25 қыркүйекке дейін «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын ұсыну жөніндегі байқауға өтініш қабылданады. Биыл әрбір грантқа 3 миллион теңгеден 33 грант беріледі. Грантты ұтудың жолдары, шарттары қандай – бүгінгі материалда түсіндіріп көрдік.
ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Баймолдинов ел жастарына «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын ұсыну жөніндегі конкурсқа қатысу мүмкіндігін беру және барлық өңірдің жастарын қамтуды кеңейту мақсатында байқауға өтініш қабылдау мерзімін 2022 жылдың 25 қыркүйегіне дейін ұзарту туралы шешім қабылдағанын хабарлады.
Бұл грантты Мемлекет басшысы тағайындап отыр. Гранттың мөлшері мен санын Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын белгілейді. Грант берудің мақсаты:
- белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекеттік қолдау;
- елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін практикалық қызығушылық тудыратын жастардың инновациялық жобалары мен ғылыми-техникалық әзірлемелерін анықтау және қолдау;
- жастардың жаңа және жұмыс істеп тұрған стартап-жобаларын іске асыруға жәрдем көрсету;
- жастар арасында шығармашылық қызметті танымал ету.
Грант қандай бағыттар бойынша беріледі?
Гранттар Қазақстан Республикасының азаматына жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде мынадай бағыттар бойынша беріледі:
- «Ғылым» – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
- «Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
- «Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT-шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және дайындауға арналған;
- «Бизнес» – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
- «Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған.
Грантқа өтінішті қалай жолдау қажет?
Үміткерлердің байқауға өтініштері (электрон нұсқасы) generation.kaz@gmail.com поштасы арқылы, (қағаз нұсқасында)Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, «Министрліктер Үйі» Әкімшілік ғимараты (14-кіреберіс) мекенжайы бойынша қабылданады.
Байланыс номерлері: 8 (7172) 74-12-78, 8 (702-000-88-12).
Конкурсқа өтініштер мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде қабылданады. Сонымен қатар өтініште мыналар болуы қажет:
1) нысан бойынша жобаның сипаттамасы;
2) жобаның видео-таныстырылымы (60 секундтан аспайды);
3) шығын сметасының жобасы;
4) зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса) қамтылуға тиіс.
Өтініш беру кезінде мына қосымшаларды толтыру қажет:
- «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру қағидаларына 1-қосымша (жүктеу)
- «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру қағидаларына 2-қосымша (жүктеу)
Егер құжаттар топтамасы толық ұсынылмаса, уәкілетті орган үміткер өтінішін алған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде хабарлама жолдайды. Бөлінген грант қаражаты жобаны іске асыру үшін пайдаланылады. Оны пайдалану мерзімі бір жылдан аспайды.
Байқау қалай өтеді?
Грант байқауы екі кезең бойынша өтеді
Байқауға жолданған өтініштерді бағалау үшін уәкілетті орган комиссия құрады. Комиссияны төраға – уәкілетті органның басшысы басқарады. Комиссия құрамына орталық атқарушы органдар мен азаматтық қоғамның өкілдері, ғалымдар және грант бағыттары бойынша мамандар мен сарапшылар енеді. Бағыттардың әрқайсын уәкілетті органмен келісу бойынша конкурстық комиссия мүшелерінің арасынан басшы басқарады.
Комиссияның отырыстары ашықтық, айқындық қағидаттарында және уәкілетті органның интернет-ресурсы мен әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында онлайн-трансляция режимінде өткізіледі.
Егер үміткер ұсынған өтініште жобаның негізгі идеясы, оның әлеуметтік әсері, күтілетін нәтижелері ашып көрсетілмеген жағдайда және конкурстық комиссияда жобаға қосымша сұрақтар туындаған кезде, конкурстық комиссия төрағасының шешімі бойынша үміткерлердің баяндамаларын таныстырылымдармен бірге көзбе-көз немесе қашықтан тыңдау жүргізіледі.
Грант ұтқаннан кейінгі әрекет қалай жалғасады?
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпазы екінші деңгейдегі банктерде жеке шот ашады және конкурстық комиссияның конкурс жеңімпаздарын айқындау туралы хаттамасына қол қойылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға грантты аудару үшін банк шотының бар-жоғы және нөмірі туралы анықтаманы ұсынады.
Содан кейін уәкілетті орган байқау жеңімпазымен шарт жасасады. Конкурстың кәмелетке толмаған жеңімпаздары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен шарт жасасады.
Грант алушы 3 айда бір рет жобаның іске асырылу барысы туралы есепті уәкілетті органға ұсынады.
Уәкілетті орган күнтізбелік бір жыл ішінде грант қаражатының нысаналы пайдаланылуын, оның ішінде грант алушының ұсынған есебі бойынша мониторинг жүргізіп отырады. Егер гранттың нысаналы пайдаланылмағаны анықталвк, грант алушыны шарт талаптарының бұзылғаны және гранттың толық сомасын қайтару қажеттігі туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
Грант алушы қаражатты белгіленген мерзімде қайтармаған жағдайда олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өндіріп алынады. Ол белгіленген тәртіппен республикалық бюджетке аударылады.