Ресейден келген «ұлы көш» отандық баспана нарығына қалай әсер етеді?

Жарияланды
Жалға беру құны қымбаттады

Жыл соңына таман үй бағасы арзандар ма екен деген болжамның расқа айналмайтын түрі бар. Геосаяси ахуал ушыққан үстіне ушығуда. Бұл өз кезегінде лаулаған оттың ортасында аман отырған Қазақстанға соққы болып тиіп жатыр. Лаулаған от дегеніміз – өңірдегі қақтығыс. Ресей мен Украина, Армения мен Әзірбайжан, Тәжікстан мен Қырғызстан. Сөз жоқ, алғашқы жұптың арыны қатты. Ресей өзінің басқыншылық пиғылынан арылатын емес және бұл РФ-дан Қазақстанға қарай ауқымды миграцияның басталуына жол ашып берді.

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, мемлекет бұл арада мәселеге бірден араласа алмайды. Ол журналистердің «үй бағасы көтерілмес үшін нақты механизм бар ма?» деген сұрағына жауап берген.

«Механизм әзірленіп жатыр. Түсінесіз бе, құқықтың бұзылуы – келісімшарттың дұрыс рәсімделмеуінің салдары. Барлығы жазбаша болуы керек, сонда ешқандай бұзушылық болмайды. Экономикамыз нарықтық қатынасқа құрылған, оның үстіне шағын бизнесті тексеруге мораторий бар. Тексерісті бірден бастап кете алмаймыз», деді министр.

FINANCEkaz телеграм каналының авторы Андрей Чеботаревтің айтуынша, ажиотаж фонында нарық өз дегенін істеп жатыр.

«Бұл жағдай үкіметтің азық-түлік бағасымен күрескен күлкілі көрінісін еске түсіреді. Олар біз бәріміз ағайынбыз деген сыңайға салып, бағаны көтермеуге шақырып жатыр, алайда баға өсуін тоқтатқан жоқ. Министрлердің кәсіпорындарға бағыттаған бағаны көтермеу туралы тапсырмасы да орындалып жатқан жоқ. Және бұл қалыпты нәрсе. Нарық шын мәнінде солай жұмыс істейді – ар-ожданға жүгіну де, әлеуметтік жарнама да баға өсімін тоқтата алмайды. Иә, бұл жағымсыз шығар, бірақ қалыпты. Тиісінше, әлемнің әр елінде де осындай жағдай болады. Егер пәтерлер қадағаланатын тауар болса онда арендадан әлдеқашан жоғалып кетер еді.

Тағы бір жәйт. Хабарламада көрсетіліп жатқан баға өсімі реал өмірде солай болып жатқанын білдіре бермейді. Рас, қожайындардың біразы миллиондаған ресейлік біздің елге келе жатыр екен деген дау-дамайға ерді. Бірақ бұл шын мәнінде олардың шаршы метрлері үшін мұндай төлемді ала алады және ол тұрақты болады дегенді білдірмейді. Осы жолғы көші-қон толқыны өте асыра бағаланады. Сол дүрбелеңге бой алдырғандар бағаны көтеріп жіберді, бірақ оларға жақсы жалға алушы табылмайды. Бұл да нарық және бұл да қалыпты жағдай.

Өкінішке орай, пәтерлердің басым көпшілігі көлеңкелі жағдайда – келісімшартсыз және нотариус куәландырған салықсыз жалға беріліп жатыр. Бұл пәтер иесі үшін де, жалға алушы үшін де үлкен тәуекелдер тудырады. Оның үстіне бізде жалға беру мәдениеті де жоқ, екі жақта да. Көптеген қожайын үйді жалға берудің – меншік құқығын өзінде сақтай отырып басқару құқығынан айырылу екенін түсіне бермейді. Бірақ дәл қазір бұл нарықты реттеуге кірісер болсақ (жоқ, бағаны емес, көлеңкелі жалға беру мәселесін) онда тағы да баға өсіміне тап боламыз. Ал егер кенеттен жалдау ақысын реттеу туралы ақымақ идея пайда болса, онда бұл нарықтағы апокалипсис болады және қазір болып жатқан оқиғалар керемет болып көрінеді.

Жалға алу нарығына қатысты жалпы болжам – оның бағасы Астана мен Алматыда ғана емес, өңірлерде де белсенді түрде өседі», деді сарапшы.

Krisha.kz ақпараты бойынша, еліміздің ең ірі қаласы Алматыда пәтерді ұзақ мерзімді жалға берудің тым қымбат бағасы соңғы күндері ғана емес, тамыз-қыркүйек айларында-ақ тіркелген. Оған маусымдық дүрбелең себеп болған. Яғни, жаңа оқу жылының басталуы, студенттердің қалаға ағылуы деген секілді.

«Салыстырар болсақ, егер қаңтар айынан бері шілдеге дейін тұрғын үйді шаршы метрі үшін 3,9-4 мың теңгеден жалға беріп келсе, тамыз айында аренда құны 4,5 мыңға дейін, ал 5 қыркүйекке таман 5,2 мыңға дейін қымбаттап кеткен. Қыркүйектің алғашқы күндерінде баға өсімі 30 пайызды құрады.

Ай/теңге орташа баға:

  • Бір бөлмелі пәтер – 180-190 мың теңге;
  • Екі бөлмелі пәтер – 290-300 мың теңге;
  • Үш бөлмелі пәтер – 450 мың теңгеден басталады.

Алматыда аренда бағасы жыл сайын көтеріледі. Бұл жағдай негізінен инфляция мен сұраныс есебінен орын алады. Адамдардың жыл сайын үлкен қарқынмен қалаға қоныс аударуы сұранысты тудырып жатыр. Өйткені шағын қалалар мен ауылдарда жоғары білім алу, жоғары көлемде табыс табу қиын. Адамдар білім алу үшін, жұмыс табу үшін ірі қалаларға көшіп барып жатыр және көбі тұрақты тұрғын болып қалып қояды. Келер жылы тағы да адамдардың жаңа толқыны келеді», дейді Krisha сарапшылары.

Дегенмен, РФ-дан жөңкілген көштің баспана нарығына әсері болғанын ешкім де түбегейлі жоққа шығара алмас. Бұл отандық нарықта жағымсыз әсер тудырған бірден-бір ахуал болып тұр. Бірақ мемлекет те, нарық та мәселені оң қырына аунатып шешіп тастай алмайды. Сондықтан барлығын сұраныс пен ұсыныс өзі реттейді. Бір ғана көңілге ауыр тиетін жағдай – сыртқы жағымсыз фактордың салдары өз азаматтарымызға әсер ететіні.

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Ресейде ішінара мобилизация жарияланғалы бері – 21 қыркүйектен бастап Қазақстан 100 мыңға жуық Ресей азаматы келген. Бір апта бұрынғы дерек бойынша, олардың 64,2 мыңы Қазақстаннан кетіп үлгерсе, 10 мыңға жуығы қазақстандық ЖСН алған.

Сондай-ақ оқыңыз