Құстарды қорғау корольдік қоғамы (RSPB) «Бөкей-Орда» резерваты мен «Ащыөзек» қорықшасын дамытуды қолдайды

Жарияланды

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ә. Шалабекова Батыс Қазақстан облысының жаңадан ашылған ерекше қорғалатын табиғи аумақтары (ЕҚТА) – «Бөкей-Орда» резерваты мен «Ащыөзек» қорықшасының қызметін қолдау жөніндегі жобаны іске асыру барысын талқылау мақсатында Құстарды қорғау корольдік қоғамының (RSPB) және Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының (ҚБСА) өкілдерімен кездесу өткізді.

Жоба ҚР Экология министрлігі, ҚБСА және RSPB арасындағы келісім аясында жүзеге асырылуда.

Кездесу барысында 2022 жылдың көктем-жаз кезеңінде атқарылған жұмыстардың нәтижелері таныстырылып, талқыланды.

ҚБСА және RSPB мамандары жаңа ашылған ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне кешенді зерттеулер жүргізді, зерттеу нәтижелері мониторингті жалғастыру үшін резерват қызметкерлеріне жіберіледі.

Бұдан бөлек, бірнеше автотехника, далалық жабдықтар мен байланыс құралдары сатып алынып, резерватқа пайдалануға берілді.

Алдағы уақытта жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарымен кездесулер, деректер жинау әдістеріне оқыту, зоологиялық зерттеулерді ұйымдастыру және басқару жоспарын әзірлеу бойынша резерват қызметкерлері үшін тренингтер ұйымдастырылады.

Кездесу соңында қатысушылар осы жылдың желтоқсан айында Монреаль қаласында (Канада) өтетін биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі Конвенция Тараптарының алдағы кездесуінде ЕҚТА желісін кеңейту саласындағы Қазақстанның негізгі жетістіктерін талқылау және ынтымақтастық туралы келісті

Сондай-ақ оқыңыз