Қазір екінің бірі комфорт зонадан шығудың амалын қарастырып жүреді. Өйткені өзін-өзі дамытып, өнімділігін арттырып, өмірін жақсы бағытқа ауыстырғысы келеді. Мұндайда комфорт зонадан шықпаса, нәтиже болмайды деп ойлайды. Ендеше, бұл қаншалықты дұрыс? Қандай плюстеріі мен минустары бар?
Комфорт зона деген не?
Ең алдымен осы сұраққа тоқталайық. Көз алдыңызға жылы көрпеге оранып алып, қолына бір шыныаяқ кофе ұстап, кітап оқып отырған адам келді ме? Бірақ біздің айтқалы отырғанымыз мұндай көрініс емес. Комфорт зона деп адамның өзін қауіпсіз сезінетін, негатив факторларға ұшырау ықтималы төмен, өзіне үйреншікті ішкі рамкасында сүріп жатқан өмірін айтады. Былайша айтқанда, бәрімізге аса таныс, түсінікті және қайталана беретін нәрсе. Дегенмен дамуды көздеген адам бір орында тұрып қалмауы керек. Сондықтан адам жаны өзгеріс қалайды. Танымал жазушы Н. Уолштың «өмір комфорт зона аяқталған тұста басталады» деген сөзі бар. Негізі әр адам өз өміріне өзі жауапты. Сол себепті егер әлдекімге үйреншікті өмірі ұнаса, сол зонадан шығуға итермелеуге болмайды. Өйткені тұрақтылықты сақтау — жеке шешімі. Қаласа, өзгеруге ұмтылады. Қаламаса, ол оның артта қалғанын білдірмейді. Жалпы алғанда сіздің оймен келіспейтін, ұстанымы басқаша адамға құрметпен қарай білу керек. Сізге комфот зонадан шығу керек болып жатса, енді бірі сол зонада мәңгі тұрақтауға бар. Бұл — қалыпты жағдай.
Кемшіліктері мен артықшылықтары қандай?
Адам комфорт зонаға бірден кірмейді. Оған дейін көп күш салады. Істеген ісіне көңілі толып, маманданып, ойнап жүріп істей алатындай деңгейге жеткенше ұмтылады. Яғни осы жолда қыруар еңбек етеді. Сөйтіп межеге жеткен соң, алдына жаңа мақсаттар қоя бастайды. Ал оған жаңа күшпен, қайта кірісу керек болады. Байқасаңыз, бір жұмыста ұзақ істеген кезде адам бастапқыдағыдай ұзақ ойланып барып шешім қабылдамайды. Үйреншікті алгоритм бойынша жүре бастайды. Келеңсіз жайттар да мұндайда аз болады. Комфорт зонаның басты артықшылығы — міндеттерімізді тез әрі ұқыпты жасайтынымызда. Соған байланысты жұмыста негатив жағдайларға да аз ұшырайсыз. Демек, күйзеліс көп болмайды.
Дегенмен мұнда таяқтың екінші ұшында өзін-өзі алдауға әкелетін жағы тұрады. Яғни бізге осы күніміз керемет, ештеңе өзгертіп керек еместей көрінеді, бәрін қайтадан бастап күйзелісте жүргеннің несі жақсы деп ойлауымыз мүмкін. «Ең жақсы өмір де — осы» деп түйеміз. Сөйтіп бір орында тоқтап қаламыз. Алға жылжымаймыз. Асығып қайда барамын? Маңызды шешімдер қабылдап, биік мақсаттар қойып қайтемін? Осыдан он жыл бұрынғы арманым бұдан да аласа еді ғой. Осы күнім жақсы, өзгертетін жері жоқ. Міне, осындай ойлар басыңызды торлап алады да, ұмтылысқа құлшынысыңыз азаяды.
Келесі бір кемшілігі — комфорт зонада ұзақ тұрып қалған адамда бәрін жаттанды жасай бастайды. Яғни ойланбай істей беретін болады. Өйткені онда сол жұмысты қалай жасау керек деген машық бар. Әбден дағдыланып кеткен. Бұл болса, адамды шектейді. Ойлау қабілетінде болсын, мәселені басқа қырларынан қарауда болсын, шығармашылық ойлауда болсын шектеу пайда болады. Осы айтылған артықшылық пен кемшіліктерді қарап шығыңыз да, өзіңіз үшін шешім қабылдаңыз. Өзгеріске қаншалықты дайынсыз? Егер кемшіліктері көп болса, өзгеріске қадам жасаңыз. Ал енді қазіргі күйіңіз сізге тек артықшылық болып көрінсе, өзгермеңіз. Ерік өзіңізде. Бәлкім, сізге қазіргі күйіңіз ұнайды. Тек комфорт зонадан шықпай-ақ, сәл кеңейту керек болар. Оны да ойланыңыз. Бастысы, өзгерістерден қорқудың қажеті жоқ.
Комфорт зонадан қалай шығамыз?
Өзгеріс керек екен деп түбегейлі бәрін ауыстыру міндет емес. Соның ішінде әлдебір қымбат дүниеңізден бас тартуыңыз керек деп ойламаңыз. Қолыңыздағы смартфонды сатып, алтынды түгел өткізіп, одан алған ақшаға Африкаға кетіп қалу керек деген сөз жоқ. Джимм Керри басты рөлде ойнайтын «Yes Man» деген фильм бар. Соны бір көріп шықсаңыз болады. Сонда комфорт зона туралы жақсы түсіндіреді. Төменде сіз үшін бірнеше құнды кеңес әзірлеп қойдық. Әлемге деген көзқарасыңызды өзгертуге көмегі тиіп қалар деген оймен ұсынып отырмыз.
- Өзгеріс жасаудан қорықпаңыз. Мұндай қорқыныш сезімінен арылыңыз. Ең берісі ұсақ-түйектен бастаңыз. Үйдегі жиһаздардың орнын ауыстырып көріңіз, жұмысқа үйреншікті емес, басқа жолмен барыңыз. Осы сынды дүниелер де пайдасы тигізеді.
- Мақсат қойыңыз да, соған жетудің жолын сызыңыз. Өзіңізге үйреншік емес жағдайдың өзінде өзіңізді сенімді сезіну үшін өміріңізге қандай өзгеріс керек, соны ойлап көріңіз. Егер үйкүшік адамдардың қатарынан болсаңыз, жұмыстан кейін үйге баруға асықпай, достарыңызбен қыдыруға барыңыз. Жаңа таныстық, жаңа ортадан қашпаңыз. Өзіңіз барып көрмеген жерлерді көріңіз.
- Өзгелерден көмек сұраудан қысылмаңыз. Әдетте адам өзі бірдеңе білмесе, соны білетін адамнан көмек сұрауға ұялады. Өзін ақымақ сезініп қалудан қорқады. Бірақ комфорт зонадан шығу осындай қадамнан басталады. Өзіңізді жеңу арқылы білместікпен де күресесіз.
- Қызығушылықтары әр түрлі адамдармен араласыңыз. Мысалы тіл үйренгіңіз келіп жүр делік. Олай болса, бір топта оқитындармен жақсы араласып көріңіз. Бұл сізге жақсы әсер етеді. Әлбетте, олар да сізден соны күтетіндіктен, оларға да пайдаңызды тигізуіңіз керек.
- Оптимист болыңыз. Негатив ойдан аулақ болған жөн. Кез келген келеңсіз жағдай сізді мықтырақ етеді. Одан жақсы тәжірибе аласыз.