Қазақстан астық пен ұн экспортына қойылған шектеулерді алып тастады

Елімізде дәнді дақылдар жақсы жиналады деп күтілуде

2022 жылғы 31 тамызда ҚР Премьер-Министрі орынбасары – сауда және интеграция министрінің м.а. Серік Жұманғариннің төрағалығымен сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) кезекті отырысы өтті. Онда астық пен ұнды экспорттауға шектеулерді алып тастау және ірі қара мен ұсақ малды экспорттауға квота белгілеу жөнінде шешімдер қабылданды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

ВАК отырысында айтылған Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда дәнді дақылдар жақсы жиналады деп күтілуде. Биыл 13 млн тоннадан астам бидай жинау жоспарланған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ға артық.  Ішкі тұтыну үшін шамамен 6,5 млн тонна қажет. Мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҚР ҰКП, Астық одағы, Астық өңдеушілер одағы өкілдерімен, «Шопан-Ата» ұлттық агро-қозғалысының басшысымен бидай мен меслинді, бидай ұнын экспорттауға сандық шектеулерді (квоталарды) алып тастаудың орындылығын жан-жақты талқылау қорытындысы бойынша, сондай-ақ АШМ болжамы негізінде астық пен ұн экспорттауға шектеулерді 2022 жылдың 10 қыркүйегінен бастап алып тастау туралы шешім қабылданды. Еске сала кетейік, бұл шектеу Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 2022 жылғы 8 шілде мен 30 қыркүйек аралығына енгізілген болатын.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне астық экспортына мониторинг жүргізу және астық пен ұн экспортын одан әрі реттеу мәселесін пысықтау тапсырылды.

Сондай-ақ отырыс барысында аналық мал басын қоспағанда, ірі қара және ұсақ қара малды экспорттауға сандық шектеу (квоталар) белгілеу мақұлданды.

Статистикаға сүйенсек, 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, ірі қара мал саны – 9,4 млн бас, оның ішінде 4,5 млн сиыр, 3,2 млн төл бар. Қошқар экспорттауға 60 мың бас немесе жалпы мал басының 9%-ы, сондай-ақ 120 мың бас тоқты немесе жалпы мал басының 10%-ы мөлшерінде квота белгілеу туралы шешім қабылданды. 2022 жылғы 21 қаңтар мен 21 шілде аралығында ірі қара және ұсақ малды экспорттауға тыйым салынған болатын.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар