Денсаулық сақтау жүйесіне жасанды интеллект енгізілмек

БАҒДАТ МУСИН: ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ ЕНГІЗУ МӘСЕЛЕСІ ӨЗЕКТІ
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин және ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мемлекет басшысының телемедицинаны дамыту, бизнес-процестерді реинжинирингтеу, деректерді жинаудың заманауи технологияларын енгізу, медициналық бейнелерді сақтауды орталықтандыру және жасанды интеллекті енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселесін талқылады. Бұл туралы Цифрлық ведомство басшысы Бағдат Мусин өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында екі жыл ішінде Қазақстанның 650 ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттер құрылатынын атап өтті. Сонымен қатар, Президент шалғай аудандардың тұрғындары білікті медициналық көмекке қол жеткізе алуы үшін телемедицинаны дамыту мәселесін басты назарға алуды тапсырған болатын.
Ажар Ғиниятпен кездесу барысында телемедицинаның толық функционалын көрсетуге бағытталған пилоттық аймақтарды анықтаймыз деп уағдаластық. Біз бірнеше фельдшерлік-акушерлік пунктерді пациенттердің деректерін тікелей облыстық ауруханаға ұсынатындай етіп жабдықтаймыз. Дәрігерлер осы арқылы пациентке көмек көрсету туралы шешімді тез арада қабылдай алады. Осы ретте, денсаулық сақтау министрлігі онлайн-қызмет көрсетуді ынталандыру үшін бірқатар құжаттарға қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Денсаулық сақтау жүйесіне жасанды интеллектті енгізу мәселесі күннен-күнге өзекті бола түсуде. Жасанды интеллектті сертификаттау бойынша процестерді белгілі бір аурулармен күресуге көмектесетін құрал ретінде бастау керек.
Бірақ бұл үшін алдымен ақпараттың бірыңғай дерекқорын, медициналық бейнелерді сақтау жүйесін құру керек, өйткені әзірге бұл жүйе тиянақталмаған. Жасанды интеллекттің жұмыс принципі – үнемі жетіле түсуінде, яғни ол неғұрлым көп мәліметтер алса, соғұрлым нәтижеге бейімделетін болады.
Денсаулық сақтау саласын толық цифрландыруға тоқталатын болсақ, онда медициналық ұйымдарды қағазбастылықтан арылту жұмыстарын жеделдету керекпіз. Біз медициналық мекемелердегі құжат айналымын түрлі қажетсіз формалардан арылту және деректерді қалыптастыру жұмыстарын өзектендіру бойынша бірлесе жұмыс істеуге уағдаластық. Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері басқа мемлекеттік органдардың, мысалы, Прокуратураның, Еңбек министрлігінің, Әділет министрлігінің және т.б ведомстволардың ақпраттық жүйелерімен интеграциялануы тиіс.
Біз Цифрлық министрлік ретінде Денсаулық сақтау министрлігінің бастамаларын қолдауға дайынбыз. Денсаулық сақтау бағыты цифрландыру тұрғысынан алғанда ең озық салалардың бірі болуы тиіс»- деп атап өтті Бағдат Мусин.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар