Қазақ-Қытай қарым-қатынасында бірінші кезекте қандай мәселелер шешіледі?

Жарияланды
Елімізге Си Цзиньпин келіп кетті

Кеше, 14 қыркүйек күні Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен келіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Екеуара келіссөз барысында екі жақты бірқатар мәселе бойынша келісімдер жасалды. Төраға Қытай өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымдарын қолдайды деп мәлімдеді.

«Қазақстан халқы сіздің басшылығыңызбен мемлекеттік құрылыс пен ұлттық жаңғыру ісінде жаңа табыстарға жететіні күмәнсіз. Қытай үкіметі Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарға зор көңіл бөлетініне тағы да қайталап айтқым келеді. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз. Тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі Сіз жүргізіп жатқан реформаларды толық қолдай отырып, сіздің еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз. Қазақстанның сенімді досы және сенімді серіктесі болды және болып қала береді», деді Си Цзиньпин.

Тараптар көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі, ауылшаруашылық салаларының мәселелері және трансшекаралық өзендер жайын талқылады. Келіссөздерден кейін екі мемлекеттің басшылары Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына орай бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.

Сондай-ақ бірқатар жекелеген мәселелер бойынша бірқатар келісімдер жасалды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында Сумбе трансшекаралық өзеніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен су тарту құрылысын бірлесіп басқару және пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан келісімге Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ә. Шалабекова, Қытай Халық Республикасы Үкіметінің атынан Су шаруашылығы министрінің орынбасары Тянь Сюэбинь қол қойды.

«Су қатынастары біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Оған жоғары деңгейдегі барлық екіжақты кездесулерде су мәселелерін үнемі талқылау дәлел болады», деді вице-министр өзінің кіріспе сөзінде.

Айта кету керек, аталған құжатқа қол қою Сүмбе өзенінің су ресурстарын ұтымды пайдалануға және Алматы облысы Райымбек ауданындағы ауыл шаруашылығы мұқтаждықтарына су жинауды жақсартуға мүмкіндік береді. Қазақстан тарапына арнаған сөзінде Су шаруашылығы министрінің орынбасары Тянь Сюэбинь келісімге қол қою трансшекаралық өзендердің ресурстарын ұтымды және әділ пайдалану контексінде екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға қуатты серпін беретінін атап өтті.

Іс-шара соңында Шалабекова: «Біз өзара құрмет және тату көршілік қағидаттары негізінде жан-жақты ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдете беруге ниеттіміз», деп түйіндеді.

Сонымен қатар Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу әлеуеті кеңейетін болды. Қытайдың үкіметі Шығыс Қазақстан облысының сапа инспекциясының зертханасына құны 11,15 млн юань болатын жабдықты тапсырады. Бұл ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Коммерция министрлігі арасында қол жеткізілген уағдаластықтың арқасында мүмкін болып отыр. Тиісті келісімге ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо қол қойды.

ҚХР стандарттары бойынша аккредиттелген зертхана құру Қытайға отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға ықпал етеді. Бұдан басқа, Қазақстан терең қайта өңдеу тауарларын, жемшөп пен қоспаларын, ет және ет өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін жеткізуді ұлғайтуға мүдделі. Айта кетейік, 2022 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша, АӨК саласындағы Қазақстан-Қытай тауар айналымы 46,7 пайызға артып, 412,5 млн долларды құрады. Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 62,2 пайыз – 280,4 млн долларға дейін өсті. Қытайдан импорт 22,2 пайызға ұлғайып, 132,1 млн долларды құрады.

Тағы бір жаңалық – Қазақстан мен Қытай шекарасында үшінші теміржол өткелі пайда болуы мүмкін.

«Бұл Қасым-Жомарт Тоқаев Республика Президенті болып сайланғаннан кейін ҚХР Төрағасының Қазақстанға бірінші сапары. Бұл Қытай Коммунистік партиясының 20-шы жалпыұлттық съезі қарсаңында және Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы қарсаңында жасалған сапар. Алдағы сапарға ілтипат өте үлкен. Біз бұл сапардың екіжақты қарым-қатынастар үшін тарихи маңызы бар болуы үшін бар күшімізді салдық. Кездесуде елдер арасындағы 30 жылдық қарым-қатынастардың қорытындылары шығарылып, жаңа кезеңді дамытудың бағдарлары белгіленді. Екі ел арасында «стратегиялық ынтымақтастықты, сауда-экономикалық, энергетикалық, көліктік және темір жол байланыстарын дамыту бойынша жеке келісімдер бекітілді. Атап айтқанда, Қазақстан-Қытай шекарасында үшінші теміржол өткелін ашу мәселесін қызу талқылап жатырмыз. Бұл Қытай мен Еуропа арасындағы тауардың бұдан да жылдам жеткізілуіне ықпал етеді деп ойлаймыз», деді ҚХР-дағы Қазақстан елшісі Шахрат Нұрышев.

Жалпы алғанда, Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары табысты аяқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы екіжақты саяси, экономикалық және мәдени қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді «Алтын Қыран» орденімен наградтады.

Сондай-ақ оқыңыз