Баланың жасына қарай міндеттері де әр түрлі

Жарияланды
Үш жастағы бала не істей алуы керек?

Қазақта «Баланы — жастан» деген бар. Мұның астарында балаға бәрін кішкентайынан үйретіп, үлгі көрсетпесе, кейін кеш болатынын білдіретін сөз жатса керек. Бүгінгі материалымызда баланы жауапты етіп өсірудің жолдарын бөлісеміз. Соның ішінде үй шаруасына қалай араластырған дұрыс — соған тоқталамыз.

Үш жасар баланың міндеттері

  • Ойнап болғаннан кейін ойыншықтарын жинап, орнына қоюы керек;
  • Кітаптар, қалам-қарындаштар, альбомдар мен бояуларды пайдаланып болғаннан кейін орнына қоюы қажет;
  • Даладан кіргеннен кейін аяқ-киімін, сырт киімін ауыстырып, оларды лақтыра салмай, жинап қоюы керек;
  • Тамақ жегеннен кейін үгітілген нан қиқымдарын, не төккен суын өзі сүртіп жүруі керек;
  • Анасына дастархан жаюға көмектесіп, қасықтарды қоюы керек. Сол сияқты тамақ ішіп болған соң да қолғабыс болғаны дұрыс.

Әлбетте, кішкентай бала туралы айтқанда бәріне бір стандарт таңып қоюға болмайды. Бір бала осы тізімдегі шаруаларды оп-оңай істесе, енді біріне бұл қиын болуы мүмкін. Сондықтан бас салып, «осылай істе» деп қинамаңыз. Ойыншықтарын жинатқыңыз келсе, салатын қорапшасын көтере алатын болуы керек. Қасықтарды дастарханға қоюы үшін тартпаға бойы жетуі керек. Мінеки, осы сынды дүниелерді де ескеріңіз. Бір ескертетін жайт: қауіпсіздік сақтауды ұмытпағайсыз. Мысалы, сүрткішті алуға ұмтылғанда ол жерде пышақ тұрып, қолын кесіп кетпеуін қадағалау шарт. Немесе стақанды әкеліп беруін баланың әкеле алатынына сенімді болғанда ғана сұраңыз. Әйтпесе, қолынан түсіп кетіп, қол-аяғын ауыртып алуы мүмкін. Аса дайын емес екенін көрсеңіз, сәл күтіңіз.

Төрт жасар баланың міндеттері

  • Төсегін салып, жинай алуы керек;
  • Дастархан жасауға көмектесіп, соның ішінде кесе мен тәрелкелерді таси алуы керек;
  • Егер үйде гүл болса, алдын ала құйып қойған ыдыспен гүл суғаруы керек;
  • Үй жануарларына уақытылы тамақ-суын беріп отыруы керек;
  • Бойы жететін жердің шаңын сүртуі керек;
  • Шұлық, шорты, орамал сынды жеңіл әрі шағын заттарды киім жайғышқа жайып үйренуі керек;

Жасы өскен сайын баланың алдыңғы міндеттеріне жаңа түрлері қосыла береді. Яғни үш жасында істеген шаруаларына төрт жасында мына жоғарыдағыдай тапсырмалар қосылады дегендей. Балаңыздың шамасы келетін, жасына сай, аса қиындық тудырмайтын істердің тізімін қалауыңызға қарай өзгертіп ала аласыз. Мысалы ауыл баласы төрт жасында қызанақ пен қияр жинай алады. 

Бес жасар баланың міндеттері

  • Өзіне-өзі оңай тамақ әзірлей алуы керек. Ол дегеніміз нанға май жағып не шұжық, ірімшік қосып бутерброд жасау деген секілді тағамдар. Пышақ ұстауды осы жасында үйреткен дұрыс. Қолын кесіп алмас үшін қалай ұстау керек — түсіндіріп, көрсетіңіз;
  • Таңғы асты әзірлеп үйренуі керек. Мысалы кесеге шырын не айранды құйып, таңғы асқа арналған шариктерге сүт қосып тәрелкеге салу;
  • Тамақ ішіп болған жерін жинап, үстелдің үстін сүртуі керек;
  • Өз бөлмесінің еденін өзі жууы керек;
  • Жуатын киімдерін шығарып, түсіне қарай сорттай білуі керек;
  • Қол жуатын жерді жуып, су тамған айнаны сүрте білуі керек;

 Айтқандай, әр үйде тәртіп әртүрлі. Соған байланысты мұндай тізімді өзіңізге қолайлы етіп жасап алсаңыз болады. Мәселен, ваннадағы айна тым биікке ілінген болса, баланың бойы жетпеуі мүмкін. Мұндайда оны қинап, орындыққа шығарып керек емес. Егер үйде автокөлік болса, онда соны жууға көмектессе, шаңын сүртіссе болады.

1-сынып баласының міндеттері

  • Шаңсорғышпен үй тазалай алуы керек;
  • Маусым мен ауа-райына қарай киетін киімді өзі таңдай алуы керек;
  • Шешкен киімін ілгішке тиянақтап іліп қоюы керек;
  • Ертеңгі сабағына сөмкесін өзі жинауы керек. Қандай пәндер болады, қандай оқу-құралдар керек — өзі салсын;
  • Үйде ит болса, сабақтан кейін не дейін далаға серуендетіп келуі керек;
  • Бөлмесінің тазалығына өзі жауап берсін. Сабақ оқып болған соң, үстелін жинап қоюы керек;
  • Аса ауыр емес киімдер мен жуылған заттарды киім жаятын жерге жайып қоюы керек.

Егер жер үйде тұратын болсаңыздар, арамшөп жұлғызып, шашылып жатқан жапырақтарды жинатқызуға болады. Барлығы сіздің үйретуіңізге тікелей байланысты.

2-сынып баласының міндеттері

  • Жуынып-шайынып шыққаннан кейін ванна мен дәретхананы тазалап қою;
  • Велосипед, самокат, ролик, коньки және т.б. заттары лас болып қалса, жуып қоюы керек;
  • Теуіп келгеннен кейін велосипед, самокат, роликтерін орын-орнына қоюы керек;
  • Үйдегі телефон шырылдаса, көтеріп, сөйлесе алуы керек. Егер жазып алатын нөмір не ескертпе болса, түртіп алсын;
  • Итін қыдыртып келген соң аяғын сүртіп, жусын;
  • Орамал, жастық қабы сынды оңай заттарды үтіктеп үйрене берсе болады. Бастысы, қауіпсіздік сақтау шараларын үйретіңіз.

3-сынып баласының міндеттері

  • Түскі және кешкі астың дастарханын жайысу;
  • Еден жуу;
  • Киім жинайтын шкафын таза ұстау;
  • Іш киімдерін уақытылы ауыстырып, ластанған киімдерін де кір салатын жерге өзі салып үйренуі керек;
  • Егер ата-анасы бұрын көрсетіп, үйреткен болса түсіп қалған ілгегін өзі қадай білгені дұрыс. Дегенмен инені ұстағанда абай болсын!
  • Газ не плитаны қосу-өшіруді білетін болса әрі қауіпсіздік шаралары туралы хабардар болса, жұмыртқа, шұжық пісіру;
  • Судың температурасын, қанша көлемде құю керегін түсіндірсеңіз, өзі түсетін суды ваннаға өзі толтыруы керек;

4-сынып баласының міндеттері

  • Төсек жабдығын ауыстырып, жууға беріп отыруы керек;
  • Кір жуатын машинаны қосуды, оған ұнтақ пен кондиционер сала алуы керек;
  • Тізім бойынша үйге керек-жарақты, азық-түлікті дүкеннен әкелуі керек;
  • Мектепке, үйірмелерге, қосымша сабақтарға өзі жаяу бара алуы керек;
  • Ботқа, жұмыртқа, макарон секілді қарапайым тамақтарды істей алуы керек;
  • Өзі шәй, кофе құйып ала алуы керек;
  • Өз туған күнін ата-анасының жағдайына қарай бейімдеп, жоспарлай алуы керек.

5-7 сынып баласының міндеттері

  • Ата-анасы бір жаққа кеткенде үйде өзі қала алады;
  • Мектепке, үйірмелер мен қосымша сабақтарға қоғамдық көлікпен бара алады;
  • Қалтасына берген ақшасын дұрыстап ұстап, соған белгілі бір жоспарлар жасай алады;
  • Жеке хоббиі мен қызығушылықтарына қарай түрлі жоспар құра алады;
  • Үй шаруасын істеуді де уақытында орындау үшін кесте жасап, соған сай жүреді;
  • Плита, қол жуғышты жуа алады;
  • Жөндеу жұмыстарының жеңіл түрлерімен айналыса алады.

Жоғары сынып баласының міндеттері

  • Отбасына түскі не кешкі ас пісіру. Кейде кезектесіп, не өзінің ғана мойнына алып;
  • Дәрігерге қаралу керек болса не медициналық тексерістен өтуі керек болса, өздігімен қаралуға жазылуы керек;
  • Салауатты өмір салтын ұстану;
  • Үйде нан не сүт бітіп қалса, айтқызбай дүкенге барып келуі керек. Соның бәрін алдын-ала байқап жүргені жақсы;
  • Жазғы демалыс кезінде қосымша табыс көзін табу;

Балаға шаруаны қалай істетуге болады?

 Айтқандай, бәрін бала кезден бастаған абзал. Сонда сізге уақыт өте келе жауапкершілікті ұлғайту аса қиындық тудырмайды. Ендеше, үй шаруасын бөліп берудің бірнеше ережесін де бөлісе кетейік:

  • Балаға ол тапсырманы не үшін бергеніңізді өзі түсінетін тілде айтып беріңіз;
  • Егер үйді жинамаса, ыдысты жумаса, қоқысты төкпесе не болуы мүмкін екенін бірге ойлап, талқылап көріңіздер;
  • Отбасында әр адамның өз міндеттері болатынын айтып жүріңіз. Әрі жанұяда барлығында бір мүддеде — жайлы, берекелі өмір сүру болатынын жастайынан бойына сіңіріңіз.
  • Отбасында кей адамдарға көбірек тынығу керегін, тез шаршап қалатынын айтыңыз. Мысалы үйде ата-әже болса, не анасы жүкті болса дегендей;
  • Үй шаруасына қатысты негатив ой тудырмаңыз. Яғни «мына үйді жинаудан шаршадым» дегендей сөздерді шама келгенше қолданбаңыз. Әйтпесе, ол ой балада да пайда болады. Сөйтіп үй шаруасы десе, қашатын бала болып шығуы мүмкін;
  • Тапсырған шаруаңызды атқарған соң, балаңызды міндетті түрде құшақтап, оған алғыс айтып, мақтаңыз. Сол арқылы онда құлшыныс туады;
  • Үй шаруасын бірлесіп істеу дәстүрін енгізіңіз. Мысалы жексенбіде әкесінен бастап бәрі таңғы не түскі ас істесін. Болмаса, сіз салат турасаңыз, балаңыз оны жуып көмектессін;
  • Үй жинауды адамды шаршататын іс деп емес, ойын деп қарастырған жақсы. Әсіресе, бала кішкентай болғанда ойын әдісімен үйреткеніңіз дұрыс. Мысалы «кім мына кірдің бәрін бірінші іліп тастайды?» дегендей жарыс формасында жасалған іс позитив сыйлайды. Сонда бала да, өзіңіз де қуанып, шаршағаныңызды байқамай қаласыз. Бір айта кететін жайт, балаға өз ойыншықтарын өзіне жинатып, орын-орнына салғызу арқылы тазалыққа ғана емес, жадының, назарының, ерік-жігерінің дамуына үлес қосасыз. Өйткені ойыншықты орнына салғанда оның қайда тұрғанын есте сақтауы керек. Бұл болса, когнитив қабілеттерді жақсы дамытады.  
Сондай-ақ оқыңыз