Ақша жұмсағаннан кейін өзіңізді жазғыратын болсаңыз…

Кейде өзіңізді қуантып тұру маңызды, соны есте ұстаңыз

Жұмысқа кірерде кофеханаға барып, бір шыныаяқ латте алдыңыз. Бағасы — 1500 теңге. Алғанға дейін құштар болдыңыз. Іше бастағанда қуандыңыз. Бірақ, артынша өзегіңізді өкініш өртеп, бекер құртылған ақша үшін ішіңіз ашып, өзіңізді кінәлай бастадыңыз. Таныс сезім бе? «Сол кофені ішпесем де болар еді», «Үйден демдеп ішкенім дұрыс еді ғой» деп неше түрлі ойлап тастадыңыз. Бұдан кейін ақшаны дұрыс жұмсауға бекініп, ұсақ-түйекке, аса қажеті жоқ дүниелерге қаражат шығармаймын деп шештіңіз. Әйтсе де, ертесіне әлгі кофеханада қайтадан кезек күтіп тұрасыз. Мұндайда не істемек керек? Кінә сезіну дұрыс па? Сондай ұсақ-түйектерге кеткен ақша үшін өзіңді жазғырмаудың қолы қандай? Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты қозғаймыз.

Егер жоғарыдағы мысалға ұқсас сезім сіздің де бойыңызда болса, мұны бір жақты қылған дұрыс. Яғни сіз не бекініп, Шықбермес Шығайбай боласыз, не өзіңізді кеткен ақша үшін кінәлі сезінбеуді үйренесіз. Әйтпесе, үнемі екіұдай болып жүрген жарамайды. Егер осы әдетіңізді еш қоя алмасаңыз, онда өкінбеудің жолдарын бөлісейік.

  • Ол зат сізге не үшін керек? Өзіңіз үшін қаншалықты маңызды екенін анықтап алыңыз. Негізі эмоция үстінде не жоспардан тыс алынған әр зат өкініш сезімін тудырады. Сондықтан егер өзіңізді ұстай алмай қалатындардан болсаңыз, онда сондай жерлерден барынша аулақ жүргеніңіз жөн. Яғни дүкенге тек нақты керек-жарақтың тізімімен бару, өзіңізге қажет емес ұсыныс-акцияларға мән бермеу дегенді бойға сіңіріңіз. Кей адамдар консультанттардан әлдене сұрағаны үшін өзін кінәлі сезініп, енді міндетті түрде зат алуым керек деп ойлайды. Есіңізде болсын: онда тұрған ештеңе жоқ. Сізге кеңес беру — олардың жұмысы. Сонымен бірге, бірдеңе аларда мүмкін болса, бірнеше күн ойланған дұрыс. Адам ең алғашқы сәтте қатты қалап тұрғанымен, араға уақыт салғанда әлгі қызығушылығы басылып қалады. Шамамен екі түн ойлансаңыз, нақты керек не керек емесі белгілі болады. 
  • Қымбат зат алмас бұрын байқап көріңіз. Көбіне біз біраз нәрсе жайлы асыра ойлап қоямыз. Сөйтіп шынтуайтына келгенде көңіліміздегідей болмай қалуы мүмкін. Кез келген нәрсені жалға алып, байқап көруге болады: автокөлік, құрылысқа арналған құрал-жабдықтар, үй, самокат және т.б. Алдымен осылай жалға алып көрсеңіз, қаншалықты керек екенін нақты біле аласыз. 
  • Тауарды сатып алғанда, оның әсерін ойлаңыз. Зат алардың алдында өзіңізден осы заттың сіз үшін қандай маңызы барын ойлап көріңізші. Қымбат көлік болса, ол комфорт сыйлайды. Ыдыс жуатын машина қолыңызды босатады. Қанша құртқаныңыз емес, оны алғандағы себеп әлдеқайда маңызды. Сондықтан ендігіде қымбат зат алғаннан кейін өзіңізді кінәлі сезінсеңіз, онда әлгі заттың сіз үшін қандай пайдасы тиіп жатқанын еске түсіріңіз.
  • Басқа қандай варианттар барын қарай бермеңіз. Егер затты сатып алып қойсаңыз, енді өкінудің еш пайдасы жоқ. Мысалы, бір ай бұрын алған ноутбугыңыз бүгін қарағаныңызды 50 пайыз жеңілдікпен тұруы мүмкін. Бірақ алып қойғаннан кейін ондай варианттарды қарастырып, «бүйту керек еді» деудің қажеті шамалы. Олай етсеңіз, босқа уақытыңыз бен жүйкеңізді кетіресіз. Бастысы, затты алдыңыз, ол өзінің функциясын атқарып жатыр. Сонымен болды.  
  • Нақ қалауыңызды дұрыстап ажырата біліңіз. Өзіңізді кінәлі сезінбеу үшін осы нәрсе маңызды. Егер алған затыңыз өзіңізге ұнап, сапасы көңілден шығып тұрса, қолданып бастап кетіңіз. Өз шешімдеріңізге жауапкершілікті мойныңызға алып үйренгеніңіз жөн.
  • Қаржылық жоспар құрыңыз. Біз бюджет жайлы әңгіме айтыла бастаса болды, қаржылық жоспарды қоса айтамыз. Себебі онсыз мүмкін емес. Егер өзіңіздің бір қалауыңызға жұмсаған ақша ертесіне кінә сезімін тудырса, одан да маңыздырақ нәрсе алған дұрыс еді деген ой тастаса, сізде жоспардың дұрыс құрылмағанын білдіреді. Егер сезімге беріліп бір затта алуын алып тастап, енді айдың аяғына дейін көк тиынсыз қалатындай жағдай туса, әлбетте, сіз өзіңізді кінәлі сезінесіз. Жоспардың маңызы сол — сізде көп нәрсе көз алдыңызда, айқын болып тұрады. Белгісіздік көбіне тығырыққа тірейді. Мысалы 50/30/20 принцип бойынша бюджет бекітіп көріңіз. Яғни ол дегеніміз мынадай: табысыңыздың 50 пайызын міндетті төлемдер мен қажеттіліктерге жұмсайсыз, 30 пайызын — ойын-сауыққа және қалған 20 пайызын болашақта өзіңізге керек болып қалуы мүмкін деп қорға сақтайсыз. Ол резервтік қор, депозит, инвестиция не белгілі бір мақсатқа ақша жинау болуы мүмкін. Бұл схеманы қалауыңызға қарай ауыстыра аласыз. Егер алдыңғысы қолайсыз болса, 60/20/20 деп көріңіз. Егер қарыздардан тезірек құтылып не жазғы демалысқа ақша жинауды жылдамдатқыңыз келсе, үшінші категориядағы соманы ұлғайтыңыз. Адам ақшасының қайда кетіп жатқанын нақты білгенде қалған сомасын өзіне еш кінәлі сезінбестен құрта алады. Өйткені онда бәрі есептеулі. Қаржылық жоспарыңыз болса, «Мен ақшаны шаша бермеуім керек» дей бермей, «Мен қаражатымды дұрыс басқара аламын. Мақсаттарымды білемін. Өзіме мына затты алуға рұқсат бере аламын. Тапқан табысымнан өзімді қуанту не тәйірі?» дейтін боласыз. Егер әлдене жоспардан тыс болып қалып, ауытқып кетсе, ол үшін өзіңізді кінәлай бермеңіз. Бар болғаны келесі айдың бюджетін соған байланысты реттеп қойыңыз. Осы айда киімге көбірек кетіп қалса, сол категория бойынша келесі айда азырақ жұмсаймын деңіз. Жоспар дегеннің мәні де сонда: шығындарды есептеп, бәрінің алдын-алып отыру үшін.   
  • Ақшаға деген қарым-қатынасыңызды өзгертіңіз. Көпшілігі өз бюджеті мүлдем ақша шығаруға мүмкіндік бермейді деп ойлайды. Ал негізі бюджет адамды шектемейді, керісінше еркіндік сыйлайды. Тек мәнін дұрыстап ұғып алу маңызды. Өйткені дұрыс жоспарланған бюджет — өзіңізге жасалған қамқорлық. Негізгі қажеттіліктерге, ұзақ мерзімді қаржылық жоспарларға қана керегін алдын-ала есептеп, біліп тұрсаңыз, онда қолыңыздағы қалған ақшаны қалағаныңызша құрта аласыз. Ақ адал еңбекпен тапқан ақшаны өзіңізге жұмсамай, кімге жұмсайсыз? Қымбат мейрамханадан кешкі ас ішуге, брендтен киім алуға, шетелге шығуға лайықсыз. Егер жоспарыңыз тастай болса, онда ойланбай алынған бір зат үшін өзіңізді он күн кінәлап, жазғырып жүрмейсіз.   
  • Қолда бар ақшаны ғана жұмсаңыз. Егер әлдебір затты алу үшін кредит не бөліп төлеу арқылы алу керек болса, алмай-ақ қойыңыз. Жинақтағы ақшадан алғыңыз кеп бара жатса, алмаңыз. Өйткені жинақтағы ақшаның орны мен мақсаты бар. Ал сіз дәл қазір көңіл қалауымен, эмоциямен керек емес зат алғалы тұрсыз. Бірақ қарызға да емес, қордан да емес, кәдімгі артылған ақшадан алсаңыз да көңіліңіз күпті болып тұрса, демек, бұл жерде мәселе басқада деген сөз. Бірнеше апта бойы не алып, не қойғаныңызды қойындәптерге жазып жүріңіз. Әр алынған заттың қаншалықты маңызды әрі қажет болғанын сараптаңыз. Егер әлдебір нәрсені тұрақты алып жүргеніңізді байқасаңыз, ол қуаныш сыйламаса, бұл әдетті қойыңыз.
  • Өзіңізге көбірек көңіл бөліңіз. Өзіңізді жақсы көріңіз. Егер ойда жүрген бірдеңені іске асыру үшін ақша жетпей жатса, бюджетті қайта қарастырып көріңіз. Арықтағыңыз келеді, бірақ жаттығу залына абонемент ала алмай жүрсеңіз, аса маңызды емес бір категорияны қысқартыңыз. Мысалы, түскі асты сырттан ішпей, үйден апарыңыз. Сөйтіп соның орнына залға жазылыңыз. Керек емес заттың бәрін сатып жіберіңіз. Үйде босқа орын алып тұрған техника, кітап, жиһаз, киім — не болса, бәрінен құтылыңыз. Содан түскен ақшаға өзіңізді қуантатын басқа нәрсе сатып алыңыз. Бұл екі есе тиімді. Әрі артық заттан арыласыз, әрі жаңа эмоция сыйлайтын зат аласыз. Жеңілдіктер, акцияларды қарап жүріңіз. Әсіресе, ойыңызда жүрген бір зат болса, оның жеңілдікпен сатылуына құлақ түріп жүрген дұрыс. Міндетті түрде бар бағасына алмай-ақ, аздаған болсын жеңілдікпен алған жақсы емес пе? 
Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда