Тегін курс оқы да, жұмысқа орналас. Қазақстандықтар қандай мамандықтарды меңгеріп жатыр?

Жарияланды
Азаматтар көп игіліктен әлі де хабарсыз

Еңбек нарығы жұмыскерге мұқтаж. Істеймін деген адамға шаруа көп. Иә, бізде инфляция тым жоғары, теңге – құнсыз, жалақы – мардымсыз. Бірақ мұның бәрі кежегенің кейін тартуына себеп болмауға тиіс. Мемлекет азаматтардың мамандықты жедел меңгеріп, тезірек кәсіп тауып алуына барынша жағдай жасап жатыр.

2021 жылы шілде айында елімізде skills.enbek.kz онлайн кәсіптік оқыту платформасы іске қосылған еді. Содан бері аталған платформа арқылы 94,5 мың азамат білімін шыңдапты. Оның ішінде 19,5 мың жұмыссыз адам курстан өткені туралы сертификат алған. Платформада жалпы 126,9 мың тұлға тіркелсе, оның 113,4 мыңы 2022 жылы тіркелген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, оқудан өткен 19,5 мың жұмыссыздың 6 мыңы – негізінен Алматы, Қызылорда, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласының жастары.

«Платформа іске қосылған сәттен бастап авторлар онда әртүрлі бағыт бойынша 151 курс жариялады, оның 97-ы тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін. Ең танымал курстар – «Сүтті мал шаруашылығы», «Персоналды басқару», «А-дан Я-ға дейін құлпынай өсіру», «Кассир»және «Ұннан жасалған кондитер өнімдері, жіктелуі және дайындалу технологиясы», деп мәлімдейді ведомство.

Бұдан бұрын хабарланғандай, платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Маркетплейс қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.

Оқуға тікелей https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы өтуге болады.

Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілді, материалды берудің ыңғайлы қағидатын өз бетінше таңдайды, білім беру процесіндегі өзінің прогресін бақылай алады. Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70 пайыз шекті деңгеймен тестілеу тапсыруы тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау.

Алған сертификаты Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші skills.enbek.kz-те табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көре алады.

«2022 жылғы наурыздан бастап платформада қолданыстағы функционал оңтайландырылып, жаңа сервистер іске қосылғанын естеріңізге сала кетейік. Атап айтқанда, курстарды іздеу жетілдірілді, сабақтардың түсінікті құрылымы жасалды, оқу процесін бақылау және курс авторларымен жылдам өзара әрекеттесу мүмкіндігі пайда болды. Курс авторлары үшін ыңғайлы сабақ құрастырушы қолжетімді, жарияланған курстардың статистикасы мен тиімділігін қарау, сертификаттардың әртүрлі дизайны қарастырылған, сонымен қатар оқу құнын алдын-ала есептеуге арналған онлайн-калькулятор бар. Авторлар мен әзірлеушілерге арналған платформада онлайн курстарды орналастыру тегін. Курстар мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырылуы мүмкін, ақпарат берудің әртүрлі форматтары: мәтін, презентация, бейне және аудио материалдар, инфографика және басқа түрлері болуға тиіс. Ұсынылатын онлайн курстардың ұзақтығы 6-дан 144 сағатқа дейін. Платформа ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін интерфейсті бейімдеу мүмкіндігі бар», делінеді министрлік хабарламасында.

Жалпы, елімізде Әлеуметтік кодекс жобасы шеңберінде азаматтарды жаппай оқыту және білім беру сапасын жақсарту үшін негіздер қалыптастырылып, ол заңнамалық деңгейде бекітілмекші.

Әлеуметтік кодекс жобасында еңбекке қабілетті жастағы азаматтарды жаппай оқыту арқылы кәсіби дағдыларды қалыптастыру есебінен адами капиталды жоспарлы түрде арттыру және қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігін көтеру үшін жағдайлар жасау көзделеді.

Бірінші. Еңбекке қабілетті азаматтарды оқыту үшін мақсатты санын бірнеше есе арттыру жоспарлануда.

Егер бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің желісі бойынша оқытумен азаматтардың жекелеген санаттарына жататын жылына шамамен 500 мың адам қамтылса, енді оқыту үшін нысаналы контингентке санаттары мен мәртебесіне қарамастан – 9 млн адамға дейін еңбекке қабілетті жастағы барлық азаматтар кіреді. Бұл ретте жаңа дағдыларды алуға қолжетімділік үшін жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші және азаматтардың өздері арасындағы жаңа әлеуметтік келісімшарт шеңберінде бөлінетін болады.

Атап айтқанда, мемлекет жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жұмыссыздар мен халықтың жекелеген нысаналы санаттары үшін қысқа мерзімді тегін оқыту курстарын ұйымдастыратын болады. Бұл ретте оларға оқытудың түрлі форматтары, оның ішінде skills.enbek.kz платформасында онлайн оқытуды ұсыну көзделуде.

Жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін жаңа технологияларды енгізуді немесе жаңа өндірістер ашуды ескере отырып, біліктілікті арттыру, қайта бейіндеу курстарын ұйымдастырады. Оқыту жұмыс берушінің таңдауы бойынша жұмыс орындарында, оқу орталықтарында немесе білім беру ұйымдарының базасында өтетін болады.

Азаматтар әлеуметтік мәртебесіне байланысты мемлекет немесе жұмыс берушілер ұйымдастыратын тегін курстардан өте алады немесе ақылы курстарды өз қалауы бойынша таңдай алады.

Екінші. Еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінде оқыту сапасын жақсарту үшін кешенді шаралар қабылдау көзделеді. Ұлттық біліктілік жүйесін қайта жүктеу осыған бағытталған.

Жұмыс берушілер кәсіптік стандарттар арқылы білім беру бағдарламалары жаңартылатын жұмыс күшінің дағдыларына талаптар қоятын болады. Кәсіби біліктіліктерді тану орталықтары кәсіби біліктіліктерді, оның ішінде ресми, бейресми және информальды білім беру арқылы алынған мамандардың жекелеген дағдыларын бағалайды және тиісті сертификаттар береді.

Сондай-ақ оқыңыз