Инвестиция

Америкалық компаниялар Қазақстан экономикасына инвестиция салмақ

Олар сауда-өнеркәсіп палаталары деңгейінде ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан

15-16 қыркүйекте Нью-Йоркте ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мейіржан Юсупов американдық компаниялардың өкілдерімен екіжақты кездесу өткізген.

Қазақстандық делегацияның Нью-Йорк мэрінің халықаралық істер жөніндегі арнайы комиссары Эдвард Мермельштейнмен кездесуі барысында Нью-Йорк қаласының іскер топтарымен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланған. Сонымен қатар, америкалық тарап сауда-өнеркәсіп палаталары деңгейінде ынтымақтастыққа, сондай-ақ екі елдің бірлескен іскерлік миссияларының сапарларын ұйымдастыруға қызығушылық танытқан.

DoorDash АҚШ азық-түлік жеткізу нарығының 56% иеленеді. Компанияның үкіметпен байланыс жөніндегі жаһандық басшысы Тоня Анайиның айтуынша, биыл мамыр айында компания Қазақстанда 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан және нарықтағы жетекші орындардың бірін иеленетін Wolt фин сервисін сатып алу туралы мәміле жасаған. Компания сұрыптау және тарату орталықтарын құруды қоса алғанда, сәйкес инфрақұрылымды құру арқылы Қазақстанда аймақтық хаб ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Ал «Cyphr Ventures» жаһандық венчурлық платформасының басқарушы директоры Эрл Паттонмен кездесу барысында тараптар клиенттері әртүрлі елдердің кәсіпкерлері, кәсіпорындары мен үкіметтері болып табылатын американдық платформа арқылы әлеуетті инвесторлармен қарым-қатынас орнатуға келісті.

Auerbach Grayson инвестициялық компаниясының бас атқарушы директоры Дэвид Грэйсон өзінің жеке және клиенттік қаражатын перспективалы сыртқы нарықтарға, соның ішінде Қазақстанға инвестициялауға мүдделі екенін мәлімдеді. Нақты инвестициялық жобалар бойынша ақпарат алмасу туралы келісімге қол жеткізілді.

Сонымен қатар, МК Industries президенті Али Катутпен келіссөз барысында ол Қазақстанға ауылшаруашылық дақылдарын өндіру мен өңдеуге инвестиция салуға жоғары қызығушылық танытқан. Айта кету керек, компания жұмыртқа ұнтағын, тағамдық майларды, қантты, ұнды және басқа да агроөнеркәсіптік өнімдерді жеткізуге маманданған, сонымен қатар өзінің Akli Food брендімен өнім желісін алға жылжытады. Ағымдағы жылдың қазан айында компания басшылығының Қазақстанға сапары туралы келісімге қол жеткізілді.