Eurasian Resources Group пен DIS Group KZ жаңа жоба бастады

Жарияланды
Бұл жүйеде бір мезетте бірден 200-ден астам пайдаланушы қатар жұмыс істей алады

Eurasian Resources Group (ERG) мастер-деректерді басқару бойынша орталықтандырылған жүйені енгізу жобасының алғашқы кезеңі сәтті аяқталғанын хабарлады. Тың шешім базасында «Компанияның негізгі материалдары, жұмыс пен қызметі» атты анықтамалық түзілген. Ол – цифрлық бизнестің негізі болар «кристалды торкөздер» тәрізді. Жобаның басты мақсаты – ERG-дің операциялық тиімділігін арттыру. 

ERG осынша ауқымды мастер-деректерді басқару жүйесін іске асырған отандық алғашқы компаниялардың бірі. Анықтамалық сан салаға тармақталып, Топтың Қазақстандағы барлық кәсіпорындарын қамтиды.

Бірыңғай анықтамалық цифрлық ортада жүретін көптеген бизнес-процестердің дұрыстығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Тиянақты орнатылып, реттелген IT шешімдер күніне 3000 мастер-жазба енгізуге мүмкіндік берген. Бұл жүйеде бір мезетте бірден 200-ден астам пайдаланушы қатар жұмыс істей алады. Сөйте тұра, мақұлданған жазбалар автоматты түрде MDM-ақпараттық жүйесіне жолданып отырады.

Еркен Шназбаев, ERG-дің IT жөніндегі корпоративтік директоры:

«Мастер-деректерді басқару жүйесінсіз тау-кен металлургия сынды күрделі салаларда компанияның «цифрлық іргетасы» саналатын күрделі процестердің тиімділігін арттыру мүмкін емес. Бұл жердегі басты қиындық – мұндай цифрлық тұрғыманалардың басым бөлігі осынша ауқымды ақпаратпен жұмыс істеу мүмкіндігін ұсына алмайды. Түптеп келгенде біз DIS Group KZ-пен күші біріктіре отырып, мұның шешімін таптық».

Жоба Informatica тұғырманасы – MDM – Product 360 және Data Quality негізінде DIS Group KZ компанияның қолдауымен іске асты. Өз кезегінде тәуелсіз Gartner агенттігі бұл деректерді басқару саласындағы «озық» табыс деп таныған. 

Қанат Абиров, DIS Group KZ Бас директоры:

«ERG сынды алпауыт компанияларда кейбір процестердің тереңдігі сондай, тіпті 60-80 сағатқа жетуі мүмкін. Оларды оң жолға қою үшін күрделі сараптамалық талдау жұмыстары қажет. Ауқымды істі ERG компаниясымен бірлесіп атқардық. Цифрлық дамудың осындай жоғары деңгейіне жеткен компаниямен серіктесе жұмыс істеп жатқанымызға қуаныштымыз. Алдағы уақытта да жаңа ауқымды жобаларда серпінді серіктестікке даярмыз».

Жобаны одан ары дамыту жоспары қазір түзілген анықтамалықтарды кеңейте отырып, онда қосымша өндірістік жүйелерді кіріктіруді қамтиды. Келесі кезеңде компанияның қазіргі серіктес заңды және жеке тұлғалары жайлы «алтын жазбалар» тірклеген іскер серіктестер анықтамалығы әзірленеді.

Сондай-ақ оқыңыз