Инвестиция

Жәрдемақы артады, зейнет жасы қысқарады: Президент жүктеген міндеттер әлеуметтік салада қалай жүзеге асырылады?

Ведомство басшысы түсініктеме береді

Министр Тамара Дүйсенованың айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын іске асырудың нақты алгоритмін әзірлеген. Бұл туралы ол Үкімет отырысында айтып берді.

Отбасының цифрлық картасын (ОЦК) енгізу шеңберінде:

  • 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша ОЦК-ны пилоттық режимде іске қосу;
  • Осы жылдың желтоқсан айында ҚР Әлеуметтік кодексі жобасының шеңберінде ОЦК енгізу және «Дербес деректер туралы» және «Ақпараттандыру туралы» ҚР Заңдарына өзгерістер енгізу;
  • 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік кепілдіктер беру;
  • 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ОЦК арқылы денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктер беру;
  • 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлерін қамту.

«Келесі жылы 100 мың жас адамды жұмыспен қамтудың түрлі шараларымен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырманы іске асыру шеңберінде 2023 жылғы қаңтарда Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының тетіктерін қайта қарау жоспарлануда. Сонымен қатар осы айдың өзінде Еңбекмині жастар кәсіпкерлігіне жылдық 2,5%-бен жеңілдікпен микрокредит берудің жаңа тетігін енгізу үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру қажеттілігі бойынша есептерді ұсынатын болады. Жұмысынан айырылу бойынша МӘСҚ-тен төленетін төлем мөлшерін биыл желтоқсанда орташа айлық табыстың 45%-на дейін арттыру бойынша тапсырманы орындау мақсатында ҚР Әлеуметтік кодексі жобасы шеңберінде әлеуметтік сақтандыру жүйесінің параметрлерін өзгерту көзделген. Жаңа мөлшердегі төлемдер 2023 жылғы 1 қаңтардан басталады», деді Дүйсенова.

Неғұрлым сұранысқа ие жоғары білікті кадрлардың тапшылығын төмендету жөніндегі тапсырманы орындау үшін 2023 жылғы наурызда «Кәсіби біліктілік туралы» заңды қабылдау жоспарлануда.

Қазақстан экономикасына бір уақытта 300 мың доллардан астам инвестиция салған шетелдік бизнесмендер үшін инвестициялық визаны, сондай-ақ тапшы кәсіптері бар шетелдіктер үшін визаларды енгізу жөніндегі тапсырманы іске асыру шеңберінде биылғы қыркүйекте ҚР Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына, ал 2023 жылғы маусымда «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға өзгерістер енгізілмек.

«Бала күтімі бойынша төлем кезеңін бір жарым жасқа дейін ұлғайту жөніндегі тапсырманы іске асыру үшін ағымдағы жылғы қыркүйектен қазанға дейін жұмыс істемейтін аналар үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру қажеттілігі бойынша есептеулер ұсынылады және жұмыс істейтін ата-аналар үшін МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлемдерді есептеу алгоритмі түзетіледі. Биыл желтоқсанда ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасы шеңберінде балалы отбасыларды қолдау жүйесінің параметрлерін өзгерту және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау және төлеу бойынша ақпараттық жүйелерді дайындау көзделген», дейді министр.

Президент айтқан ұсыныстың бірі – 2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын 61 жас деңгейінде жоспарланған арттыруды 5 жылға тоқтата тұру. Бұл шара коронавирус пандемиясының азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсерін ескере отырып қабылданған.

Сондай-ақ елімізде зейнетақы төлемі де артады. 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы орта есеппен 27%-ға ұлғаяды.

«Бүгінгі таңда өзгерістер нәтижесінде Қазақстанда базалық және ынтымақты зейнетақыны, сондай-ақ БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемін қамтитын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасты. Ынтымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп қысқаратыны белгілі, өйткені оларды тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйесі енгізілгенге дейінгі еңбек өтілі ескеріледі», дейді.

Зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру және азаматтарды зейнетақының тиісті мөлшерімен қамтамасыз ету мақсатында Әлеуметтік кодекс жобасы шеңберінде мынадай өзгерістер енгізу ұсынылады:

Бірінші. 2023-2027 жылдар аралығындағы кезеңде ең төменгі базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан 54-тен 70%-ға дейін, ең жоғары мөлшерін 100-ден 120%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін арттырылатын болады. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13%-ды құрайды және барлық 2 млн зейнеткерге қатысты болады.

Екінші. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыларды есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыстың шамасын 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру көзделеді.

Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға (3 жыл ішінде – 109-дан 138 мың теңгеге дейін) арттыруға және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекет қарт адамдар арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу бойынша міндеттемелер қабылдайды.