Елімізде агросақтандыру сыйақыларын субсидиялау 80 пайызға дейін артады 

2022 жылы 5 қыркүйекте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығындағы өзгерістерге сәйкес аграрлық секторда сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін субсидиялау нормативі 50%-дан 80%-ға дейін артады. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін сақтандыру полисінің құнын төмендетуге мүмкіндік беріп, сондай-ақ агросақтандыруды одан да қолжетімді ете түседі.

Еске сала кетейік, 2020 жылдан бастап Қазақстанда АӨК сақтандырудың жаңа жүйесі жұмыс істейді. Сақтандыру сыйақыларын субсидиялаудың негізгі мақсаты агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін қарыз және саудалық қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру болып табылады.

Қазіргі уақытта өсімдік және мал шаруашылығы салаларында келесідей сақтандыру өнімдері бекітілген:

  1. Топырақтың ылғалдылығының жетіспеушілік индексін сақтандыру;
  2. Топырақтың артық ылғалдылық индексін сақтандыру;
  3. Күздік дақылдар үшін топырақ ылғалдылығының жетіспеушілік индексін сақтандыру;
  4. ІҚМ, ҰММ, жылқы мен құстарды сақтандыру.

Өсімдік шаруашылығындағы сақтандыруға дәнді дақылдар (бидай, сұлы, арпа, жүгері), күздік және майлы дақылдар жатады.

Сондай-ақ пассивті микротолқынды қашықтықтан зондтау негізінде «өсімдіктердің оптикалық тереңдігі» индексінің мониторингін көздейтін биомасса индексін сақтандыру бойынша сақтандыру өнімі жұмыс істейді.

Өсімдіктердің оптикалық тереңдігі өсімдіктердегі судың салыстырмалы мөлшерін анықтап, өсімдіктердің өсуі мен биомассасын көрсетеді.

Сақтандырумен «JÝSAN Garant» СК» АҚ, «ВИКТОРИЯ» СК» АҚ, «Nomad Insurance» СК» АҚ, «Amanat» СК» АҚ және «Лондон-Алматы» СК» АҚ-лары айналысады.

Аталған сақтандыру өнімдерінің шеңберіндегі тәуекелдер әлемдік сақтандыру нарығында «А» рейтингі бар SWISS Re (Швейцария), HANNOVER RE (Германия), MUNICH RE (Германия) халықаралық қайта сақтандыру компанияларында қайта сақтандырылады. Олар сақтандыру жағдайлары басталған кезде кепілдік берілген төлемдерді қамтамасыз етеді.

Ауыл шаруашылығы саласындағы сақтандырудың операторы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ. Барлық рәсімдер – шарт жасасудан бастап, төлемдерге дейін, ақпараттық жүйе арқылы онлайн жүргізіледі. Сақтандыру жағдайы жерді қашықтықтан зондтау деректері негізінде тіркеледі, бұл жүйе адами факторды толығымен алып тастауға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Ылғал деңгейінің мониторингі тұрақты негізде жүргізіліп отырады және сақтандыру жағдайының басталу фактісі автоматты түрде тіркеледі.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар