Қазақстан бюджет тапшылығын жабу үшін 345,7 млн еуро қарыз алмақ

Жарияланды
Парламент тиісті заң жобасын әзірлеп жатыр

Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкінен 345,7 миллион еуро қарыз алуды жоспарлап отыр.  Мәжіліс «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (жеке секторға негізделген даму саясатын қаржыландыруға арналған қарыз және экономиканы тұрақты қалпына келтіру) ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алды.

«Осы келісім бойынша несие қаражаты республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру шаралары шеңберінде әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығын сақтауға бағытталған шаралар кешенін қолдау үшін тартылады. Қазақстан Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінен 345,7 млн ​​еуро көлемінде несие алмақ», деді Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Марат Құсайынов.

Несиені өтеу мерзімі 11,5 жыл болса, оның ішінде 2,5 жыл – жеңілдік кезеңі.

2021 жылдың соңында Парламент 2022-2024 жылдарға арналған үш жылдық республикалық бюджетті бекіткен еді, алайда биыл республикалық бюджет шығысы 4,9%-ға өседі деген болжам бар.

Тамыз айында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджет кірісі бойынша жоспар 72 млрд теңгеге, оның ішінде салық 18 млрд теңгеге артығымен орындалғанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз