Дамушы елдердің валюталарына шолу

Бұл факторлар дамушы нарықтарда валюталардың теріс динамикасына алып келді

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 23 қыркүйекте теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,5%-ға (477,12 теңгеден) әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 479,42 теңге деңгейінде қалыптасты, – деп хабарлайды Қазақстан Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.   

2022 жылдың 16-23 қыркүйек аралығында cыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. АҚШ ФРЖ бұдан былай да мөлшерлеменің көтерілетіні туралы белгі беріп, оны қатарынан үш рет 3-3,25%-ға дейін 75 б.т. көтерді. АҚШ-тың 2 жылдық қазынашылық облигацияларының мөлшерлемесі 4%-дан аса көтерілді. Жапония банкі 24 жыл ішінде алғаш рет ұлттық валютаны қолдау үшін валюталық интервенция өткізді. Әлемдік рецессияға және Украина мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери шиеленістің ушығуына байланысты қауіптену – инвесторлардың тәуекел-сентиментіне теріс әсер етті.

Бұл факторлар дамушы нарықтарда валюталардың теріс динамикасына алып келді.

Дамушы елдерде валюталар бағамының АҚШ долларына қатысты динамикасы төмендегідей қалыптасты:

Ресей рублі экспорттаушыларды салық төлемдеріне дайындау аясында 3,9%-ға (60,28-ден 57,92-ге дейін) нығайды;

Бразилия реалы 0,2%-ға (5,25-тен 5,26-ға дейін) біршама әлсіреді. Бразилия Орталық банкі негізгі мөлшерлеменің 13,75% деңгейінде сақталуына қарамастан, риторикасын қатаңдатуы ұлттық валютаның динамикасын қолдады;

Индонезия рупиясы АҚШ долларының жаһандық нығаюы аясында 0,6%-ға (14 955-тен 15 038-ге дейін) әлсіреді. Индонезия банкі мөлшерлемені 4,25%-ға дейін 50 б.т. көтерді;

Мексика песосы АҚШ ФРЖ отырысынан кейін тәуекелді активтердің теріс динамикасы аясында 0,8%-ға (20,04-тен 20,21-ге дейін) әлсіреді;

түрік лирасы 80%-дан асатын инфляция қарқынына қарамастан, мөлшерлеменің күтпеген жерден 13%-ға дейін 1 п.т. төмендеуі аясында 0,8%-ға (18,26-дан 18,41-ге дейін) әлсіреді;

үнді рупиясы жаһандық инвесторлардың тәуекел дәрежесінің құлдырауы аясында 1,6%-ға (79,75-тен 80,99-ға дейін) әлсіреді;

Оңтүстік Африка ранды Орталық банктің базалық мөлшерлемені 6,25%-ға дейін 75 б.т. арттыру жөніндегі шешіміне қарамастан, 1,9%-ға (17,61-ден 17,95-ке дейін) әлсіреді.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда