасап тұруға болатын ритуалдар тізімін ұсынып көрейік. Автордың айтуынша, осыларды күнде жасауға әдеттенсеңіз, өмір сапасы артады. Ол үшін міндетті түрде көп ақша құртып, жаңа киім мен зат алып, саяхаттап немесе қыдырыспен уақыт өткізу міндетті емес. Бар болғаны мынадай ритуалдарды жасап көріңіз:

  • Дұрыс тамақтану ритуалы. Ағзамыз дұрыс жұмыс істеуі үшін дұрыс тамақтану керегі белгілі. Денсаулығыңыз жақсы болсын, энергияңыз таусылмасын, өнімді жұмыс істейін десеңіз, не жеп жүргеніңізге қараңыз. Пайдалы тамақтансаңыз, ағзаңыздың алғысын аласыз.
  • Жалғыз қалу ритуалы. Бәрін ой елегінен өткізіп, қажетсіз уайымнан арылып, миыңызды тазарту үшін жалғыз қалып ойлануды әдетке айналдырыңыз. Жаңа инсайттар табуға да керемет мүмкін.  
  • Жаңа білім алу ритуалы. Күніне кемінде 30 минутыңызды білім алуға, жаңа нәрсе білуге арнаңыз. Оған инвестиция салыңыз. Оқу керек деп не болса соны оқи беруге болмайды. Тамақ — тәннің азығы болса, кітап — ақылдың азығы. Сапалы болуына баса мән беріңіз.
  • Өзіңізге айнадан қарау ритуалы. Бұл — кәдімгі айнаға қарау емес, ойыңызға, әрекеттеріңізге анализ жасау. Өйткені сіздің жеке тұлғаңызды анықтайтын — осылар. Күнде кешке сол күннің қорытындысын жасап, өзіңізге «Кешеден гөрі бүгін мықтырақ бола түстім бе, жақсардым ба?» деп сұрақ қойыңыз.  
  • Музыка ритуалы. Музыка қосылса адам билей бастайды. Бірі қосылып ән айтады, күледі. Кейбірі қайғырады. Яғни музыка неше түрлі эмоцияларды шығарады. Сондықтан мұны да күнделікті әдетке айналдырыңыз.
  • Жақсы сөз айту ритуалы. Мұны аффирмация деп атайды. Бұл өміріңізді реттеуге ғана емес, ой мен әрекеттерді өзгертуге де жол ашады. Өзіңізді қанаттандыратын, шабыттандыратын сөздерді тауып алып, күнделікті қайталап жүріңіз.
  • Көркем мінез ритуалы. Адам өсуді қаласа, өзімен жұмыс істеуі керек. Ішкі жай-күйі, ойы, мінезін дұрыстауы қажет. Күнделікті практика жасалмаса, жақсы нәтиже де болмайды. Әр күн сайын жақсы жаққа өзгеруге тырысыңыз. Өзіңіздің принциптеріңізге, құндылықтарыңызға берік болыңыз. Дұрыс әрекет етіңіз. Солай ол біртіндеп әдетке айналады. Ал әдет болса, тағдырға тікелей әсер етеді.
  • Қарапайымдық ритуалы. Ұсақ-түйекке көміліп қалмас үшін, назарыңызды шынында маңызды дүниелерге қойыңыз. Аптасына бір күн телефонсыз, интернетсіз уақыт өткізуді әдетке айналдырыңыз. Қажетсіз, алаңдататын нәрседен босаған кезде бойыңызға күш-қуат аласыз. Бұл болса, адам үшін аса маңызды. 
  • Физикалық белсенділік ритуалы. Денеңізді қозғалтып, бұлшықеттерді «іске қосыңыз». Тәніңізге деген қарым-қатынасыңыз ойыңызға деген қамқорлығыңызды көрсетеді.

          Бұл ритуалдарды өмір бойы сақтау керек. Күнде істеуді әдетке айналдырыңыз. Бастапқыда қиындау көрінуі мүмкін. Десе те, 21күн тоқтамай істесеңіз, әдетіңізге айналады. Мұны Робин Шарма «21-дің ғажайып ережесі» деп айтады. Автордың кітаптарынан әркім өзіне дәл қазір не маңызды екенін түсінеді. Өзін тани түседі. Сондықтан сөреден көре қалсаңыз, парақтап шығыңыз, жеке кітапханыңызға қосыңыз.

Сондай-ақ оқыңыз