Карнегидің кеңестері: бәрін өзіңмен пікірлес қылудың жолдары

Жарияланды
Табысқа жету үшін нетворкиңді дамыту керек

Америкалық жазушы, мотиватор Дейл Карнегидің кітаптарын барлық дерлік кітап дүкенін кездестіруге болады. Табысқа жету, өзіңді дамыту, коммуникация құру сынды тақырыпты шемішкіше шағатынымен танымал. Оның оқу бағдарламларын Audi, BMW, Coca-Cola, Oracle және Honda сынды алпауыт компаниялардың қызметкерлері оқыған. Ол табысқа жету үшін адамның техникалық ноу-хау қабілеті болуы міндетті емесін дәлелдеген. Яғни әлеуметтік және коммукациялық машығы мықты адамдар әлдеқайда табыстырақ дейді. Назарыңызға Карнегидің адамдарды өзіңе пікірлес етіп алуға көмектесетін тәсілдерін ұсынамыз. Бұл әдістерді қолдану арқылы неворкиң орнату жеңілдейді. Әйтсе де, бұл психологиялық емес, әлеуметтік кедергілерді жеңуге бағытталғанын ескеру керек. 

  • Дауласуға құмар болмаңыз. Дұрысы, келіспеушілікпен барынша аулақ жүріңіз. Адамдар көбіне өзінікін дәлелдегісі келіп, дауласуға дайын тұрады. Әсіресе, айтқаны дұрыс екеніне сенімді болған кезде тіпті оталып кетеді. Әйтсе де, даудың несі жақсы? Әлдекімнің қателесіп тұрғанын дәлелдегеннен сізге келіп кетері бар ма? Әрі кетсе, ішкі «меніңіз» рахаттанып қалады. Карнегидің айтуынша, дауда түбегейлі жеңіс деген жоқ. Егер сіздікі қате болса, жеңілгеніңіз. Ал енді дұрыс болса, қарсы тарап жерге қарап қалады да, намыстанады. Оның өзін олай сезінуіне сіздің дау себеп. Сондықтан дауласқан жақсы емес.
  • Ешқашан «Сенікі дұрыс емес» демеңіз. Өзгелердің пікіріне құрметпен қараңыз. Егер сіз біреуге қатесін көрсетсеңіз, демек оны ашық айқасқа шақырғаныңыз. Ол ендігіде сізбен жарысып, сізді қарсылас көре бастайды. Сондықтан қателікті көрсеңіз, «Сенікі дұрыс емес» дегенше «Мен олай ойламаймын. Бәлкім, қателесіп те тұрған шығармын. Егер менікі қате болса, неге олай екенін білгім келеді. Сондықтан осыны талқыласақ» деген дұрысырақ. Осылайша сіз келесі тарапты қарсылас емес, қайта бір бағытта қозғалуға дайын, адекват диалог құратын адамға айналдырасыз. 
  • Есімін атаңыз. Адамның атын — оны жеке тұлға етіп көрсететін дүние. Сондықтан сұхбаттасушының маңызын сезіндіру үшін атымен атаған жақсы. Тек шақыру үшін емес, әңгіме барысында да атын айтсаңыз, бұл жағымды сұхбат құруға мүмкіндік береді. Ал енді атын айтпай, не айтқан күннің өзінде қате айтсаңыз, оған кері әсер беруі мүмкін. 
  • Жақсы тыңдаушы бола біліңіз. Басқаларға өзі жайлы айтуға мүмкіндік беріңіз. Кім де болсын бірінші кезекте өзі мен өз мәселелерінің күйін күйттейді. Олардың басты назарда үнемі сізде бола бермейді. Сондықтан көп сөйлеп, келесі тарапқа сөз бермей қоймаңыз. Шама келсе, 75 пайыз тыңдап, 25 пайыз ғана сөйлеуге дағдыланыңыз.
  • Тыңдаушыға қызық тақырыпта сөйлесіңіз. Оған мүлдем қызықсыз әңгіме айтатын болсаңыз, онда бұл жерде қандай диалог орнайды? Екі жаққа да ұнайтын тақырыпта тілдескен дұрыс.
  • Қарсы тарапқа өзін маңызды сезінуге мүмкіндік беріңіз. Бірақ одан дәл соны талап етпеңіз. Әлдекімге қолдау білдіріп, жылу сыйлағаныңыз жөн-ақ. Дегенмен қайтарымы сондай болсын деп күтпеңіз. Карнегидің мынадай сөзі бар: «Егер адам басқаларға жылу сыйлай алмайтындай деңгейде өзімшіл болса, онда оның ішкі дүниесі шіріген алмадан да жаман. Түптің түбінде өмір ол үшін тиісті «жемісін» береді». Жақсылықты шынайы жасау керегін бәрі білсе де, күнделікті өмірде қолдану оңай емес. Сондықтан мұны әдетке айналдырған абзал.

Жұртқа қалағаныңды істетудің жолдары қандай?

Алдымен, мынаны ескереу керек. Еркінен тыс қалағанын істету — манипуляция. Біздің айтпағымыз бұл емес. Карнегидің айтуынша, сенімділік маңызды. Егер адамдарға ұнап, олардың бойынан өзіңе деген сенім ұялатып, қалағаныңызды істеткіңіз келсе, мынадай кеңестерді назарда ұстаңыз. 

  • Өзіңіздікі қате екенін біліп тұрсаңыз, мойындаңыз. Кінәні де тез әрі нық түрде мойындасаңыз, келесі тарапқа бұл жақсы әсер етеді. Оның өзіне деген бағасы да өседі. Сөйтіп сіз кінәлі болсаңыз да, кешіріммен қарап, жанашырлық танытады.
  • Жылы шырай танытып барып, әңгіме бастаңыз. Ешқашан әңгімені қатулы қабақпен бастауға болмайды. Өйткені ондай жағдайда сіз бекерден-бекер негатив шашып, берекесіз әңгіме айтасыз. Енді елестетіп көріңіз: сіздің сондай түріңізді көрген адам сіздің айтқаныңызды істеп, ұсынысыңызды қабылдай ма? Қабылдауға неғайбыл. Егер адамға жұдырық түйіп келсеңіз, соңы жұдырықтасумен аяқталады. Сұхбаттасушы ашулы болып тұрса, оны айтқанынан көндіру қиын. Сондықтан өзіңіз де сыпайы болып, келесі тарап ашуланып тұрса да жұмсартуға тырысыңыз. Ол үшін жылы шырай және байыпты түр керек. Басты мәселеге көшпестен бұрын кемі 5 минуттай жағымды тақырыпта сөз бастаңыз.
  • Оппонентті әңгіме басында сізбен келісетіндей етіңіз. Яғни кез келген әңгімені бастамас бұрын келесі тарапқа екеуіңіздің көздегеніңіз бір мақсат, бір меже екенін түсіндіріңіз. Бәлкім, тәсілдер әр түрлі. Бірақ мүдде бір. Осы сөзбен келісетінін айтқаннан кейін әңгіме жақсы айтылады. Бұл жерде маңыздысы — келіспеушілік, қайшылықты азайту. Оппонент «жоқ» демесін. Өйткені келіспеген адам қалайда өз позициясына берік тұрып алады да, қорғаныш механизмін іске қосады. Ондайда ол адам диалог құрып, келісімге келуді ойламайды. Басты назары тек қарсы факт айтуда болады.
  • Сұхбаттасушы ішіндегісін шығарсын. Оған мүмкіндік беріңіз. Кейде әңгіме барысында қарсы тараптың сөзін бөліп, ойыңды айтқың келіп тұрады. Карнеги бұлай істеуге болмайды деген пікірде. Адам өз ойын толықтай жеткізіп болмайынша сіздің айтатын ойыңызды тыңдамайды. Сондықтан сөзін соңына дейін тыңдаңыз, бәрін айтсын. Идеясын бөліссін. Сосын барып пікіріңізді пауза кезінде іліп әкетіп, жеткізсеңіз болады.
  • Қарсы тараптың көзқарасы тұрғысынан ойлануды үйреніңіз. Барлық затқа соның көзқарасымен қараңыз. Әңгімелесу кезінде жақсы нәтиже шығару үшін сұхбаттасушысының көзқарасынан толықтай түсіну маңызды. Ол үшін өзіңізден «Егер осы кісінің орнында мен болсам, мен өзімді қалай сезінер ем, қалай реакция білдірер ем?» деп сұрап көріңіз. Мұндай машықты бойға сіңіру оңай болмауы мүмкін. Бірақ егер дамытсаңыз, конфликтілердің, көңілге тиетін жағдайлардың алдын алуға болады. 
  • Идеяларыңызды әдемі де әсерлі жеткізіңіз. Сөзіңіз назарға ілінсін десеңіз, ойыңыз бен идеяларыңызды қызық жеткізе білу маңызды. Мұндайда Карнеги шоумен қабілетін дамыту керек деген кеңес береді. Өзіңізге назар аударту үшін шығармашылық қабілет аса қажет. Егер күнделікті осындай принциптермен жүретін болсаңыз, адамдармен қарым-қатынас құрудың шеберіне айналасыз.
Сондай-ақ оқыңыз