Қазақстанда зейнетақыны тағайындау кезінде қандай қайшылықтар туындайды?

Жарияланды
Кейбір талап азаматтарды тығырыққа тірейді

Елімізде жиі талқыға түсіп, қоғам назарынан қалыс қалмайтын тақырыптың бірі – зейнетке шығу, зейнет жасы, зейнетақы көлемі. Бірнеше күн бұрын азаматтар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларында зейнет жасын төмендету талабымен бейбіт митиңге шықты. Талап әйелдердің зейнет жасын 58 жастан асырмау туралы болса да, ізін суытпай 1 қыркүйек күні Президент Жолдауында дәл осы тақырып көтеріліп, қоғамдағы қызу тақырыпқа сәл де болсын су сепкендей әсер етті. Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің зейнет жасын 61 жас деңгейінде жоспарланған арттыруды 5 жылға тоқтата тұру туралы ұсыныс айтты. Бұл шара коронавирус пандемиясының азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсерін ескере отырып қабылданған. Жолдауда зейнетақы көлемінің де артатыны жарияланды. Дегенмен зейнет айналасындағы мәселе бұнымен толастағалы тұрған жоқ.

Зейнетақы рәсімдеуге қажет құжаттарды өткізудегі қиындық

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары мен Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық маманымамандарының айтуынша, заңда көрсетілген кей талап азаматтарды шынымен тығырыққа тірейді. Соның бірі – зейнетақыны тағайындау кезінде міндетті түрде өткізу қажет құжат пакеті.

Зейнет жасына жеткен кез келген Қазақстан азаматы зейнетақы төлемдерін алу үшін бірқатар құжат ұсынуы керек. Олар: 

  • жеке басын куәландыратын құжат;
  • банктен есепшот ашу (зейнетақыға арналған 20 таңбалы хабарлама);
  • жұмыс орнынан табысы туралы және міндетті зейнетақы жарналары туралы анықтамалар (1998 жылдан бастап қазіргі уақыта дейін кез келген қатар 3 жылдағы көрсеткіш);
  • еңбек кітапшасы;
  • білімі туралы диплом;
  • әскери билет (ер адамдарға);
  • неке туралы куәлік (егер тегі әр түрлі болса әйелі мен балаларының құжаттары қоса беріледі);
  • балалардың туу туралы куәліктері (әйелдерге).

Егер еңбек өтілін растайтын құжат болмаса, архивтен алынған анықтама мен сот шешімін ұсынуға болады. Бірақ бұл көп жағдайда шешілмейтін мәселеге айналады. Ол туралы төменде жаздық.

Зейнетақының жалпы көлеміне жалақы да, еңбек өтілі де әсер етеді. Әйелдер үшін бала күтімімен отырған кезең де еңбек өтіліне қоса есептеледі. Осы тұста еңбек өтілін растау үшін әйелдерден балаларының туу туралы куәлігінің түпнұсқасы талап етіледі.

Туу туралы куәлік болмаған жағдайда баланың жеке басын куәландыратын құжат немесе білімі туралы дипломының түпнұсқасын өткізуі керек. Бұл көп жағдайда қайшылық туындатады.

«Зейнетке шығатын азаматтың баласы басқа қалада болуы мүмкін. Кейбірі шетелде білім алып жатады немесе тағы басқа да себептермен түпнұсқа құжатты зейнетақыны рәсімдеу кезінде өткізу мүмкін болмай жатады. Азаматтар мұндай кезде нотариалды куәландырылған көшірмені де ұсына алмайды. Дәл осы жағдай жиі түсініспеушілікке итермелейді», – дейді Алматы Әуезов аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы маманы Ажар Қайратбекқызы.

Еңбек өтілін дәлелдеудегі тағы бір қиындық

Зейнетке шығатын азаматтардың тағы бір қиналатын тұсы – еңбек өтілін заңмен дәлелдеуі. Зейнетақы мөлшері тікелей соған байланысты болмақ. Сол себепті еңбек өтілі 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-ға аударылған зейнетақы жарналарымен расталуға тиіс. Бұл қазіргі кезде оңайырақ. Бірақ ең қиыны – 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілін растау.

«Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген ұйым жабылғандықтан олардың архивтерін ақтару кейде мүмкін емес. Кей азаматтың еңбек кітапшасында жазбалар болмауы мүмкін. Ол жұмыс істеген, оқыған жылдары архивтен жойылуы мүмкін. Солай көп азаматтың еңбек еткен кезеңдері «күйіп» кетіп жатады. Нәтижесінде қызмет етсе де, тиісті зейнетақысы тағайындалмайды», – дейді орталық маманы Ажар Қайратбекқызы.

Дәл осы мәселе 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар азаматтардың барлығы зейнетке шыққанға дейін жалғаспақ. Бұл шамамен 2043 жылға дейін болмақ.

Толық зейнетақы қазір ешбір азаматқа тағайындалып жатқан жоқ

Қазақстанда толық зейнетақы 1997 жылдың 31 желтоқсанына дейін 25 жыл (ерлер), 20 жыл (әйел) еңбек өтілі бар адамдарға беріледі. Бұл туралы Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 11-бабында көрсетілген. Бір қызығы – бұл бап қазір ешбір азаматқа толық зейнетақыны алуға мүмкіндік беріп отырған жоқ.

Биыл зейнетке шығып жатқан азаматтар: ер адамдар – 1959 жылы туғандар, әйелдер – 1962 жылы туғандар. Толық зейнетақыны алуы үшін олар 14 (ерлер), 16 (әйелдер) жасында еңбек жолын бастаған болуы керек. Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық маманының айтуынша, қазіргі уақытта толық зейнетақыны елде ешбір азамат алып жатқан жоқ. Себебі олар тиісті еңбек өтілін жинауы керек болған кезеңде мектепте оқып жүрген.

«Азаматтар зейнетақыны рәсімдер кезде осы пунктіге қатысты көп шағымданады. Бұл кезінде дұрыс меже болғанымен қазір азаматтардың құқығын бұзып отыр. Олар заңда көрсетілгендей еңбек жолын 1998 жылға дейін бастауы керек, бірақ олар бұл жылдары мектеп қабырғасында болған», – дейді Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық маманы Қадір Алдияров.

1998 жылғы зейнетақы реформасына дейінгі еңбек өтілі 1998 жылға дейін кемінде алты ай жұмыс істеген қазақстандықтарға жасы бойынша зейнетақы немесе еңбек және ынтымақты зейнетақы төлемі төленеді. Бірақ толық көлемде 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі ерлерге 25 жыл, әйелдерге 20 жыл болса төленеді. Осындай еңбек өтілі кезінде ынтымақты зейнетақы 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнеткерлікке шыққан күнге дейін қатарынан кез келген үш жылдағы орташа айлық табыстың 60%-ын құрайды. Бұл ретте тиісті жылға белгіленген 46 айлық есептік көрсеткіштен (2022 жылы АЕК – 3 180 теңге) немесе биылғы 146 280 теңгеден жоғары емес кірістер есепке алынады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кейінгі Жолдауында зейнетақы көлеміне қатысты бірқатар өзгеріс болатыны айтылды. Жолдаудан кейінгі Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова тапсырмалардың орындалу алгоритмін түсіндірген болатын.

Министрдің мәлімдеуінше, 2023-2027 жылдар аралығындағы кезеңде ең төменгі базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан 54-тен 70%-ға дейін, ең жоғары мөлшерін 100-ден 120%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін арттырылатын болады. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13% болады және барлық 2 миллион 245 мыңнан астам зейнеткерге қатысты болмақ.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыларды есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыстың шамасын 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру көзделеді. Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға (3 жыл ішінде – 109-дан 138 мың теңгеге дейін) арттыруға және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға әсер етеді.

Сондай-ақ оқыңыз