Қазақстанда салық жүктемесі азаюы мүмкін бе?

Жарияланды
Пайдалы қазбаларды өндіру салығын салу объектісі өзгертілмек

Мәжілістің жалпы отырысында Салық кодексіне өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылды. Бірінші оқылымда мақұлданған «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасында бірнеше маңызды мәселе енгізілген. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтады.

«Бірінші блок – еңбекақы қорына жүктемені азайту. Мемлекет басшысы өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жиынтық жүктемені азайта отырып, микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлемді енгізуді тапсырған болатын. Қазір еңбекақы қорынан мөлшерлемелері, есептеу базалары әртүрлі бірнеше төлем төленеді. Бұл төлемдерді бір төлемге біріктіру ұсынылады. Әлеуметтік аударымдар мөлшері қызметкерлерге төленетін болашақ төлемдерге әсер ететіндіктен, жүктемені жеке табыс салығы есебінен төмендету көзделіп отыр. Бірыңғай мөлшерлемеде міндетті зейнетақы жарналарын енгізу және әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің өсуі ескеріледі. Төлемді арнаулы салық режімдеріндегі микро және шағын бизнес субъектілері ерікті негізде қолданады. Сома бірыңғай жиынтық төлем тетігіне ұқсас бөлінеді. Осылайша, бірыңғай төлем салықтар мен еңбекақы төлемдерін есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға да мүмкіндік береді», деді Қуантыров.

Сондай-ақ кодексте биыл жыл соңына дейін қабылдануы мүмкін жеке тұлғаның банкроттығы туралы заңға да қатысты тармақ бар. Жалпы, айтқанда екінші блоктағы өзгерістер салалық заңнамалардағы өзгерістермен байланысты. Онда жеке тұлғалардың банкроттығы кезінде салық салу мәселелерін реттеу көзделген. Банкрот деп тану үшін сотқа жүгінген кезде мемлекеттік баждың мөлшерін, сондай-ақ берешекті есептен шығарған жағдайда салық тәуекелдерін алып тастауды анықтау ұсынылады. «Конституциялық Соттың құрылуына байланысты Конституциялық сотқа жүгінген кездегі мемлекеттік бажды белгілеу және халықтың әлеуметтік осал топтарын босату ұсынылады» деп толықтырды министр.

Жер қойнауын пайдалану саласында 2024 жылдан бастап мемлекеттік балансты жүргізу тоқтатылады. Қорлар жаңа жүйе бойынша бағаланатын болады. Осыған байланысты пайдалы қазбаларды өндіру салығын салу объектісін өзгерту ұсынылды.

«Мәселен, банкрот деп тану үшін сотқа жүгінген кезде мемлекеттік баждың мөлшерін, сондай-ақ берешекті есептен шығарған жағдайда салық тәуекелдерін алып тастауды анықтау ұсынылады. Келесі норма жер қойнауын пайдалану саласына қатысты. 2024 жылдан бастап мемлекеттік балансты жүргізу тоқтатылады. Қорлар жаңа жүйе бойынша бағаланады. Осыған байланысты пайдалы қазбаларды өндіру салығын салу объектісі өзгертілмек», деді министр.

Өзгертулер аясында шикі қант импорты қосылған құн салығынан босатылып, қант өндірушілер үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктің қолданылу мерзімі ұзартылмақ. Төртінші блок көлік жүйесіне арналған:

  • Теміржол көлігі саласында нөлдік тарифті қолдана отырып, жолаушыларды тасымалдаушыларға магистралдық теміржол желісі қызметтерін көрсету кезінде салық салу мәселелерін реттеу көзделген;
  • Азаматтық авиация саласында сертификаттар бергені үшін алымдарды алып тастау бойынша нормалар енгізіледі, өйткені қызметтерді өзін-өзі қаржыландыратын ұйым көрсетеді.
  • Транзиттік әуе кемелеріне жанармай құю кезінде қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдануды кеңейту ұсынылады.
  • Автомобиль тасымалдарын дамыту үшін шығарылған жылы 7 жылдан аспайтын ершікті тартқыштарды бастапқы тіркеу үшін алымнан босатылады.

Келесі өзгерістер жеке тұлғалардың төлемдеріне қатысты. Тіркеу функциясын «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына беруге байланысты азаматтық хал актілерін тіркеу үшін төлемдерді алып тастау ұсынылады.

«Сондай-ақ, беттер санына байланысты Қазақстан азаматының паспортын беру үшін мемлекеттік баждың сараланған мөлшерлемелері, сондай-ақ балалар үшін мемлекеттік бажды 2 есеге төмендету ұсынылады»,  деп мәлімдеді Қуантыров.

Чек бермеу фактілері туралы хабарлағаны үшін сыйақы алу, ипотекалық кредит бойынша берешекті есептен шығару, жалдау құнын төмендету және тұрғын үйді жалға алуға бюджеттік субсидиялар алған кездегі салықтық тәуекелдер алып тасталады.

Соңғы блок – салықтық әкімшілендіру мәселелері. Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін тиісті сақтық қағидатын енгізу ұсынылады.

«Бизнес субъектілері өздерінің контрагенттерінің адалдығын «Атамекен» ҰКП ақпараттық жүйесі арқылы тексереді. Осылайша тиісті сақтықты көрсетеді. Сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді оңайлату ұсынылады», – деп түйіндеді Ұлттық экономика министрі. «Алтыншы блок – салықтық әкімшілендіру мәселелері. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін тиісті сақтық қағидатын енгізу ұсынылады. Бизнес субъектілері өздерінің контрагенттерінің адалдығын тексереді, осылайша тиісті сақтықты көрсетеді. Сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді оңайлату, сондай-ақ нақтылау және редакциялық сипаттағы нормалар қарастырылған», деді Ә.Қуантыров.

Сондай-ақ оқыңыз