Парақор шенеуніктер. Қай министрлікте сыбайлас жемқорлық тамыр жайған?
Биыл қаңтар–тамыз айларынында түрлі министрліктердің 111 қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша ұсталған, көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 20,7% артық.
Ranking.kz жазуынша, сыбайлас жемқорлық әсіресе Қаржы министрлігінде тамыр жайған. 9 ай ішінде бұл министрліктің 33 қызметкері жемқорлық бойынша ұсталған. Бір жыл бұрын 31 адам сыбайлас жемқорлыққа барған.
Одан кейін ҚР Қорғаныс министрлігі (22 адам, 83,3% көбейген), Ауыл шаруашылығы министрлігі (16 адам, 23,1% көбейген) және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (16 адам, бірден 5,3 есе көбейген) келеді.
Жемқорлық жасаған қылмыскерлердің ішінде 102 қызметкер ауыр қылмыс, 4 адам орташа ауырлықтағы қылмыс және тағы 4 адам ауыр емес қылмыс, 1 адам аса ауыр қылмыс жасаған.
Министрліктегі құқық бұзушылардың 69,4%-ы, яғни 77 адам пара алу кезінде ұсталған. Тағы 14 адам сыбайлас жемқорлыққа барды, 7 адам қызмет бабын асыра пайдаланды, 6 адам пара берді, 5 адам сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе жымқыру фактісі бойынша ұсталған.
Өңірлер бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған министрлік қызметкерлерінің басым бөлігі Алматы қаласынан: 23 адам. Одан кейін Шымкент қаласы (12 адам, 4 есе көбейген) және Алматы облысының (10 адам, 9,1% азайған) шенеуніктері келеді.