Қарызсыз өмірге қалай қадам басуға болады?

Ол үшін жеке бюджет есебін жүргізуден бастаңыз

«Айлық қалай түседі, солай ақша жоқ болады», «жалақым қарыздарды жабуға ғана кетеді» дегенді таныстардан жиі естисіз бе? Бәлкім, бұл мәселе өзіңіздің де басыңызда бар болар? Мұндай қаржылық қиындыққа тап болған адамға бірінші кезекте ақшамен қарым-қатынасты реттеу керек. Яғни қаржылық сауат ашпайынша, ол адамда кірісінен шығысы көп болғаны болған. Ендеше, бүгінгі материалымызда жеке қаражат есебін дұрыс жүргізу ережелері мен тәсілдері туралы құнды ақпараттарды бөлісеміз.

Ай сайын тиісті төлемдерді жасап болғаннан кейін қалтада келесі айлыққа дейін жететіндей сома қалуы үшін алдымен сізге сауатты арттыру керек. Міндетті төлемдер әркімде әртүрлі. Мысалы, ипотека, кредит, коммуналдық төлем, азық-түлік, жүріс-тұрыс және т.б. Осыларды уақытылы және проблемасыз төлеп тұру үшін бастысы мынадай алты заңды қатал сақтаңыз:

  • Айлық бюджетті жоспарлап отырыңыз. Соның ішінде шығындарды жақсылап есептеңіз;
  • Тапқаныңыздан құртқаныңыз көп болмауы керек. Яғни минусқа кірмеңіз. Егер шығындарыңыз кірістен көп болса, демек өзгертетін нәрсе көп деген сөз;
  • Табысыңызды бірнеше бөлікке бөліңіз;
  • Қосымша табыс табатын жолдарды қарастырыңыз. Болмаса, жалақыңызды арттырудың тәсілдерін іздеңіз;  
  • Әр тапқан теңгеден шамалы бөлігін инвестицияға құйыңыз;
  • Кредитке жоламаңыз. Әсіресе, мерзімі ұзақ несиеге жақындамаңыз.

Осындай алтын алты заңды қатаң ұстана білсеңіз, қаржылық жағдайыңыз реттеледі. Біріншіден, айлық бюджетті жоспарлау қажет. Мұны біз оқырмандарымызға айтудан жалықпаймыз. Бұл бізге алдағы айда қанша табыс кіріп, шығын қанша болатынын анық біліп отыру үшін керек. Осыларды нақты білгеннен кейін бізде айдың аяғына дейін қанша сома қалатыны белгілі болады. Сәйкесінше, депозитке салуға, инвестициялауға мүмкіндік бар-жоғын анықтайсыз. Құрығанда, үйде банкіге салып сақтап қоясыз. Ең абзалы, бір табыс көзімен шектелмеу. Мысалы аптаның бес күні жұмыста болсаңыз, қалған екі күнінде айналысуға болатын іс іздеңіз. Иә, жұмыс аптасынан шаршадыңыз. Дегенмен қаржылық жағдайды реттеп алмайынша осы шаршағаныңыз басылмайды. Сол үшін бірінші кезекте қаржылық мәселелерді шешіп алған жөн. Сондықтан сізге қосымша табыс көзін табуға кеңес береміз. Оның тәсілі іздеген адамға теңіздегі тамшыдай көп-ақ. Айталық, сіз хобби ретінде тігінмен айналысасыз делік. Одан неге табыс таппасқа? Өзіңізге ұнайтын іс, әрі қосымша ақша әкеледі. Болмаса, жазумен дос болсаңыз, копирайтиң, СММ маманы бола аласыз. Үйде зат көп болса, керек емесін сатып жіберіңіз. Ол үшін olx.kz cынды түрлі сайт бар. Бір жағы артық заттан құтыласыз, бір жағы — табыс. Сізге керек емес зат келесі біреудің көптен іздеп жүргені болып шығуы әбден мүмкін.   

Жеке қаражатты басқару ережелері

  • Табысыңыздың 10 пайызын қорға сақтаңыз. Бұл — міндетті ереже. Ойда жоқта бірдеңе бола қалса, алаңдамайсыз. Егер осыны әдетке айналдырсаңыз, ақшаңызды желге жұмсамайтын боласыз. Өйткені тапқаныңыздан құртқаныңыз автомат түрде азая бастайды. Әрі айналдырған бірнеше ай ішінде әжептәуір сома жиналып қалады. Еңбекпен жиналған ақшаны қажетсіз затқа жібергіңіз келмей, әрі ай сайын жинау әдісін әдет қылып алған соң, одан әрі көбейте бергіңіз келеді. 
  • Табысты әртараптандыру керек. Яғни тапқаныңызды бірнеше бөлікке бөлуді үйреніңіз деген сөз. Мысалы жалақының жартысы тұрмыстық мақсатқа кетеді. Оның ішінде азық-түлік, киім дегендерге жұмсайсыз. 30 пайызын айлық міндетті төлемдер — коммуналдық төлем, пәтер ақы, мобайл байланыс ақысы, кредиттер. 10 пайызын қорға сақтап, қалған 10 пайызды инвестициялайсыз. Бұл шамамен айтылған кеңес. Өзіңізге қолайлы үлесті жасап алуыңызға болады.
  • Әр шығынның инвестиция екенін түсініңіз. Бұл жерде тек қаржылай шығынды емес, жалпылама айтып отырмыз. Айталық, балалармен күні бойы ойнап, саябаққа барып келсеңіз, сіз жақсы көңіл-күйге инвестиция құйдыңыз. Сол сияқты кез келген шығын сіздің алға жылжып, мықты бола түсуіңізге септігін тигізуге тиіс. Яғни сол шығыннан пайда келсе, демек ол плюс. Сол секілді шығыннан жақсы әсер болмаса, ол бекер кеткен деген сөз.
  • Қаржылық интеллектіңізді арттырудан шаршамаңыз. Заман ауысқан сайын қаржылық сауат та көбірек ақпараттануды талап етеді. Сондықтан заманауи табыс табу жолдары туралы оқыңыз. Қызық семинарларға қатысыңыз. Табысты адамдармен танысыңыз. Сонда қаржылық есеп жүргізу әлдеқайда жеңілдейді.
  • Кері ақыл айтатындармен шама келгенше араласпаңыз. Тіпті болмаса, бір құлақтан кіргізіп, екіншісінен шығарып тастап отырыңыз. Егер жақындарыңыздың өмір салты сізге ұнамайтын болса, өз шекараңызды шегендеуіңіз керек. Бұл жерде ат құйрығын кесісу туралы айтып отырған жоқпыз. Түсініктірек болуы үшін мынадай мысалды айтайық. Бір досыңыз қарызға әбден батқан, құмар ойындарына қызығады. Ол егер қандай да бір ақыл айтатын болса, онысы сізге пайдалы болмауы мүмкін. Қайта сізге зиянын тигізуі ғажап емес. Осындайды ескеріңіз. 
  • Қымбат зат аларда он ойланыңыз. Соңғы үлгідегі iPhone алғыңыз келсе, қазіргі смартфоныңызбен салыстырып көріңізші. Қандай артықшылық бар? Ол шынымен қажеттілік пе? Әлде жай қатардан қалмаудың қамы ма? Кредитке алатын болсаңыз, тіпті ойланыңыз. Одан қайта 12 ай бойы сол соманы жинаған дұрыс емес пе?
  • Денсаулыққа ден қойыңыз. Ішімдік, темекі, есірткі дегеннің денсаулыққа ғана емес, қалтаға да зиянын тигізетіні белгілі. Сондықтан ондай жаман әдеттерді қойған жақсы. Өзіңіз қызық үшін ай сайынғы шығыныңызды есептеп көріңіз. Темекіге қанша жұмсайсыз? Оның орнына соны инвестицияласаңыз, қанша табыс табар едіңіз?!
  • 1 сағат еңбегіңіздің құны қанша? Соны есептеп алыңыз. Мысалы айлығыңыз 150 мың теңге болсын. Аптасына бес күн — 40 сағат істейсіз. Сонда сіздің бір сағатыңыз 3750 теңге тұрады деген сөз. Мұны аса көп дей алмаймыз. Сондықтан әлдебір шығын шыққалы тұрғанда жақсылап ойланыңыз. Бренд сөмкеге қызығып, жеңілдікпен тұрғанға 80 мың теңгеге алған болсаңыз, сол затты алу үшін 21 сағатыңызды жұмсағаныңызды ескеріңіз. Осылай ойланғанда саналы түрде зат алу оңайырақ болады. Эмоцияға беріліп алудың алдын алады. Егер соның өзінде қымбат сөмке алғыңыз келсе, сағатыңызды 80 мың теңгеге бағалайтындай жағдайға жетіңіз.  
  • Қарызға бермеңіз. Бұл кеңес біреуге ұнаса, біреуге ұнамауы мүмкін. Дегенмен сіздің табысыңыздың есебі жасалып қойған. Ол жерде алып-қосатыны жоқ. Әлбетте, қиын жағдайға ұшыраса, қордан бере тұруыңызға болады. Бірақ оның өзінде әлгі адамның сенімді екеніне көз жеткізуіңіз шарт. Аса таныс емес адамға ешқашан қарыз бермеңіз. Жалпы қарызға беріп жатқан кезде «ол ақша қайтпайды» деп ойлаңыз да, қандай соманы қайтармаса ішіңіз күймейді — сонша ғана беріңіз. Қайтса, жақсы. Қайтпаса, сізге аса шығын әкелмейді.

Кіріс пен шығынның есебін жүргізу әсте оңай емес. Көпшілігінің қарызға батып жүруінің себебі осында. Ол үшін ішкі тәртіпке мықты, жоспардан ауытқымайтын қасиет керек. Есеп жүргізудің түрлі әдісі жайлы бұған дейін көп бөліскенбіз. Қысқа қайырып, бірнеше құралды айтайық.

  • Қойындәптерге түртіп қою. Шағын ғана блокнот арнаңыз да, сол жерге барлық шығынды жазып жүріңіз. Жоспарыңыз да сол жерде тұрсын. Қаншалықты дұрыс жұмсап жатсыз — бәрін бақылап отырасыз. Егер қалам мен қағазбен дос болсаңыз, осы дәстүрлі әдісті қолдана беріңіз.
  • Excel кестесіне салыңыз. Кестемен жұмыс істеуді үйреніп алсаңыз, өте жақсы. Себебі тиын-тиынына дейін дәл есептеп береді. Көз алдыңызда тиянақты көрініп тұрады. Интернет іздесеңіз, дайын үлгілерді таба аласыз. Ноутбук жанымды үнемі болмайды десеңіз, кесте бағдарламасын смартфонға орнатып алыңыз. 
  • Онлайн қолданбалар арқылы жүргізуге болады. Бүгінде есеп жүргізуге көмектесетін тегін де, ақылы да ресурс жетіп жатыр. Мобайл қолданбалардың ішінен өзіңізге интерфейсі, функциялары ұнайтын біреуіне тоқталып, соны қолданыңыз.

Жеке қаражат есебін жүргізу қиын. Оған темірдей төзім, қатал тәртіпке бағыну, биік мақсаттар керек. Сіз үшін басымдылықта не тұр — соны шешіп алыңыз. Ай сайын қайталанып келетін төлемдерді жаттап алыңыз да, жоспарға енгізіңіз. Кешіктірмеңіз. Бәрін реттеу үшін сізге әбден «піскен» қаржы жоспары қажет. Шындыққа жанасатындай қылып құрыңыз. Аспандағы айды сұрап, ақыры ала алмай, көңіл қалып жүрмесін. Қолында картасы жоқ саяхатшы жолдан адасып, көп уақытын бекер жұмсайтынындай жеке бюджет жоспары жоқ адам да қарыздан қарызға бата береді. Күн сайын 10-15 минут уақытыңызды бөліп, жоспарды тексеріп отырыңыз. Тәртіпке мықты болыңыз. Сонымен қатар, қаржылық сауатты заманға сай дамытып отыруыңыз керек. Егер венчурлық қор, акция, трейдиң дегенді түсіне алмай жатсаңыз, кемінде банктен депозит ашып, соған сала беріңіз. Шама келгенше көбірек оқып, біліңіз. Ақшаға қатысты кез келген амалдың оң нәтижесі болуын қадағалаңыз. Сонда қарыздан құтылып, кедейліктен шығып, уайымсыз өмірге жол ашылады.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар