IT-компаниялар мемлекет үшін пайдалы бола бастады

Жарияланды
Барлық отбасылары бойынша эталондық деректер базасы құрылуда

Жақында Үкіметте «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру барысы талқыланды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы мақсатта 85 іс-шара дайындаған. Министр Бағдат Мусиннің айтуынша, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру жоспарға сәйкес жүргізілуде, олардың үлесі 94%-ға жетті. Алдағы мақсат – проактивті жұмыс форматына көшу. Ондай қызметтердің саны бүгінде 25-ке жеткен.

Сұранысқа ие қызметтерді смартфон арқылы пайдалану көрсеткіші былтырмен салыстырғанда 17,5 пайызға өскен.

«Сондай-ақ 9 мемлекеттік қызмет түрін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, бейне-қызмет арқылы алу мүмкіндігін іске асырдық. Жыл соңына дейін олардың санын 44-ке дейін жеткіземіз. ХҚКО-ларды жаңғырту жоспар бойынша жүзеге асырылып жатыр, қазірдің өзінде 8 жаңа фронт-офис халыққа қызмет көрсетуде. 2024 жылға дейін 115 халыққа қызмет көрсету орталығы жаңғыртылады», деді Мусин.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанның барлық отбасылары бойынша эталондық деректер базасын құрып жатыр. Күн сайын елдегі 6 млн отбасының әл-ауқаты 80 параметр негізінде жаңартылып отырады.

«Скоринг моделі негізінде әр отбасының қандай тәуекелдерге ұшырайтынын көре аламыз. Бұл, мұқтаж отбасыларға әлеуметтік көмекті проактивті форматта көрсетуге мүмкіндік береді. Осы картаны «Әлеуметтік әмиян» жобасымен интеграциялау негізінде біз мемлекеттік қолдаудың ваучерлік жүйесін іске асыратын боламыз. Мысал ретінде, ваучерлік жүйені дәрі-дәрмек мысалында көрсететін болсақ, бұл процесс едәуір оңтайланатын болады. Атап айтқанда, тегін дәріні алушы поликлиникадан алған рецептіні ұялы телефонға жүктеп, сол арқылы дәріханаға көрсету арқылы шоттан шығарады», деді министр.

Ведмоство басшысы мемлекеттің азаматтармен қатынасын цифрлық құралдарға көшіру қолға алынғанын, бұл ретте e-Otinish платформасы өзінің тиімділігін растап отырғанын жеткізді.

«Мемлекеттік қызметтердің сапасы бойынша халықтан кері байланыс алынуда. Мысалы, біз eGov-та 800 мыңға жуық қызметке бағалау жүргіздік. Жасанды интеллект технологиясын қолданып, 1414 кеңес беру қызметін роботтандыру бойынша пилоттық жоба іске асырылып жатыр», деді министр.

Цифрландыру мемлекеттік жүйенің барлық саласында табысты жүзеге асырылып жатыр:

  • Мәселен, Ішкі істер министрлігі цифрландыру бойынша жүргізген шаралардың нәтижесінде бейнебақылау камераларының саны өсіп, қылмыстар мен тәртіп бұзушылықтардың алдын алуға оң ықпалын тигізген. Нәтижесінде, қылмыстық істерді цифрландыру үлесі артып келеді.
  • «KAZNEDRA бірыңғай платформасы» бойынша тестілеу режимінде «minerals.gov.kz» платформасы іске қосылды. Қазірден бастап пайдаланушының жеке кабинетінде интерактивті картаға басылған жер қойнауы туралы бір жарым мың электронды есеп қолжетімді. Осы жылдың соңына дейін жер қойнауы бойынша қосымша 30 мың есеп электрондық нұсқаға көшіріледі. Бұған қоса, платформа арқылы жер қойнауын барлауға тиісті лицензияға өтінім беру және уәкілетті мемлекеттік органмен өзара электронды хат алмасу мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта бұл платформа жер қойнауын пайдаланушыларға «market place» ретінде жұмыс істейтін болады.
  • E-Qurylys платформасында 92 республикалық автомобиль жолдарының құрылысын бақылау процесі жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік сараптамада BIM технологияларын қолданып, 3 қалада пилот жүргізіліп жатыр.
  • Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында «e-Shanyraq» жүйесі іске қосылып, оған 6 мыңнан астам көп пәтерлі үйлердің паспорты енгізілді.
  • Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесіне 5 мыңға жуық логистикалық компания қосылды. Қазір тауар-жүк, көлік құжаттары, жол парақтары сияқты негізгі құжаттар осы жүйеге енгізілген.
  • Ауыл шаруашылығы саласында 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап субсидиялаудың жүйесі іске қосылды. Мұнда фермерлерге қажетті мемлекеттік қолдау жөніндегі барлық ақпарат жиналған, бұл фермерлерге шығындарды 30 пайызға қысқартуға, жалпы құжаттармен әуре-сарсаңды қысқартуға мүмкіндік береді.
  • Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендірудің мобильдік қосымшасы құрылды.
  • Барлық ветеринарлық қызметкерлерге планшеттер берілетін болады. Шалғай аудандардағы фермерлердің жүйеде тіпті интернетсіз де жұмыс істеуіне мүмкіндік бар.
  • Отын-энергетика кешені саласында «Мұнай және газ конденсатын есепке алу» ақпараттық жүйесі енгізілді. Оған осы саладағы барлық бақылау жүргізілетін объектілердің 94% қосылды. Сондай-ақ жүйеге барлық жанармай құю станциялары қосылған. Енді, жаңармай және өзге шикізаттың сатылуы мен қоры туралы ақпарат онлайн түрде қолжетімді болады.
  • Білім беруді цифрландыру бойынша маңызды жобалардың бірі – оқулықтар портфелін цифрлық форматқа көшіру. Бүгінде қолда бар 670 баспа оқулығының 97% цифрлық форматқа көшірілді. Жыл соңына дейін толық цифрландыруға қолжеткізілмек.

ІТ-компаниялардан түскен салық көлемі 46%-ға өскен.

«Ұлттық жоба жұмыс іске қосылған 2 жыл ішінде IT нарығы да едәуір дамыды. Қабылданған шаралар негізінде экспорттық түсім 80%-ға өсті және жаңа жұмыс орындарының пайда болуында да оң динамика байқалды.  IT-компаниялардан түсетін салық өсімі 46%-ды құрады. Биыл 300 миллион теңгеге 30 стартап қаржыландырылды және 800 мың долларға келісім-шарт жасалды. Сондай-ақ,  IT саласының мамандары дайындалуда, 12 бағдарламалау мектебі ашылып, 250-ден астам халықаралық деңгейдегі бағдарламашылар дайындалды. IT-мектептерге 3100 ваучер бөлінетін болады», деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз