Онкологиялық аурулардан өлім-жітім 5 пайызға төмендеді

Жарияланды
2018-2022 жылдарға арналған қатерлі ісікпен күресудің кешенді жоспары жүзеге асырылуда.

2018 жылдан бері онкологиялық аурулардың өлім-жітім көрсеткіші 5 пайызға төмендеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бөлім басшысы Гүлнар Мақсұтова Алматы қаласында «Онкологияның өзекті мәселелері мен заманауи мектептері туралы» халықаралық ғылыми – практикалық конференциясы барысында мәлімдеді.

Айта кету керек, Қазақстанда 2018-2022 жылдарға арналған қатерлі ісікпен күресудің кешенді жоспары жүзеге асырылуда.

«Кешенді жоспардың іс-шараларын жүзеге асыру барысында қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімді төмендетудің оң үрдістері байқалады, 2018 жылдан бастап өлім-жітім деңгейі 5 пайызға төмендеді. 2018 жылы өлім-жітімді көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 78,1 құраса, 2022 жылдың 6 айында бұл көрсеткіш 66,8 құрады. COVID-19 жағдайына қарамастан 0-1 сатыдағы онкологиялық аурулардың ерте диагностикасы артып, 2022 жылы анықталған ерте кезеңдердің үлесі 28,7 пайызды құрады», – деді Гүлнар Мақсұтова.

Сондай-ақ, спикердің айтуынша, пациенттердің 5 жылдық өмір сүру деңгейі 55 пайызға дейін, яғни 2018 жылмен салыстырғанда 5 пайызға артқан.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы, «ҚазОРҒЗИ» АҚ басқарма төрайымы Диляра Қайдарованың айтуынша, Қазақстан Республикасының онкологиялық қызметін дамыту мен жетілдірудің келесі кешенді жоспары қазіргі кезде карастырылуда. Ол жаңа онкожоспар алдағы 5 жылға есептелетін болады.

2022 жылғы 22-23 қыркүйекте Алматы қаласында «Онкологияның өзекті мәселелері мен заманауи мектептері туралы» халықаралық ғылыми – практикалық конференциясы өтуде.

Конференция өкпе обыры, сүт безі обыры, колоректальды обыр және қуық асты безі обыры бойынша онкологтар мектептерін қамтиды, олардың барысында клиникалық жағдайлар талқыланады, ұлттық және шетелдік сарапшылармен пікір алмасуда.

Сондай-ақ, әртүрлі сипаттағы ісіктерді диагностикалау және емдеу бойынша шеберлік сағаттары, саттелиттік симпозиумдар, сондай-ақ фармацевтикалық препараттар мен медициналық техника өндірушілерінің көрмелері ұйымдастырылды.

Іс-шараға Қазақстаннан, жақын және алыс шетелдерден 300-ден астам онколог, сәулелік диагностика дәрігерлеры және терапевт, ядролық медицина мамандары қатысты.

Ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасының онкологтары мен радиологтар қауымдастығы, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ.

Ақпарат Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының баспасөз қызметінен алынды

Сондай-ақ оқыңыз