Отбасының цифрлық картасы деген не және ол азаматтардың өмірін жеңілдете ме?

Жарияланды
Қазіргі уақытта ақпараттық жүйеге 5,9 миллион отбасының дерегі жинақталған

Қазақстанда 1 қыркүйектен бері Әлеуметтік кодекс жобасы аясында пилот режимде Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Бұл қандай карта, ол азаматтарға несімен оңтайлы болмақ – Kursiv.kz бүгінгі материалында тарқатып көрді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпараттарға қарағанда, бұл ақпараттық жүйе азаматтарға проактив форматта, яғни алушының өтінішін күтпей-ақ көмек көрсетуді көздейді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық әрекеттерін азайта отырып, қызметті жеделдетуге және тиісті мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұл қандай карта?

Отбасының цифрлық картасы – азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін айқындауға және оларға проактив форматта кепілдік берілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе. Ол әртүрлі мемлекеттік органнан алынған мәліметтерді жинақтайды.

«Мәселен, бір жасқа толмаған баласы бар отбасы бала тууы бойынша берілетін жәрдемақы алуға құқылы. Кәмелет жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасы бала 18-ге толғанша ай сайын жәрдемақы алады. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы ала алады. Осындай мысалдар өте көп. Отбасының цифрлық картасын енгізу мемлекет тағайындаған жәрдемақыларды проактив форматта, яғни төлем алушының өтінішін күтпей беруді көздейді», – делінген Еңбек министрлігі мәліметінде.

Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасында 19,4 миллион азамат туралы деректер жинақталған. Бұл дегеніміз – 5,9 миллион отбасының мәліметі.

Отбасылардың әл-ауқатының деңгейі бес критерий бойынша айқындалады:

  1. Экономикалық өмір сүру жағдайлары;
  2. Денсаулық сақтау қызметтерімен қамту;
  3. Мүгедектігі бар адамдардың болуы;
  4. Тұрғын үй жағдайлары, әлеуметтік жағдайлар
  5. Білім беру қызметтерімен қамту және отбасы мүшелерінің білім деңгейі.

Цифрлық карта қалай жұмыс істейді?

Отбасының цифрлық картасы мынадай алгоритм бойынша жұмыс істейді: мемлекеттік кепілдік алуға құқығы бар отбасына Еңбек министрлігінен SMS-хабарлама жолданады. Онда азаматтың мемлекеттік кепілдік алуы мүмкін екені жазылады. Бұдан бөлек, SMS-хабарламада азаматқа мемлекеттік кепілдікті проактив форматта тағайындауға келісу немесе келіспеу құқығы беріледі. Егер азамат келіскен жағдайда, онда оған жәрдемақы тағайындалады. Ол кейін төлем алушының шотына түседі. Бұл бюрократияны, түсініспеушілікті, артық әрекетті азайтпақ. Цифрландыру арқылы азаматтардың өмірін жеңілдетпек.

Жоғарыда атап өткеніміздей цифрлық карта – пилот режимдегі жоба. Министрліктің таратқан мәліметінше, оны іске асыру кезеңдері мынадай:

  • осы жылғы 1 қыркүйектен бастап жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің тоғыз түрі бойынша жаңа форматта қызметтер алу мүмкіндігі ұсынылды;
  • 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тізбе әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтіледі;
  • 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі;
  • 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрі қамтылады.

Отбасының цифрлық картасын пилот режимде іске қосуға дайындық барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің желісі бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж азаматтар анықталды.

Бұл ақпараттық жүйе Smart Data Ukimet мемлекеттік платформасын дамыту аясында әлеуметтік қолдау шараларын проактив түрде тағайындау үшін әзірленген. Осылайша, 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап пилоттық режимде бес түрлі бағыт бойынша:

  • бала туу;
  • бала күтімі;
  • мүгедектігі бар баланың күтімі;
  • жұмыссыздық;
  • мүгедектік бойынша жәрдемақылар тағайындалады.

2022 жылдың соңына дейін тағы бес қызметті қосу жоспарланып отыр. Олар:

  • асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем;
  • көпбалалы аналарға жәрдемақы;
  • атаулы әлеуметтік көмек;
  • Күміс немесе Алтын алқамен марапатталғандарға жәрдемақы;
  • зейнетақы төлемдері.

Биылғы сәуір айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты Өкілі Якуп Беріш кездесу өткізіп, Отбасының цифрлық картасы жобасы жөнінде талқылаған болатын. Министр қоғам мүшелері 21 индикатор бойынша анықталатынын мәлімдеді. Сондай-ақ азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейі Сабина Алькире (Оксфордтың кедейлік және адам дамуы бастамасы (OPHI)) және Джеймс Фостер (Джордж Вашингтон университеті) әзірлеген көпөлшемді кедейлікті өлшеу әдісіне негізделіп әзірленгенін айтқан еді. Бұл әдіс халықтың қандай параметрлері бойынша кедей санатына жататынын анықтауға, сондай-ақ қоғамдағы кедейлікті көрсету үшін ақпаратты жинақтауға (көрсеткіштер, географиялық аймақтар, әлеуметтік топтардың этникалық және басқа да ерекшеліктері бойынша) мүмкіндік береді.

БҰҰДБ өкілімен кездесу барысында министр отбасының әл-ауқатын бағалау нәтижелері бойынша ең жоғары кедейлік деңгейіндегі отбасылармен мына іс-шаралар жүргізілетінін айтқан еді:

  • әлеуметтік қызметкердің, жергілікті атқарушы орган қызметкерінің әлеуметтік қолдау шараларын қамтамасыз ету үшін сыртқа шығып қызмет етуі;
  • отбасының қажеттіліктерін анықтау және мемлекеттік қызметтерді көрсету;
  • атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегін тағайындау;
  • жұмыс табуға көмектесу;
  • балаларды мектепке немесе балабақшаға орналастыру;
  • медициналық ұйымдарға тіркелу;
  • жобаларды әзірлеуде, жаңа дағдыларды үйретуде, бизнесін құруға қолдау, көмек беру. Сонымен қатар басқа да көмек түрін қамту көзделгенін мәлімдеген.

Кездесу кезінде Тамара Дүйсенова БҰҰДБ сарапшыларынан әзірленген әдістемені қарап, оның халықаралық стандарттарға және біздің шындыққа сәйкестігіне бағасын сұраған.

Жуырда цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында премьер-министр Әлихан Смайлов Отбасының цифрлық картасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты қолдап, мәліметтерді тиімді талдау және халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін бірыңғай платформа базасында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясын жандандыруды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз