Жастар онлайн бизнесті меңгеріп алуы қажет   

Жарияланды
Wildberries-тен пайда тауып отырған журналист Аида Сеитқызымен сұхбат

«Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады »демекші, бүгінде кез-келген адам  тез байығысы келетіні жасырын емес. Бір жалақымен күнелтіп, бір жұмыс берушіге жалданып күн кешуді қаламайтын еркін ойлы жастардың қатары көбейген. Солардың бірі журналист Аида Сеитқызы.  Бүгінде  31 арна, Алматы, КТК телеарнасы мен түрлі продакшнда жұмыс істеп, редактор ретінде түрлі бағдарламаларды эфирге шығарып жүрген Аида жақында Wildberries платформасында бизнес бастаған. Wildberries деген қандай платформа? Қарапайым халыққа бұл бизнестің қандай пайдасы бар? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін Аида Сеитқызынан сұхбат алдық.

– Wildberries деген қандай бизнес өзі? Басқа бизнестен өзгешелігі неде?

– Негізі қыр-сырын үйреніп алған адамға өте жақсы бизнес түрі. Ол жерде кез-келген нәрсені сатуға болады. Wildberries – ресейлік халықаралық интернет-дүкен. Бұл жерде киім-кешек, үйге арналған тауарлар, электроника сынды адам өміріне қажетті заттардың бәрі сатылады. Ресейден бөлек, Беларусь, Казақстан, Қырғызстан, Армения елдерінде де жұмыс істейді. Бұл компанияны 2003 жылы Татьяна Бакальчук деген кәсіпкер құрған. Қазіргі кезде Wildberries-те 340 000 кәсіпкер тіркелген екен.

– Wildberries-пен бизнес жасауға қалай келдіңіздер?

– Негізі жолдасым екеуіміз 2019 жылдан бастап осы саудада жүрміз. Ең бастапқы ісіміз ол Қытаймен бизнес болды, сол жақтан арзан тауарлар алып Қазақстанның түкпір-түкпіріне саттық. Оның да,  менің де өзіміздің жұмысымыз болды.  Бірақ «бір жалақыға қарап отырмайық» деп, жан-жақтан іздендік. Қытаймен сауда жақсы табыс әкелді, бірақ уақытты да көп талап етті. 1 жылдан кейін инстаграмның бәрі Wildberries, Kaspi деп шулай бастады. Wildberries-ге тіркеліп алдық. Ары қарай өзіміз іздене бастадық, бірақ әлеуметтік желіде ол туралы мүлде толыққанды ақпарат жоқ. Кімге? Қалай? Не істеу керек? Түк түсініксіз. Әйтеуір жолдасым екеуіміз тапсырыс түскеніне мәзбіз. Осы орайда ерекше айта кететінім. жолдасым көп ізденді. Жолдасымның ізденісінің арқасында осы істі бастап кеттік. Алғашқы тапсырыстарды жіберіп түсініп алдық. Қазір күніне аз дегенде 10 тапсырыс  түседі. Wildberries тауар түрі көп болса заказ да неғұрлым көп түседі.

– Бұл платформа OLX-қа ұқсай ма? 

– Иә, OLX-қа ұқсайды. Сондай-ақ,  Кaspi магазинге де ұқсайды. Тапқан тауарыңды дұрыстап суретке түсіріп, қосымшаға жүктейсің. Сосын оны жарнамалап қоясың. Жалпы студенттерге де, декретте отырған келіншектерге де  өте жақсы онлайн бизнес. Сабақтан, үй жұмысынан  бос уақытында тіркеліп, тауарды жарнамалап қойса болды. Халық қымбат бағаға сатып алады. Тапсырыс алғаннан кейін ол тауарды қоймаға апарып берсе, курьерлер өздері клиентке жеткізеді. Біз басында бұл бағдарламаға тегін тіркелген едік, кейіннен тіркелу құны 75 мың теңге деп естідік.

– Ол платформада тауарлардың бағасы қандай? Базармен салыстырғанда арзан ба әлде қымбат па?

– Бастапқы кезде  ыдыс  жиынтығын сатқанбыз. Біздегі бағасы 50 000 тұрады. Соны салдық,  Wildberries-те жеңілдік жасау керек. Сол ыдыс-аяқтың жиынтығы  115 000 теңге деп жазыппыз да, жеңілдігін(скидкасын) қоюды ұмытып кетіппіз. Соны Казан қаласынан бір кісі сатып алды. Базардың бағасына қарағанда қымбат. Бір тауардың үстіне 30 пайыз үстеме қосамыз. Бұдан шығатын қорытынды, тауар жақсы болса, клиент ақшасына қарамай сатып алады.

– Сонда сіздер бұл бизнестен айына қанша пайда табасыздар?

– Ол жағын жасырып қалайын. Істеймін деген адам миллионнан артық таба алады. Осы жолда бірге жүрген біраз адамды білеміз, айына кемінде 3 млн табыс тауып отыр. Күйеуіміз екеуіміз ғана табысымызды білеміз. Басқа адамдарға айтқымыз келмейді. Сондай ұстаным бар

– Басында қанша ақшамен бастадыңыздар?

– 50 мың теңгемен бастадық. Әрине оны бірнеше мәрте айналдырып алдық.

– Сонда бұл платформаға тіркелу керек па?

– Иа. Арнайы Wildberries-тің өз платформасы бар. Соған тіркелеміз. Мен күніне 1 сағат жұмыс істеймін сол платформада. Мен тек ип, документ, тауарларды жіберетін құжаттар жағына ғана жауап беремін. Ал күйеуім 3-4 сағатын арнайды. Wildberries-те  жұмыс істеген тиімді, үлкен, кәрі, жасқа қарамайды. Тек интернет пен ноутбук болса болғаны.

– Мәселен маған нәски керек болса мен сені қайдан табамын?

– Wildberries-ке кіресіз. Тауарларды көресіз. Тауарлардың түрі әдемі болуы керек. Мен апармаймын. оны апаратын тасымалдаушылар бар. Мен тек тапсырыс  қабылдап қоймаға  апарамын. Ары қарай тауарды сізге жеткізетіндер бар. Клиентті көрмейміз. Тауарды алған соң, ақшасын  сол жерде төлеп кетеді. Ол біздің карточкаға түседі.  Заңды жұмыс.  Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс істейсіз.

– Сонда бұл бизнестен не күтесіздер?

– Міне күні кеше қайтарымсыз грантқа осы Wildberries туралы бизнес жоспарымызды жібердік. Бұйырса осы саланы оқытып, нағыз нәтиже шығаратын табысты азаматтарды шығарамыз. Қойма ашып, фулфилментпен жұмыс жасаймыз. Грант беріле ме жоқ па білмедік, бірақ осы істі бастауға түбегейлі ұмтылып отырмыз.

– Қазіргі кезде алаяқтар өте көп. Бұл қаншалықты адал кәсіп? Сенуге бола ма?

– Расында қазір екінің бірі «Wildberries-тің курсын сатып ал да, байып шыға кел» деп,  жарнама жасап, курс сатады. Соңында сатып алған адам курстан түкте үйренбей, сан соғып қалады. Олардың бағасы 300 000 теңгеден жоғары. Біздің бір танысымыз болды, курс сатып алып, мына бизнеске тіркеле алмады. Біз сосын білгенімізді үйреттік. Күйеуім екеуміз көп іздендік. Себебі бұл платформа туралы ақпарат ешқай жерде жоқ. Енді ғана курс сатып платформада онлайн сауда жасауды үйретіп жатқандардың саны артты. Ал біз ертерек үйреніп алып, саудамызды бастап кеттік.

– Сонымен осы онлайн бизнестен көлік немесе мүлік ала алдыңыздар ма? Қысқаша айтқанда баюға бола ма екен?

– Біз бұл бизнеспен айналысқанымызға көп болған жоқ. Бұл біздің қосымша табысымыз. Негізгі күйеуіміз екеуіміз жұмыс істеп тапқан ақшамызға көлік алғанбыз. Әке –шешемізбен бірігіп алған ортақ үйіміз бар.  Бизнестен тапқан пайдамызды балаларымыздың болашағына жұмсағымыз келеді. Бизнесті бастаудан қорықпау керек. Ұнамаса, келіспесе тастап кету қашан да оңай.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сондай-ақ оқыңыз