Үкімет субсидия алатын ауылшаруашылық өнімін 7,5 есе қысқартты

Жарияланды
Өнімдердің тізімін фермерлермен келіспей бекіткен

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары Үкіметтің ауыл шаруашылығында субсидия алатын өнімдердің тізімін фермерлермен келіспей бекіткенін хабарлайды.

Бүгін Ұлттық палатаның алаңында ауыл шаруашылығындағы кейбір өңделген тауарларды мемлекеттен қолдау көрсетілетін тізбеге қайта қосу мәселесі талқыланды.

Ұлттық палата сарапшыларының мәліметінше, бұған дейін отандық өңдеу өнеркәсібінің тауарларын сыртқы нарықтарға жылжыту жөніндегі шығындары ішінара өтелетін тауарлар тізбесіне 4769 позиция, оның ішінде азық-түлік тауарларының 735 позициясы енгізілген. Қағидаларды сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган  (Сауда министрлігі) «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес әзірлеп, бекіткен.  Алайда, осы жылғы 1 тамызда ҚР Сауда және интеграция министрінің м.а. № 314-НҚ бұйрығы шықты және оған сәйкес тізім айтарлықтай қысқарып, 3808 тауарға дейін азайды, оның ішінде тамақ өнімдерінің 98 позиция қалды.

Яғни, мемлекеттен қолдау алатын өнімдердің саны азайды.

«Бұл тізім субсидия алатын тауарлардың тізімі. Мұны бәріміз білеміз. Өкінішке қарай, 700-ден астам өңдеу тауары болған, енді тек 98 болып қалды. Бірнеше есе қысқарды. Мұның бәрі кәсіпорындардың қызметіне кері әсер етеді. Алдымен Үкімет көмек көрсетеміз тізімге қосты, кейін алып тастады. Бизнес мемлекеттің қолдауы қандай, сенуге бола ма деген оймен екі ортада қалды», – деп көтерді мәселені Ұлттық палата АӨК департаментінің директоры Ербол Есенеев.

Астық өңдеушілер одағының басшысы Әлихан Талғатбек кәсіпкерлердің атынан сөйлеп, тізімге ұн мен жем өндіру кірмей қалғанын атап өтті.

«Сауда министрілігі «Өнеркәсіптік саясат туралы» жаңа заңға сәйкес біздің өнім тізімнен шығып тұр. Бізге түсініксіз. Министрліктер мәселені бір-біріне сілтейді. Сауда министрлігі бұл тізімге қатысты бұйрықты Әділет министрлігімен келісіп, шығарған. Біздің өндірушілерді осы тізімге қосуды сұраймыз», – деді Әлихан Талғатбек.

Қостанай облысындағы «Қазторгтранс» ЖШК басшысы Халилулла Гран Ака үкімет проблеманы өзара шешпесе, шетелдік нарыққа шығуға дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, көрші елдердің үкіметі бірнеше жылға қолдау көрсетуге дайын.

Сонымен қатар, Сауда министрлігі, АШМ және Индустрия министрлігінің өкілдері пікірін айтты. Бірақ біржақты шешім шықпай, Үкімет мүшелері бір-біріне жүктеді.

Ұлттық палата өкілі Ербол Есенеев талқылауды қорыта келе, мәселені вице-премьер деңгейіне шығаратынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз