Инвестиция

Алматыдағы мектептерді кім салып жатыр?

2022 жылдың соңына қарай 5 мектеп пайдалануға берілмек

Кейінгі бір жылда (2021/2022 оқу жылының басынан бері) Алматы қаласында жаңа 3 мемлекеттік мектеп пен бұрыннан келе жатқан 17 мектептің жанынан салынған қосалқы ғимарат пайдалануға берілген.

Алматы қалалық білім басқармасының мәліметі бойынша, 2022 жылдың соңына дейін 5 мектеп пен бес қосалқы ғимарат пайдалануға беру жоспарланған.  Осы жоспар орындалса, мемлекеттік мектептерде тағы 23,6 мың оқушы орны ашылып, орын тапшылығы 72%-ға қысқарады.

Жаңа мектептер қанша тұрады?

12,6 мың оқушы орнын 8 жаңа мемлекеттік мектеп қамтамасыз етпек.  Оның бесеуі қарқынды дамып келе жатқан Алатау  ауданында (Саялы, Томирис, Дархан, Мәдениет, Нұркент шағын аудандарында), екеуі Наурызбай ауданында (Қалқаман шағын ауданы) және тағы бір мектеп Түрксіб ауданында (Қайрат ықшам ауданы) ашылады.

Қалқаман, Саялы және Томирис шағын аудандарындағы мектептердің құрылысы біткен, мердігер жыл соңына дейін пайдалануға беруі тиіс.

Бұл мектептердің бәрін «KAZPACO» ЖШС, еліміздегі ең ірі құрылыс компаниясы ​​– BI Group-тың еншілес мекемесі салып жатыр. Бұл компания 8 мектеп құрылысына байланысты мемлекеттік тендер жеңімпазы атанған. 12,6 мың орындық 8 мектептің құрылысы үшін компания мемлекеттен 42,6 млрд теңге алады (goszakup.kz сайтындағы мәліметтер). Яғни, бір оқушы орын орта есеппен бюджетке 3,4 млн теңгеге түседі.

Бұл мектептердің ішінде ең қымбаты – Қалқаман-2 ықшам ауданында салынып жатқан білім ошағы. 1500 орындық мектеп құрылысы үшін қазынадан 6 млрд теңге бөлінген. Яғни бір оқушы орны үшін 4 млн теңге жұмсалады.

Мектеп жанындағы қосалқы құрылыс құны

Қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған 22 мектепті кеңейту арқылы тағы 11 000 орын ашылған. Білім басқамасы Бостандық ауданындағы №38, 60, 199 мектепте қосалқы құрылыс есебінен орын саны артқанын, жыл соңына дейін  №9, 191, 125, 146 мектепте қосымша корпустар пайдалануға берілетінін хабарлады. Халық тығыз орналасқан Әуезов ауданындағы № 6, 117, 121, 132, 133 мектептегі қосалқы құрылыс пайдалануға берілген. Жетісу ауданында № 43, 57, 102, 177 мектептер кеңейіп, Алмалы ауданында  №34 және 144 мектебіне, Алатау ауданындағы №166 мектепке, Түрксіб ауданындағы №170 мектепке, Наурызбай ауданындағы №186 мектепке  жаңа блок қосылған. Медеу ауданындағы №48 мектепті кеңейту жұмысы жыл соңына аяқталады.

Қолданыстағы мектепттердің жанынан салынған қосалқы құрылыстардағы бір оқушы орны құны  жаңа мектептермен салыстырғанда біршама арзан – 2,6 млн теңге. Мектептерге қосымша құрылыс салу бағытталған 22 мемлекеттік келісімшарттың үштен бір бөлігі «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ЖШС республикалық орталық штабымен жасалған. Мемлекеттік тендер қорытындысы бойынша, № 6, 34, 57, 102, 117, 132 және 177 мектептерге қосалқы ғимарат салуға кәсіби құтқарушылар жауапты.

Қосалқы құрылыс салатын тағы бір жиі кедесетін жеңімпаз – «SHEBERBUILD» ЖШС. Бұл серіктестік № 121, 133, 144, 170, 199 мектептерге қосымша оқу блоктарын салып, жыл соңына дейін № 191 мектептегі құрылыс жұмысын аяқтауы тиіс. Қалған мердігерлер бірді-екілі мемлекеттік келісімшарт алған. Мәселен, №38 гимназияның қосымша оқу кабинеттерінің сапасына «Электрокабель зауыты» ЖШС жауапты болса, «Бауыр Құрылыс компаниясы» №43 мектепті кеңейтіп, гимназияның футбол алаңында қосымша оқу корпусын салады. №60 мектептің қосалқы құрылысын «Жөндеу-Құрылыс» ЖШС салған. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, Алматыда бір жыл ішінде  мемлекеттік мектептерден бөлек,  2,7 мың орындық 13 жаңа жекеменшік мектеп ашылған, жыл соңына дейін оларға 3,3 мың орындық тағы алты мектеп қосылады.

Айта кетейік, 2023 жылдан бастап Қазақстанның бүкіл дерлік мектептері бес күндік оқуға көшуі керек. Сонымен қатар, 2022 оқу жылынан бастап, мектеп оқушылары 34 емес, екі апта ұзағырақ – 36 апта оқитын болады.